Жалпы, қала маңындағы жер дауының өршуіне тұрғын үй құрылысын жүргізуге қажетті жер телімдерінің тапшылығы себеп болса, ауылдардағы жағдайдың күрделенуі жайылымдық жердің жетіспеушілігінен туындап отыр екен.
Алдымен ауылдағы ағайынның жерге қатысты мұңына құлақ түріп көрелік. Өйткені аграрлық ел санатындағы Қазақстан үшін ауыл шаруашылығының дамуы алдыңғы орында тұруы тиіс. Ал бұл саладағы өнеркәсіптің өркендеуі мен өнім өндірудің дамуы үшін шикізат қорын дайындайтын аумақтың адымы да қуатты болуы шарт. Демек астық егіп, өнім жинайтын шаруа үшін жер телімдері жұмыс орны ғана емес, тіршілік етудің басты нысаны мен құралы екені анық. Мал шаруашылығы үшін де жайылымдық алқап пен жем-шөп өсіретін танаптардың қадірін шопан мен диқаннан артық білетін адам жоқ шығар.
Яғни осы екі бағыттағы жер иеленушілікке қатысты даудың жиі қайталана беретіні түсінікті. Негізі, бұл даудың туындауына еліміздегі жер игеруге қатысты мәселені реттейтін заң тетігінің дұрыс жұмыс істемей келуі жол беріп отыр деуге болады. Екінші жағынан алғанда, жерге иелік етушілердің қатарында агросалаға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, жер телімдерін тек қана коммерциялық мақсатта жалға алып немесе жекешелендіріп үлгерген делдал топтардың көбеюі де нақты іс басындағы шаруа адамының берекесін кетіріп жатыр. Әсіресе ауыл маңындағы жер алқаптарының жеке иелікке өтіп кетуі тұрғындардың мал жайылымы мен басқа да тіршілікке қажетті қолданыс үшін тұтынатын аумақты тарылтып отырғаны айқын сезіле бастады.
Сондай-ақ жер дауының астарында аса ірі көлемде алқаптарды жалға алған немесе жекешелендіріп үлгерген аз ғана шоғырдың ол жерлерді мақсатына қарай игермеуі де жатқаны анық. Мәселен, қазіргі заңнама бойынша тиісті мақсатқа берілген алқаптардың көп бөлігін қурай басып, жер бос жатыр екен. Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегіне сәйкес қазір жайылымдық жердің 38 пайызы ғана игеріліп отырған көрінеді. Яғни 29 млн гектар жер ғана заңда көрсетілген мақсатта кәдеге жараған. Ал еліміздегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер айналымының көлемі 75,6 млн гектарға тең болса, оның 71,9 млн гектары мемлекеттің жер қорына тиесілі және 20,8 млн гектары – ауыл маңындағы алқаптар. Өкінішке қарай, осы жайылымдық жердің өзі іске аспай жатқаны қынжылтады. Өйткені жайылымды жалға алған көптеген шаруа қожалығы оны игеруге құлықсыз, әлде мүмкіндігі жоқ. Ал жер пайдалануды реттейтін заң талабына сәйкес қазір мұндай бос жатқан аумақтардың иелері екі жыл мерзімнен кейін сотқа тартылып, олардың иелігінде жерді мемлекет меншігіне қайтарып алу шарасы жасалады екен. Дерек бойынша, 2019 жылы 1,1 млн гектар жер қайтарылса, былтыр 2,6 млн гектар алқап мемлекет меншігіне өткен.
Жалпы, жер дауы жиі естілетін аймақтың бірі – Жетісу өлкесі. Бұл туралы биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткізген арнайы жиында да өткір мәселе көтерілген. Оған себеп те жоқ емес. Дерекке сүйенсек, қазір Алматы облысында 43 мың гектар жайылым жердің мәселесі нақты шешілмей отыр. Ал ресми дерек бойынша облыстың жер қоры 22 млн 357 мың гектарды құрайды. Оның ішінде жайылым көлемі 13 млн 702 мың гектар шамасында. Айтпақшы, аймақтағы жер дауының жиілеуіне қатысты атқарушы биліктің өз уәжі бар. Мысалы, тұрғындардың жартысынан астамы ауылдық жерді мекендейтін облыста ауыл шаруашылығының дамуы жаңа қарқынды кезеңге көшкен көрінеді. Оның әсері мал басының көбеюі мен егіс алқаптарының ұлғаюына әкелуде. Шаруа қожалықтары мен жеке тұрғындардың қолындағы төрт түліктің басы өскен сайын, жайылым мәселесі туындайтыны белгілі. Егістік көлемінің артуы да тиісті танаптар үлесін ұлғайтуды қажет ететеді. Демек Жетісуда әлі де жер дауына қатысты мәселе жиі бой көрсететін сияқты. Бұл жайында облыс басшысы Амандық Баталов журналистерге берген сұхбаттарында жиі айтып келеді. Әкім аймақтағы жер телімдерін мақсатты пайдалануға, жайылымдық, егістік алқаптарды жүйелеуге, ирригациялық жүйелерді қалыпқа келтіруге қатысты жұмыстарды аяқтау үшін қандай да болсын тәуекелге дайын екенін жиі айтады.
– Біз ауыл шаруашылығы алқаптарына аудит жүргізу және цифрландыру ісін сапалы және өз уақытында аяқтадық. Бұл бізге су ресурстарын, сумен қамту инфрақұрылымдарын, ирригациялық жүйелерді түгендеп, оларды жөндеуге, қайта жаңғыртуға, құрылысын жүргізуге, суармалы жерлерді айналымға енгізуге нақты жоспарлар жасап, іске кірісуге мүмкіндік береді. Бізде бұл жұмыстар әлі де жүріп жатыр, құжаттандыруды аяқтадық. Қазіргі кезде Ескелді, Алакөл, Ақсу, Көксу аудандарында Ислам даму банкінің қаржысы есебінен қалпына келтіру жұмыстары жасалуда. 2023 жылға дейін 138 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіруді жоспарлап отырмыз, соның біразы іске қосылды да. Жалпы, жер – өндірістің ең басты факторы. Бұл мәселеде тиімді жұмыс істемей, ауылды да, ауыл шаруашылығын да дамыта алмаймыз. Тұрғын үй құрылысы үшін де жер маңызды мәнге ие. Ол – бабамыздан қалған құнды мұра. Сондықтан жерге қатысты қандай да бір заңсыздық орын алмауы керек. Бүгінге дейін Алматы қаласының іргесіндегі облысқа тиесілі алқаптарға жасалған түгендеу жұмыстарынан кейін жер телімдерін жекеменшікке беруге шығарылған 1,5 мыңнан астам шешімнің күші жойылғанын білесіздер. Нәтижесінде, 121 мың гектардан астам ауыл шаруашылығы мақсатындағы алқаптар мемлекет меншігіне қайтарылды, – деген болатын бұған дейін бізге берген сұхбатында облыс әкімі.
Алайда Алматы облысының аудандарында жер мәселесі ушығып тұрғанын жасыруға болмайды. Оның бір дәлелін қорасындағы малын жайылымға жібере алмай қиналған адамдардың журналистерге жиі шағымдана бастағанынан да білуге болады. Әсіресе ауыл маңындағы жайылым жетіспеушілігі тіршілігін төрт түлікке байланыстырған ағайынға ауыр соғып отыр. Сөзіміз дәлелді болу үшін аймақтағы бірнеше ауданда жақын уақытта болған жер дауына қатысты жағдайды баяндай кетейік. Жоғарыда айтқанымыздай, ауыл маңындағы жайылымдық жердің жетіспеушілігі Көксу ауданындағы Жамбыл ауылының тұрғындарына қып-қызыл шығынға айналған. Өйткені мал бағатын жер жоқ. Жақын маңдағы телімдер жекешеленіп, егін егетін танапқа айналған. Және бұл маңдағы барлық жердің иесі бар көрінеді. Тіпті үлкен көлемдегі алқаптарға иелік етушілердің аталған ауылға еш қатысы жоқ. Жерді жалға алған немесе жекешелендірген тұлғалардың кейбірін тұрғындар танымайды да екен. Олардың дені алқаптарды басқа адамдарға жалға беріп отыр-мыс. Ал жайылым болмағандықтан, ауыл адамдары төрт түлігін шалғайдағы өріске көлікке тиеп апарып, бағуға мәжбүр.
Дәл осындай жағдай Ескелді ауданының Матай Байысов ауылына да тән. Тұрғындар көктем мен күзде азын-аулақ малына жайылым таппай қиналады. Ал жаз маусымында әр бас түлік үшін қыруар ақы төлеп, таудағы өріске жіберетін көрінеді. Тұрғындар оның себебін егіс алқаптарының ауылдың іргесіне дейін жақындап, жыртылып жатқанымен түсіндіреді. Олар сондай-ақ ауыл маңында қажетті қолданыс үшін 600 гектар бөлінгенін, алайда ол алқаптардың да жекеге өтіп кеткенін айтады. Ал жергілікті әкімдік бұл мәселені білсе де, шешуге қауқарсыз.
Адамдардың ауыл маңындағы жерге таласы Ақсу ауданында да жиі болып тұрады. Жақында Қызылағаш ауылында жергілікті тұрғындар мен инвесторлар арасында дау туған. Яғни ауыл маңындағы жайылымдық жер мен суармалы алқапқа талас соңы шиеленісе келе, оқиғаға тиісті орындар араласуға мәжбүр болды. Тұрғындардың уәжі бойынша, 7 жыл бұрын сырттан келген компания ауыл іргесіндегі 1 420 гектар суармалы жерді жалға алған-мыс. Жерді иеленуге аудан әкімдігі келісімін берген. Инвесторлар жеті жыл бұрын жерді меншіктеп алған. Алайда игеруге асығар емес. Есесіне, бос жатқан аумаққа тұрғындардың мал жаюы мен егін егуіне рұқсат бермей отырған көрінеді. Ал жерді жалға алған «Агрохолдинг Ақсу» серіктестігі жер игеруге судың болмауы кедергі болып отыр деген уәж айтады. Серіктестік өкілі әуелгіде суармалы жер ретінде жалға алғандықтан, Қызылағаш су қоймасының қайтадан салынып, пайдалануға берілгенге дейін алқаптарды игермеу туралы келісім болғанын алға тартып, тұрғындардың талабы орынсыз деген пікірде. Өйткені ол жерден сусыз өнім алу мүмкін емес көрінеді. Ал ауыл тұрғындары мал жаятын жайылым, қысқы мал азығы үшін жоңышқа егетін жер таппай отырмыз дегенді айтады.
– Ауыл іргесіндегі 1 420 гектар суармалы жер осыдан жеті жыл бұрын жеке серіктестікке берілгені рас. Жалпы, жер 2013 жылдан бері «Агрохолдинг Ақсу» серіктестігінің иелігінде. Серіктестік Қызылағаш ауылына 650 басқа арналған тауарлы сүт фермасын салу үшін инвестор ретінде келген. Зауыт салғаннан кейін, егістік пен жайлымдық жерді сол үшін қажетке жаратуға тиіс болған. Ал жоба құны 2,5 млрд теңге шамасында, жергілікті 30 адамға жұмыс орнын ашпақ, – дейді оқиғаға орай түсінік берген Ақсу ауданы әкімінің орынбасары Серік Құсмолдин.
Айтпақшы, бұған дейін жергілікті атқарушы органдар мен прокуратураның бірлесіп жасаған тексерісінен кейін Алматы облысында 761 мың гектар жайылымның пайдаланылмай жатқаны анықталған болатын. Сол тізімде Ақсу ауданы бірінші тұрған еді. Ауданда 197 мың гектар жер бос жатқаны туралы дерек ашылған-ды. Облыстық жер қатынастары басқармасының мәліметінше, құзырлы органның араласуынан кейін бос жатқан алқаптардың негізгі бөлігі кәдеге жарай бастаған. Яғни жерді жекешелендіріп алған қожайындар іс құжаттарының сотқа жолданып, алқаптарды мемлекет меншігіне қайтаруға мәжбүр болатындарын сезінгеннен кейін ғана қозғала бастағандай.
Сондай-ақ жоғарыдағы тізім бойынша игерілмей жатқан ауыл шаруашылығы алқаптарының көлемі жағынан екінші орында Алакөл ауданы тұр. Ауданда 86 мың гектар жайылымдық және егістік алқап бос жатқаны анықталған. Өкініштісі, бұл дерек қазір де азаймай отыр. Яғни биылғы есеп бойынша Алакөл ауданы аумағында әлі 14 мың гектар жер пайдаға аспай жатыр. Бір қызығы, жақында осы ауданда екі шаруа қожалығының мүшелері арасындағы жерге таласу оқиғасы болып, оған журналистер араласқан еді. Мәселенің мәнісі мынада: кезінде совхозға тиісті жер тұрғындарға пай үлесі ретінде бөлінген болатын. Ол жер алқаптары қазір жеке шаруа қожалықтарының меншігіне өткен көрінеді. Ал аудандағы Ынталы ауылының ынтымағын бұзған оқиға осы пай үлесіне таластан шығып отыр екен. «ЕМА» шаруа қожалығы мен «Айдын» шаруа қожалығы арасындағы жер дауы ауыл, тіпті аудан көлемінен шығып, сотқа дейін жеткен. Бірінші тарап, совхоз тараған кезде пай үлесі бойынша тиген жерді даулап отырса, екінші тарап кезінде жерді қараусыз тастап, көшіп кеткен адамдардың енді келіп жер даулауға қақысы жоқ деген пікірде.
Жалпы, Жетісудағы жер дауының жиілеуі, сөз басында айтқанымыздай, еліміздегі жер игеруге қатысты мәселені реттейтін заң тетігінің дұрыс жұмыс істемеуінен орын алып отырғаны анық. Тіпті жерді тиімді пайдалануға орай белгіленген талаптарды қасақана бұзып, жергілікті атқарушы органдардың ескертпесіне құлақ аспайтын жеке шаруа қожалықтары шыға бастағаны қынжылтады. Дәл осындай жағдай жақында ғана Жамбыл ауданындағы Қасымбек ауылының аумағында болған-ды. Мәселенің ұзын-ырғасы былай: жеке кәсіпкер Телмань Мамед-Хасенов 31,44 гектар жерді сатып алып, Жамбыл ауданы әкімдігінің келісімімен шаруа қожалығын ашады. Алайда жер игеруді өзі ойлаған әдіс-тәсілмен жүзеге асырмақ болған азамат иелігіндегі алқапты айнала қазып, қоршап алған екен. Ал кәсіпкердің бұл ісі қолданыстағы «Жер кодексінің» бірнеше бабын өрескел бұзып, көрші шаруа қожалықтарының жұмыс істеуіне де кедергі келтіріп отырған көрінеді. Мамед-Хасенов мырзаның бұл әрекеті ауыл тұрғындарының ашу-ызасын туғызған. Бұл жағдай өңірдегі мал жайылымын да тарылтып жіберген. Терең қазылған орға құлап мертіккен, шығын болған малдың құнын сұрайтын адам таппаған жұрт шаруа қожалығының иесіне ғана емес, жергілікті билікке де наразы. Өйткені қазылған ордың ішінде ауыл арасын жалғайтын жүргіншілер жолы мен мал су ішетін өзен де қоршалып қалған. Ал жерді қазып қоршаған азамат өз ісінің дұрыстығын алға тартып, егістік алқабы мен жайлымдық жеріне қараусыз малдың түсіп кетпеуі үшін осындай қадамға барғанын айтады.
– Жерді қазғаным дұрыс болмаған екен, мен оны қайта тегістеп, сым қоршау жүргізудемін. Бірақ тұрғындар да малын қараусыз жібермеуі керек. Мен бұл жерден өнім алып отырмын, кәсібімді тоқтатпаймын, – деді бізбен телефон арқылы тілдескен жеке кәсіпкер Телмань Мамед-Хасенов.
Алайда ауыл тұрғындары қазылған жердің тұтастай көмілмегенін, кәсіпкер көз алдау үшін бір бөлігін ғана реттеуді қолға алғанын айтады. Ал 31 гектардан астам алқапты қоршай қазылған терең ор әлі де мал мен жанның өміріне қауіпті аймақ болып қала беретін сияқты. Айтпақшы, мәселеге орай ресми түсінік беруден жалтарған Жамбыл ауданы әкімдігінің жауапты мамандары бұл оқиғадан хабардар екендіктерін айтып, мереке күндерінен кейін қайыра хабарласуымызды өтінді. Сөз арасында ұққанымыз, шаруа қожалығының иесіне қолданыстағы «Жер кодексінің» талабы бойынша жерді қазуға болмайтыны туралы ескерту берілген екен. Екі жыл бұрын...
Алматы облысы