Қоғам • 06 Мамыр, 2021

Қазақстанда ІІ дүниежүзілік соғысқа қатысқан 665 ардагер тұрады

240 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда ҰОС жеңісіне үлес қосқан 665 ҰОС қатысушылары мен мүгедектері және 113,5 мың басқа санаттағы азаматтар тұрады. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов осындай деректерді келтірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанда ІІ дүниежүзілік соғысқа қатысқан 665 ардагер тұрады

Атап айтқанда Қоршаудағы Ленинград тұрғындары, концлагерлердің бұрынғы кәмелетке толмаған тұтқындары, ҰОС қайтыс болған мүгедектердің әйелдері (күйеулері), соғыс уақытында қаза тапқан жесірлер, тыл еңбеккерлері және ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген басқа да адамдар.

«Еліміздің тәуелсіздігінің барлық 30 жылы ішінде ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне қамқорлық көрсету, олардың өмір сүру сапасын арттыру – мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты басымдықтарының бірі. Қарт адамдарды әлеуметтік қорғау шаралары орталық және жергілікті деңгейлерде жүзеге асырылады. Жыл сайын зейнетақы және өзге де әлеуметтік төлемдер көлемі ұлғаюда. 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақы 5%-ға және ынтымақты зейнетақы 7%-ға, әлеуметтік төлемдер 5%-ға арттырылды. Қабылданып жатқан шаралар халықаралық практикада қолданылып жүрген жоғалтылған табысты алмастыру стандартын (40%) арттыруға мүмкіндік берді, ол Қазақстанда базалық және ортақ зейнетақы төлемдері есебінен 49,9%-ды құрайды»,  деп мәлімдеді Ерлан Әукенов.

Сондай-ақ ол өзге әлеуметтік төлемдерге қарамастан, азаматтардың 20 санаты арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алатынын жеткізді. Зейнетақыны қоса есептегенде, әлеуметтік төлемдердің орташа жиынтық мөлшері:

– ҰОС қатысушылары үшін – 182 851 теңгені;

– ҰОС мүгедектері үшін – 188 051 теңге;

– басқа мемлекеттер аумағындағы соғыс ардагерлеріне (Ауғанстанда, Вьетнамда, Алжирде, Мысырда, Иракта және т. б.) – 198 801 теңге;

– ҰОС қатысушыларына теңестірілген адамдар үшін – 154 638 теңге;

– ҰОС мүгедектеріне теңестірілген адамдар үшін-119 562 теңге;

– ҰОС жылдарындағы тыл еңбеккерлеріне - 120 112 теңгені құрайды.