Руханият • 07 Мамыр, 2021

Қадір түнінің қасиеті

2103 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қасиетті Рамазан айында күллі мұсылман баласына парыз болған Ораза құлшылығының ішінде мың айдан да қадірлі «Қадір түні» бар. Бұл күн биыл мамырдың 8-інен 9-ына қараған түнге сәйкес келуде.

Қадір түнінің қасиеті

Алла тағала Қадір түнінің дәрежесін көтерген. Өйткені бұл түнде тілеген дұға-тілектер қабыл болады. Раббымыз пендесіне басқа түндерде бермеген ризық-несібесін осы түнде үлестіреді. Сол себепті, мұсылман қауымы бұл құлшылықты құр жіберіп алмауға тырысады.

Жалпы, Қадір түнінің қасиеті қандай, дегенге тоқталсақ: біріншіден бұл түнде пайғамбарымызға (с.ғ.с) алғашқы Құран аяты түскен. Қасиетті кітаптың «Қа­дір» сүресінің 1-аятында: «Расында, Біз оны (Құран Кәрімді) Қадір түні түсір­дік» дейді.

Екінші қасиеті – бұл түнді құлшылықпен өткізген пенденің Жаратушысы алдында дәрежесі артады, тілеген дұғасы қабыл болады. Бұл туралы үлкен ғұлама Жазайири: «Қадір түні – сөзсіз ең жақсы түн! Алла тағала оны берекелі етті. Ол түні Құранды түсіріп, басқа түндерден ерекшеледі. Сон­дай-ақ осы түнді құлшылықпен өткізген адамға сексен үш жыл ғибадат еткеннің сауабы жазылады», деген екен.

Үшінші қасиеті – бұл түні адамның тағдыры бекітіледі. Бұл туралы ғұлама ғалым Мужаһит: «Қадір түні – тағдыр түні. Алла тағала бұл түні келесі жылғы осы түнге дейін кімнің ажалы жететінін, кімге қанша ризық-несібе бөлінетінін, т.б. үкім­дерді белгілейді», деген екен.

Төртінші қасиеті – бұл түнде азғырушы әзәзіл тұсауланады. Бұл үкім жайлы үлкен сахаба ибн Аббастың: «Бұл – амандық, есендік, тыныштық түні. Бұл түні шайтандар адамдарға тыныштық береді. Олар адамдарға жақындамайды, азғырып, тура жолдан тайдыра алмайды», деген үкімі бар.

Бесінші қасиеті – күнәлар кешіріледі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кімде-кім осы түнде Аллаға иман келтіріп, сауабынан үміттеніп, құлшылық ететін болса, Алла тағала оның бұрынғы істеген барлық күнәсын, кемшіліктерін, қателіктерін кешіреді», деген.

Келесі сұрақ: «Қадір түнін қалай өткіз­ген дұрыс?» дегенге тоқталсақ, ислам ғұламалары бірауыздан төмендегі үкімдерді дұрыс деп тапқан. Ең әуелі, бұл түнде Алла ризашылығы үшін ғи­бадат жасап, Құран немесе намаз оқып, құлшылық сезімдерімізді арттыруымыз керек екен. Одан кейін қадірлі пайғамбарымызға (с.ғ.с) салауат айтып, оның шапағатына үміт етумен қатар, үмбеті екенімізді сезініп, Алла елшісінің хадистеріне амал еткен дұрыс деген пайым бар. Сонымен қатар адамды ізгілікке бастайтын уағыз-насихат тыңдап, сұхбаттар құрып, күнделікті күйбең тір­шілік барысында жүрекке түскен кір­біңді жуып-шайып, көңілге ұялаған көмескіліктен арылуға тиістіміз.

Сөз соңында айтарымыз, Қадір түнінің құрметіне Раббымыздан еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын деп тілеуіміз керек. Сондай-ақ Қадір түні жасаған дұғалар жақсылыққа мұрындық болуын, достық пен бауырмашылдықты арттырып, Ислам әлемінің біртұтастығын және күллі адамзатты апаттардан сақта деп тілеуіміз шарт екен. Мың айдан да қайырлы Қадір түнінде тілеген тілектеріміз бен құл­шы­лықтарымызды Алла тағала қабыл еткей!