Футбол • 10 Мамыр, 2021

«Астананы» қай клуб тоқтатады?

147 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Футболдан Қазақстан чемпионатының екі күнге жалғасқан кезекті тур ойындары өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Egemen.kz

«Астананы» қай клуб тоқтатады?

Оныншы турдағы жеті кездесудің бесеуінде жеңімпаз команда анықталса, қалған екі матчта командалардың күштері тең болды.

Турдың орталық ойыны Жам­былда жергілікті «Тараз» бен тур­нир кестесінде жеке-дара көш бас­тап келе жатқан елорданың «Ас­тана» клубтары арасында өтті. Жыл басында аутсайдерлер қа­тарында болады деп күтілген «Тараз» чемпионаттың жеті турында төрт мәрте жеңіске жетіп, екі ойында қарсыластарымен ұпай бөлісіп, жүлдеге үмітті клубтар қатарынан бір-ақ шықты. Өткен турда «Тобылдан» жеңілген соң алаң қожайындары бұл жолы «Астанадан» ұпай алуға тырысқан болатын. Алайда 10 турдан бері қарсылас шыдатпай келе жатқан елордалық ұжым «Таразды» да тізе бүктірді. Ойындағы жалғыз әрі жеңісті голды матчтың 34 минутында Абзал Бейсебеков соқты. Осы 10 турда 13 команда кемінде бір мәрте жеңілістің кер­мек дәмін татса, әзірге тек «Ас­тана» ғана жеңілістің не екенін білмей келе жатыр. Елордалық клубты енді қай команда тоқтата алады екен?

Чемпионатта бірінші болып бапкер ауыстырған «Шахтер» жаңа жаттықтырушымен жақсы нәтижеге қол жеткізе бастады. Мәселен, осы турда Алматыға сапар шеккен «кеншілер» былтырғы ел чемпионы «Қайраттан» ұпай алды. Бірінші таймда ко­ман­далардың күші тең болды. Ал екінші таймда алаңға тыңнан қо­сылған шабуылшы Артур Шу­шеначев 51 минутта гол соғып, «Қайратты» есепте алға шығарды. Таблодағы көрсеткіш 90 минутқа дейін өзгеріссіз қалып, ойын «Қайраттың» жеңісімен аяқталуға жақын тұрған еді. Бірақ төреші тарапынан екінші таймға қосылған төрт минуттың соңғы минутында «Шахтердің» қақпашысы Ти­мурбек Закиров 90 минут бойы шабуылшылар соға алмаған голды өзі салып, командасын жеңілістен құтқарып қалды.

Турнир кестесінде соңғы орындарда келе жатқан «Тұран­нан» 1:0 есебімен масқара болып жеңілген «Ордабасы» бұл жолы әрең дегенде сырт алаңда «Каспиймен» тең ойнады. Екі командаға да жанкүйерлерін қуанту үшін жеңіске жету өте маңызды болатын. Өйткені «Кас­пий» де өткен турда «Атыраудан» 2:1 нәтижесімен жеңілген еді. Бірақ екі ұжым да 90 минут бойы бір-бірінің осал тұсын таба алмады. Кездесу 0:0 есебімен тең аяқ­талды.
Оралдың «Ақжайық» клубын қабылдаған «Қайсар» Қы­зылордада 1:0 есебімен қарсы­ластарына жол берді. Матчтың ше­шуші голын 76 минутта ресейлік шабуылшы Дмитрий Мичуренков соқты. Екінші матч қатарынан үш ұпайға қол жеткізген «Ақжайық» 15 ұпаймен сегізінші орыннан бесінші орынға көтерілді. Ал төрт ойында үшінші мәрте жеңілген қызылордалық команда алты ұпай­мен 13-орынға сырғыды.

Келесі күні алғашқы болып жасыл алаңға «Жетісу» мен «Ақ­төбе» шықты. Бұл кездесу 10-турдағы статистикаға бай ойын­­ның бірі болды деп ай­та аламыз. Яғни оныншы турдағы ең көп гол да, ең көп «сары» және «қызыл» қағаз да осы ойында көр­сетілді.

Талдықорғандағы ала доп бәсекесінде алты гол соғылып, төреші екі ойыншыны алаңнан қуса, 9 футболшыға «сары» қағаз көрсетті. Аса шиеленісті өткен ойында «Ақтөбе» өзбекстандық ша­буылшы Игорь Сергеевтің хет-тригі және Юрий Перцух пен Боян Дубайичтің соққан бір-бір голдарының арқасында 5:1 есебімен «Жетісудың» тас-тал­қанын шығарды. Бұл – «Ақтөбенің» кейінгі бес матчтағы алғашқы жеңісі. Айтпақшы, «Ақтөбе» қа­та­рынан төрт ойында жеңілген соң бұрынғы бас бапкері Алексей Ба­ганы отставкаға жіберген болатын.

Қостанайда «Тобыл» мен «Аты­рау» шеберлік байқасты. Бұл матч­та екі клуб ойыншылары 80 минут бойы бір-бірінің қақпа кіл­тін таба алмай, біраз әбігерге түс­ті. Бірақ матч аяқталғанға дейін «Тобыл Аренаға» жиналған жан­күйерлер бір емес, екі голдың куәсі болды. «Тобыл» сапынан екінші таймда алаңға шыққан Серікжан Мужиков 80 минутта қостанайлықтарды есепте алға жетелесе, қосымша уақытта Жереми Ман­зорро осы маусымдағы ал­ғашқы голын соғып, командасына жеңіс сыйлады. Биылғы Су­перкубок иелері маңызды үш ұпайға қол жеткізіп қана қой­май, «Атыраудың» бес ойынға жал­ғасқан жеңіліссіз серия­сына нүкте қойды.
Қазақстан чемпионатына биыл ғана қосылған Түркістан об­лысының «Тұран» клубы екінші тур қатарынан сенсация жасап ке­леді. Өткен турда жүлделі орындардан үмітті «Ордабасы» командасын сырт алаңда 1:0 есебімен тізе бүк­тірсе, бұл турда Петропавлдың «Қызылжар» ұжымынан дәл сондай есеппен айласын асырып кетті. Ойындағы жалғыз әрі жеңісті голды пенальтиден Стефан Живкович соқты.
14 және 15 мамыр күндері өтетін 11-турда «Ақтөбе» – «Қай­сар», «Астана» – «Жетісу», «Шахтер» – «Тұран», «Ақжайық» – «Қай­рат», «Ордабасы» – «Тобыл», «Қызылжар» – «Каспий» және «Атырау» – «Тараз» командалары кездеседі.