Ақтөбе облысы «сары» аймаққа қайта оралды. Бүгін облыстық бас санитариялық дәрігерінің жаңа қаулысы шықты. Қаулыға сәйкес әлі де білім беру мекемелеріндегі асхана жұмысына тыйым салынған.
Сондай-ақ ұжымдық ауызашар өткізуге болмайды. «ASHYQ» жобасы енгізілген болса боулинг, компьютерлік клубтар, оның ішінде PlayStation клубтары, бильярд, караоке өз клиенттерін қабылдай алады. Ал балалардың ойын-сауық орталықтары, түнгі және ойын клубтары, кальян, букмекер кеңселер мен лото-клубтардың ашылуына әлі де рұқсат жоқ. Адамдар көп жиналатын конференциялар, форумдар, ойын-сауық, сондай-ақ отбасылық, салтанатты, естелік және басқа да іс-шараларды өткізуге болмайды.
«Контингенті 300 оқушыға шақталған қалалық және ауылдық мектептер жұмысын бастайды. Мұнда әр сыныптағы бала саны 25-тен аспауы тиіс. Сонымен бірге жалпы білім беретін мектептерде барлық сынып оқушылары аралас форматта білім алады. Мұнда да бала саны 25-тен аспауы тиіс. Пәндердің 70 пайызын мектепте оқиды. Білім беру мекемесі әкімшілігінің шешімі бойынша сабақтан тыс уақытта бала санын 15-тен асырмай жеке оқыту ұйымдастыруға рұқсат. Арнайы, мамандандырылған ұйымдар, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған арнайы мектеп-интернаттар, жалпы типтегі мектеп-интернаттар және дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттар, орта және жоғары оқу орындарының I курс студенттері үшін штаттық оқытуға рұқсат беріледі», деп хабарлады Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті.