Жеңіс – 65
Алла тағала бұл майдангердің маңдайына аты-жөні ел-жұртқа белгілі, ғибраты мол қаһармандармен бірге болуды жазыпты. Шүу дегенде Рақымжан Қошқарбаевпен Бішкектегі әскери училищеде оқыған. Достықтарына сұм соғыс та сызат түсірмепті.
Жеңіс туын тігіп, аттары аңызға айналған М.Егоров пен М.Кантарияға қарша бораған оқтан жол ашқаны өз алдына бір хикая. Сол қанды қасапқа тікелей қатысып, басшылық жасаған полк командирі Федор Матвеевич Зинченко өзінің “Рейхстаг шабуылының қаһармандары” деген кітабында біздің кейіпкеріміз туралы:
“Донбастық пулеметші Николай Лаврентьевич Терещенко, гомельдік жауынгер Иван Купрянович Савченко, өзбекстандық Абдулла Агашев және жамбылдық кіші лейтенант Әсет Кемпіреков, молдавиялық жауынгер Марк Дмитревич Оат, армениялық Вачик Давидян – бәрі бауыр әрі дос еді. Олар жауынгерлер М.Егоров пен М.Кантария тіккен Жеңіс туына жол салды. Ауыр жараланғанына қарамастан, кіші лейтенанттар, взвод командирлері Қабдолла Құскенов пен Әсет Кемпіреков майдан алаңынан кетпей, жеңіс үшін шайқасты”, деп ерекше толғанады.
Ф.М.Зинченконың бұл кітабы Мәскеудің әскери баспасынан 1983 жылы жарық көріпті.
Әсет ағаның қарапайымдылығы сол, “соғыс кезінде мен өйтіп ем, мен бүйтіп ем” деп кеуде қаққанды суқаны сүймейді. “Атақ бер” деп те “айқайламаған”, әскери комиссариаттағылар мен атқарушы биліктің есіктерін де қақпаған. Облыс, аудан орталығынан жайлы пәтер алуға да әрекет жасамаған. Жамбыл ауданындағы Қаракемер ауылында әуелі ұстаздық қызмет атқарып, кейін мектепке басшы болған. Оқу ісінің үздігі атанған. Сол абыроймен зейнет демалысына шыққан. Қазір жасы – сексеннің сегізінде.
Қартқа сәлем беру – парыз. Қаракемерге барып, әңгімелесе бастағанымда үстімізге аудан әкімі Махамбет Дүйсембаев пен облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарлама басқармасының бастығы Қаржаубай Бекболатов және облыстық денсаулық сақтау саласының қызметкері Тілеухан Шілдебаев келіп кірді.
Менің келісімнің сыры белгілі – Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында Рейхстаг шабуылының мәлім де беймәлім қаһарманы жайлы бір ауыз сөз айтпау күнә. Ал мына қолында азды-көпті билігі бар шенеуніктердікі не? Сөйтсек әңгіме төркіні былай екен. Облыс әкімі Қанат Бозымбаевтың тапсырмасымен қарт жауынгерге Тараз қаласынан газы, суы бар пәтер бермекші екен-дағы, соның жай-жапсарын ардагер ағамен ақылдасуға келіпті. Одан кейін Астанада болатын Жеңіс шеруіне қатысуға денсаулығы жарай ма, жоқ па – соны білмек.
Мәскеудегі шеру Әсекеңе таңсық емес. Жеңістің 40 жылдығында ма, әлде одан кейін бе, бір барып, көріп келген. Барғаны дұрыс болған екен, қызық оқиғаға куә болды. Баяғы майдандастар М.Егоров, М.Кантария, Р.Қошқарбаев бәрі әскери шеруді көруге дайындалып қаз-қатар тұрмай ма. Дивизия туы – М.Кантарияның қолында.
– Алқын-жұлқын мінезі бар Рақымжан бір кезде барды да “Ту ұстауды сендердің маңдайларыңа жазып қойып па осы?!.” деп М.Кантарияның қолындағы туды жұлып алып, менің қасыма келіп тұрды дейді, – Әсет аға. – Рақаңның әрекетін дивизия командирі, майдан уақытында генарал-полковник болған Шатилов пен Кантария қалжың ретінде түсіністікпен қабылдады. Ол 150-дивизияның туын содан шеру біткенше ешкімге бермей ұстап тұрды.
Мақтанғаннан гөрі майдандастары туралы сыр шерткенді тәуір көретін Әсекең осылай деген. Әйтпесе, ол Бірінші Белорус майданының құрамында соғысқа қатысты. Польшаны азат етуге атсалысты. Взводымен Одер өзенінен өтіп, ұрысты одан ары өрістетуге майдан алаңын дайындады. Померания-Шнейдемюль операциясының сапында болып, взводымен алғы шепте жүрді. Берлин бекінісін талқандауға және басып алуға қатысып, Жоғарғы Бас қолбасшы И.В.Сталиннің 339-нөмірлі алғыс хатына ие болды. 1945 жылдың 26-30 сәуірі аралығында өз взводымен Рейхстаг шабуылына қатысты. Оның взводы фашистердің ұясын оқпен атқылап, Егоров пен Кантарияға жол ашты.
Рейхстаг шабуылы туралы әңгімесін Әсет аға былайша баяндаған.
– Полк командирі Ф.Зинченко “Рейхстагқа ту тігу құрметіне ие болдық. Лейтенант Кемпіреков, взводыңмен Жеңіс туына жолды ашасың!” деп бұйырды. Командирдің бұйрығы талқылауға жатпайды.
Рейхстаг – жаудың соңғы ордасы. Оңайлықпен берілмей жатқандары сондықтан. “Е-е, не көрмеді Әсекең”.
27 сәуір күні басынан оқ тиді. Темір сауыт касканың сыртынан тиген оқ есінен тандырғанымен, жарақаты ауыр емес екен. Әсет Кемпірековке тағы бұйрық берілді. Бұл жолы ол Сьяновтың автоматшыларымен, Ақшиевтің пулеметшілерімен бірге Рейхстагтың жоғарғы қабаттарына жол ашпақ. Нағыз тозақ осы жерде. Қарақұрттың ұясындай қарауытқан ғимаратқа бекініп алған жау берілер емес. Өл, тіріл – М.Егоров пен М.Кантарияны оққа ұшырмай, отқа жандырмай, Рейхстагтың ұшар басына көтерілуіне барлық жағдайды жасау керек. Сөйтіп, олар бүкіл халық төрт жыл армандаған Жеңіс туын тігуі керек.
Әсет бұрын ойлайтын, жау апанына кім бұрын жетсе, сол ту тігеді және сол жауынгер ғана ел аузындағы батыр атанады деп. Сөйтсе, мұнда да қағаз, мұнда да қаулы-қарар дегендей, арнайы бұйрық болады екен. Туды кім тігеді, олар қай ұлттан болады деген саясат та бірінші орында. Әйтпесе, сәуірдің соңғы күндері Рейхстагтың ана жер, мына жерінде сандаған қызыл жалаулар желбіреп тұрды. Соның біреуін жан досы Рақымжан Қошқарбаев тіккен болатын. Бірақ Жоғарғы Бас қолбасшының бұйрығымен нөмірленген ту, тізімделген жауынгер болмаса, басқасы есепке алынбады.
Сонымен Жеңіс туы тігілді. М.Егоров пен М.Кантарияның даңқы жайылды. Батыр атанды. Бұл бастан тиген оқтың салдарынан госпитальға түсті. І-дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталыпты. Командирі Зинченконың рациямен: “Рейхстагқа бірінші жеткен жауынгерлердің бәріне Батыр атағы беріледі” деген сөзі айдалада қалды. Өзін қойшы, Кеңес Одағының Батыры деген атақ Рақымжанға да бұйырмады.
Абырой болғанда, ел тәуелсіздік алғаннан кейін Рақымжанға Елбасы Н. Назарбаев “Халық Қаһарманы” атағын берді.
* * *
Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев күні кеше ғана ардагердің үйіне барып, өңіріне мерекелік медаль қадап, Тараз қаласындағы жайлы пәтердің кілтін тапсырды.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Қаракемер ауылы.
Суретте: Жеңіс туына жол салған батыр қазақтың бірі Әсет Кемпіреков пен Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев.