Парламент • 07 Мамыр, 2021

Өзекті мәселелерге назар аударылды

292 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сенат депутаттарының аймақтарға жұмыс сапары жалғасуда. Олар өңірлердегі әлеуметтік мәселелерге және жергілікті тұрғындардың ұсыныс-пікірлеріне назар аударуда.

Өзекті мәселелерге назар аударылды

Сенаторлар – Әбдәлі Нұралиев пен Бекболат Орынбеков Жамбыл облысына сапары кезінде Қордай ауданының тұрғындарымен кездесіп, ауыл тұрғындарымен өңірдегі проблемаларды талқылады. Гвардейск кентіндегі Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының базасында өткен жергілікті активпен кездесуде сенаторлар пандемия кезінде орталық қызметкерлерінің қызметіне ерекше мән берілгенін атап өтті. Депутаттар сонымен қатар Кенен Әзірбаевтың әдеби-мемориалдық мұражайында болды. Онда өткен жылы күрделі жөндеу жүргізілген болатын.

* * *

Сенаторлар Әли Бектаев пен Әлімжан Құртаев Түркістан облысына сапары барысында мәслихат депутаттарымен және Шардара, Жетісай және Мақтаарал аудандарының активімен онлайн-кездесу өткізді. Әли Бектаевтың айтуынша, еліміз Президентінің жаңғырту жөніндегі күн тәртібін іске асыру сенаторлар жұмысының негізгі басымдықтары болды. Кездесуде мәслихат депутаттары әлі де өз шешімін талап ететін мәселелерді көтеріп, бірқатар ұсыныс айтты. Олардың қатарында облыстың Шардара және Жетісай аудандарында фермерлерді отынмен және тыңайтқыштармен дер кезінде қамтамасыз ету, сондай-ақ сапалы медициналық қызмет көрсету мәселесі бар.

* * *

Сенат депутаттары – Нұржан Нұрсипатов пен Алтынбек Нұхұлы Пав­лодар облысына жасаған сапары аясында өңір басшысы Әбілқайыр Сқа­қов­пен эпидемиялық жағдай және дағдарысқа қарсы қабылданып жатқан шаралар­ды талқылады. Депутаттар өңірге жұмыс сапары барысында об­лыс­тың ұлт­тық қауіпсіздік, құқық қорғау және сот органдары қызметкер­лері­мен кездесті.

Нұржан Нұрсипатов Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын күзету және ұлттық қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға тоқталды. Ол сондай-ақ құжат ұлттық қауіпсіздік органдарының басқару қызметін оңтайландыруға мүмкіндік бергенін айтты. ҰҚК Шекара қызметінің өкілдері де осы заңның қабылдануының оң әсерін атап өтті.

* * *

Сенат депутаты Дүйсенғазы Мусин Шығыс Қазақстан облысында ауыл тұрғындарымен кездесу кезінде шағын және орта бизнесті қолдау, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселелері кеңінен талқыланды. Нақты айтқанда, Глуховка ауылының шаруалары мен сала мамандары несиелендіруді жеңілдету және ветеринарлық секторды дамытудың перспективалары жөнінде өздерін алаңдатқан түйткілдерге тоқталды. Сенатор өңірдегі өзекті мәселелердің бірі коронавирусқа қарсы екпе салдыру жұмысына да ерекше назар аударды. Соның аясында Дүйсенғазы Мусин жергілікті емхананың жұмысымен танысты. Сонымен қатар ол Бесқарағай ауылындағы колледжге арнайы барды. Оқу орнының материалдық-техникалық базасымен танысып, колледж басшылығымен және оқытушыларымен бірге агроөнеркәсіптік кешен саласына қажетті маман даярлау мәселесін талқылады.

* * *

Сенатор Владимир Волков Алматы облысының Қарасай ауданында болды. Ол аудандық мәслихат депутаттарымен кездесіп, Сенаттың заң шығару қызметіне, атап айтқанда, Парламентте қаралып жатқан «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне аудандық, қалалық және ауылдық билік деңгейлерінің дербестігі мен жауапкершілігін кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына тоқталды, онда жергілікті билік органдарына қосымша функциялар беру, бюджеттік рәсімдерді оңайлату, мәслихаттардың тиімділігін арттыру және т. б. мәселелер көзделіп отыр. В.Волков мәслихат депутаттарын заң шығару процесіне белсенді қатысуға және өңірдің өзекті мәселелерін шешу үшін Парламентпен өзара іс-қимыл жасауға шақырды.