Руханият • 07 Мамыр, 2021

Егемен елдің сарбазы болу – зор міндет әрі жауапкершілік

618 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қорғаныс министрлігінің 29011 әскери бөлімі – Каспий теңізінің қазақстандық секторында Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын, аумақтық тұтастығы мен егемендігін, экономикалық мүдделерін қорғауды міндетіне алған маңызды құрылым.

Егемен елдің сарбазы болу – зор міндет әрі жауапкершілік

Ал елімізге Каспий теңізінің ең ұзын теңіз жағалауы тиесілі. Осы ерекше мәнге ие аумақты жат көзден, арам ниеттілерден қорғау, беріктігімізге қол сұқтырмау, сол арқылы әскери теңіз күштерінің айбынын асыру – міне, біздің басты мақсатымыз осы. Қазіргі уақытта осы әскери бөлімде жас сарбаздарды әскери іске, отансүйгіштікке баулып, әскери техника мен қару-жарақты қолдануды үйретіп келемін.

Мен – тәуелсіздіктің құрдасымын. Сондықтан да болар, бала кезімнен Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің қаһармандығы мен қайраткерлігін өзіме үлгі тұтып ержеттім. Батыс Қазақстан облысының Жалпақтал ауылында туып-өстім. Ата-анамның сенім артқан сүйеніштері, артымнан ерген қос қарындасымның арқа тұтар ағасы, жан жарым мен қызымның қорғанымын. Ал әскери өмірде ел қорғаны болар жас сарбаздарға, жан-жағыма сөзіммен де, ісіммен де үлгі болар нағыз командир атану – басты міндетім. Себебі командир болу – үлкен жауапкершілік. Сапқа енді қосылған сарбазға жөн сілтеп, жол бастау үшін де бойыңда  тегеурін болуы керек.

Егемен елдің жауынгері болу – ата-бабамыздың ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен сақтап, ұрпағына аманат еткен ұлан-ғайыр жеріміздің,  киелі тәуелсіздігіміздің қорғаны болу деген сөз. Ал біздің еншімізге осы асыл мұраны көзіміздің қарашығындай сақтау, дамыту мен нығайтудың үлкен жауапкершілігі бұйырды. Ол үшін қатарға тұрып, сап құрған, ел-жұртының алдында Отанға адал қызмет етуге ант берген әрбір сарбаз өз елінің нағыз патриоты болуы керек. Әрқашан ізденіп, біліміңді толықтыру, өз-өзіңді дамытып, қандай салада қызмет етсең де өз қатарыңның үздігі болуға тырысу қажет. Қазір бізге керегі қара басыңның емес, қалың еліңнің қамын ойлау, жұртыңа жұды­рықтай болса да пайда алып келу болып тұр.

Ел тәуелсіздігінің 30 жылында Қазақстан әскерінің әлеуеті айтарлықтай өсті. Қазақстан армиясының айбыны асқақтап, абыройы жылдан-жылға артып келеді.

Ендігі тілек – еліміздің тыныштығы мен жұртымыздың амандығы ғана. Дүние жүзін дүр­лік­тірген мына індеттен аман-есен шығып, бұрынғы мамыражай қалыпты өмірімізге тезірек оралайық деп тілеймін. Қазақ елінің көк аспанын бұлт торламасын!

 

Қуанышбек ЖАМАНҒАРИН,

29011-әскери бөлімі штаб батальоны коменданттық ротасының командирі