Спорт • 07 Мамыр, 2021

Қазанда күш сынасуда

282 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл күндері Ресейдің Қазан қаласында дзюдодан Grand Slam турнирі өтуде, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазанда күш сынасуда

Татарстанға Қазақстаннан 18 балуан аттанса, солардың жетеуі алғашқы күні татамиге шықты.

Жарыстың алғашқы күні қоржынымызға екі қола медаль түсті. Оның иегерлері Дәурен Сүйеукенов пен Есет Қуанов. Аса жеңіл салмақта белдескен Дәурен израильдік Матан Коклоев, бразилиялық Эрик Такабатаке, ресейлік Аюб Блиевті ұтқанымен, жартылай финалда Ресейдің тағы бір өкілі, әлем чемпионатының күміс жүлдегері, екі дүркін Еуропа чемпионы Роберт Мшвидобадзеге есе жіберді. Қола медаль үшін тартыста қандасымыз чехиялық Давид Пулкрабекке тізе бүктірді. 66 кило салмақта күш сынасқан Есет қырғызстандық Артур Те, тәжікстандық Алижон Сафаралиев, ресейлік Якуб Шамиловқа шаң қаптырғанымен, шешіші тұста Қап тауының қыраны Абдула Абдулжалиловқа жол берді. Үшінші орын үшін бәсекеде қазақ дзюдошысы грузиялық Баграти Нинашвилиден айласын асырды.

Өкінішке қарай, Бауыржан Нарбаев (60 кило), Ерлан Серікжанов (66 кило), Ақмарал Науатбек (48 кило), Абиба Әбужақынова (48 кило) және Севара Нишанбаева (57 кило) алғашқы айналымдарда сүрінді.