Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Ел тәуелсіздігін алғаннан кейін “Оқусыз халық қанша бай болса да, біраз жылдардан кейін оның байлығы өнерлі халықтардың қолына көшпекші”, деп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, білім жарысынсыз Отанымызды өркендету әсте мүмкін еместігін айқын аңғарған. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ХХІ ғасыр білім және ғылым ғасыры болады деп, жастардың жан-жақты оқуына барлық мүмкіндікті жасауда. Жалпы, білім беру мен ғылымды өркендетуде оқшауланудың нәтиже бермейтіні анық. Әр мемлекет өзінің ұлттық менталитетіне қарай әлемдік өркениеттің озығын алып, тозығын ысырып тастап отырса, ұтылмайды. Жетпіс жылдан аса билік құрған кеңестік дәуір күйрегеннен кейін тәуелсіз мемлекеттер біраз уақытқа дейін өздерімен өздері болып, Отан іргесін бекіту ісімен айналысса, енді әлемдік үрдістегі жетістіктерді ортақ пайдалана отырып, жетілдіру жайы, әсіресе ТМД мемлекеттерінің ауқымында соңғы жылдары қолға алына бастады. Соның бірі ТМД мемлекеттері білім қызметкерлері мен мұғалімдерінің алқалы жиынын өткізу еді. Бұл форум туралы идея тұңғыш рет 2008 жылы ТМД елдері білім министрлерінің басқосуында қозғалып, екі жылдан кейін Қазақ елінің елордасында өткізуді бірауыздан мақұлдаған болатын. Сол игілікті іс, яғни ТМД елдері мұғалімдері мен білім қызметкерлерінің бірінші съезі кеше елордамызда заман талабына сай бой көтерген Көрме залында өз жұмысын бастады. Бұл құрылтайға біздің Отанымыздың Білім және ғылым министрлігі, ТМД-ға қатысушы елдердің гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі кеңесі, мемлекетаралық қор ұйытқы болғанын айта кетсек дейміз. Алқалы мәжілістің алдында съезд делегаттары мен шақырылған қонақтар осы күнгі білім беру жүйесіндегі қол жеткен жетістіктерді дәйектейтін көрмені аралады. Көрмеге еліміздің ірі қалалары мен облыстары, ғылыми мекемелер, оқу орталықтары, кітап шығаратын баспалар, әр алуан басылымдар өздерінің заман талабына сай жинақтаған тахникалық құрал-жабдықтарын, оқулықтар мен әдістемелерін қойған екен. Бұл көрме біріншіден, келушілерді қызықтырса, екіншіден, тәжірибе алмасуға, ой бөлісіп, пікір ұштастыруға мол мүмкіндік жасағанын айта кеткеніміз жөн. Съезде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы құттықтауы оқылды. (Құттықтау газетте жарияланып отыр). Сол секілді съезге арнайы жолдаған Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведевтің, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенконың, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонның құттықтау жеделхаттары съезд делегаттарына таныстырылды. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев съезде алғашқы сөз кезегін алып, бұл жиынның біздің еліміздің бастамасы бойынша өтіп отырғанын, съезд достастық аясындағы білім беру мекемелерінің ынтымақтастығына серпін беретінін атап өтті. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әркез ТМД мемлекеттерінің арасында интеграцияны дамыту, әсіресе экономика, гуманитарлық салалар, мәдени, жаңа ғылыми байланыстарды да өзара түсіністік пен достық негізде одан әрі нығайтуды алға тартып келе жатқанын айтып, төраға жарастылыстану ғылымдары бойынша бірыңғай үлгідегі оқулықтар шығару, сондай-ақ оқу үдерістерін бір деңгейлендіру жөніндегі бірлескен жұмыстардың өзектілігіне тоқталды. Ол сонымен бірге жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеу туралы ой өрбіте келе, құрылтайда ұрпаққа білім беріп, тәрбие үйретуге арқау болатын парасатты ойлар қозғалып, ол бірте-бірте жүзеге асатынына сенім білдірді. Бұдан кейін сөз алған Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаев: Қытай елінде “Бір жылдық жоспар құрған –күріш егер, он жылдық жоспар құрған – ағаш отырғызар, өмірлік жоспар құрған – ұрпағын біліммен сусындатар” – деген мәтел бар. Шынында да бұл мәтелдің шынайы мағынасы елорда төрінде екі күн бойы өтетін осы съезде нақты айшықтала түсетіні ақиқат, деді. Ол сонымен бірге, бүгін мен ертеңгі күннің білім көкжиегі, кемел болашағы биотехнология, информатика, нанотехнология және ғылымның басқа да салаларына негізделген жаңа ақпараттық толқыннан тұратын бәсекелі білім жүйесі болып табылатынын, бұл мемлекеттер арасындағы өзара ықпалдастық пен қарым-қатынастың қанат жайып дамуына, тұрақты экономикалық әлеуетке де зор ықпал жасайтынын, ортақ мақсатқа ұмтылу – қазіргі және болашақтың берік негізі – екенін еске салды. Халықаралық экономика рыногінде бәсекелестікке төтеп беру, оны жетілдіру үшін жаңа ақпараттық технологияның берер көмегі ұшан-теңіз. Сол себепті де бірлескен білім беру жүйесін қалыптастыруда осы салаға өте мұқияттылықпен және зор үмітпен қараған абзал, деген ол 2015 жылы әлемнің экономика жүйесінде жаңа технология базасының мықтап шоғырлануы тиімді жобаларды іске асыруға өзіндік көмегін тигізетіндігін тілге тиек етті. Сонымен қатар, алдағы онжылдықта адамзат капиталының да маңызы арта түсетіндігіне арнайы тоқталды. Адамзат капиталындағы білімді маманға, кәсіби тұғыры жоғары қызметкерлерге жаһандық бәсекенің жоғарылайтынын, білім беру кеңістігіндегі тәжірибелер алмасу мен өзара серіктестік тек қана білім саласын ғана емес, сондай-ақ интеграциялық үдерістердегі жаңа серпілістерге мүмкіндік беретінін мектеп пен жоғары оқу орындарында оқу үрдісін сапалы деңгейге жеткізу кадр әлеуетін арттыратыны туралы өз ойын ортаға салды. Бас прокурор Қайрат Мәми, Жоғарғы Соттың төрағасы Мұсабек Әлімбеков болса, білім қызметкерлерінің бұл құрылтайы мемлекеттер арасындағы берік достыққа дәнекер болатынын алға тартты. Жоғарыда айтылған пікірлерге ТМД-ға қатысушы елдердің білім саласындағы ынтымақтастығы жөніндегі кеңесінің төрағасы Василий Стражев та толығымен келісе отырып, өзіндік ойларын да ортаға салды. “Бүгінгі өтіп жатқан ТМД елдерінің білім саласы қызметкерлерінің І съезі – бұл тек қана осы сала қызметкерлерінің бас қосуы ғана емес, жалпы ТМД елдерінің аса маңызды оқиғасы болып тарихта қалмақ. Осы арқылы білім саласын жоғары әрі сапалы деңгейге көтеріп, жаңаша мазмұнға, серпінді жетістіктерге жететініміз анық. Әлемнің экономикалық-әлеуметтік дамуы үшін терең білім керек деген ойды ешкім жоққа шығара алмайды. Сол себепті жаһандану үдерісінде білім деңгейінің өркендеуі, ақпараттық технологиялардың дамуы, білім беру кеңістігінің модернизация құралына айналуы ұлттық білім мен ғылым жүйесін зор табыстарға, мықты бәсекеге алып келетініне сеніміміз мол. Өзара тәжірибелер алмасу барысында біз тек қана кәсіби тұрғыда білім беретін жоғары оқу орындарымен ғана шектелмеуіміз керек. Сонымен қатар, ТМД елдерінің мектеп оқушылары арасындағы ықпалдастықты түрлі халықаралық деңгейдегі іс-шаралар, байқаулар, олимпиадалар арқылы жүзеге асырғанымыз тиімді” – деді Василий Сражев. Форумға Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Тәжікстан елдерінен келген 500-ден астам делегат қатысты. Олардың қатарында Гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық қордың атқарушы директоры Армен Смбатян, Ресей Федерациясының Білім және ғылым министрі Андрей Фурсенко, Тәжікстан Республикасының Білім министрі Абдужаббор Рахмонов, Армения Республикасының Білім және ғылым вице-министрі Манук Мкртчян, Белоруссия Республикасының Білім вице-министрі Казимир Фарино, Қырғыз Республикасының Білім және ғылым министрлігінің статс-хатшысы Акунжан Абдрашев, тағы басқалар бар. Жиында Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев “Қазақстан білім беру жүйесін ТМД-ға қатысушы елдермен ынтымақтастық жағдайында дамытудың болашағы: өсу және жанасу мүмкіндіктері” деген тақырыпта баяндама жасады. ТМД елдері шеңберіндегі ынтымақтастық тәжірибесі білім саласындағы тең құқылы және өзара тиімді әріптестікті дамыту үшін барлық мүмкіндік бар екенін көрсетіп берді. Тұңғыш рет өтіп отырған достастық елдері мұғалімдерінің, педагогтарының, жалпы білім беру саласы қызметкерлерінің басын қосып отырған жиын білім беруді дамытудың болашағын, интеграциялық процестерді талқылауда маңызды рөл атқарады. Бұл тұрғыдан келгенде достақтық елдері білім қауымдастықтары арасындағы қарым-қатынас жолдары туралы мазмұнды пікір алмасу қажеттілігінің туғанын уақыт көрсетіп берді. Форумға қатысушылар мұғалім кәсібінің мәртебесін арттырып, ұлттық білім және ғылым жүйесіндегі ынтымақтастықтың жаңа бағытын айқындай отырып, оны дамыту жолдарын тілге тиек етті. Сонымен қатар, ТМД-ға қатысушы елдер ынтымақтастығы аясында қазіргі заманғы білім сапасын арттыру жолындағы ізденістері, ұлттық білім жүйесінің ерекшеліктерін ескере отырып, дамыту мәселесі жан-жақты әңгіме арқауына айналды. Білім үдерісіндегі педагогикалық ғылымның нормативтік, оқу-методикалық сүйемелдеуге қосар үлесі мен проблемалары талқыланды. Уақыт талабына сай жаңа оқулықтар әзірлеу, оның проблемалары мен болашағы, мектептік білім беруді қамтудағы мұғалімнің рөлі, кәсіптік оқытудағы мектептік және жоғары білімнің өзара сабақтастығы мәселелері де сөз болды. Құрылтайдан кейін ТМД мемлекеттері білім саласының басшылары ақпарат құралдарының өкілдерімен жүздесіп, сұрақтарға жан-жақты жауап берді. ТМД-ға қатысушы елдердің білім саласындағы ынтымақтастығы жөніндегі кеңестің төрағасы Василий Стряжев студенттер алмасу жөнінде қазір жеті мемлекеттің өзара ынтымақтастыққа пейілді екенін айтып, бұл съезде 20 жылға таяу уақыт ішінде қол жеткен жетістігіміз қайсы, кемшілігіміз неде деген сұраққа жауап іздейтін болдық десе, гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі мемелекетаралық қордың атқарушы директоры Армен Смбатян Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың білім экономикасы жөніндегі идеясын қолдайтынын, білім берудегі шеберлікті арттыру, ғылым инновациясын жетілдіре беру жайын қозғап, өмір бойғы оқудың беретін пайдасы туралы дәлелді дәйектер келтірді. Ал, ТМД мемлекеттері аумағында күн кешіп жатқан қандастарымыздың жайы туралы қойған сұрақтарға еліміздің Білім және ғылым министрі Ж.Түймебаев жауап берді. Оның айтуынша, осы съезде көтерілетін бір мәселе – жақын шетелдерде тұрып жатқан бауырларымыздың ана тілін ұмытпауға жағдай жасау, ең бастысы факультативтік сабақтарды оқыта отырып, мектептер ашу мәселесі қозғалмақ. Оқулықпен қамтамасыз ету жағы біздің еліміздің қатысуымен шешілгені де оң болмақ. Сол секілді осы басқосуда игілікті істі үйлестіріп отыратын инновациялық мектептер одағы, болмаса бірлестік құру жағы да қарастырылмақ екен. Тәжікстанның білім министрі А.Рахмонов болса Қазақ елінде өз мемлекетінен келіп жүздеген студенттің оқып жатқанын тілге тиек ете келіп, мектеп оқушыларының ұлттық бірыңғай тест тапсыратын қазақстандық үлгіге ерекше ілтипатпен қарайтынын алға тартты. Баспасөз мәслихатына қатысушы қонақтар ТМД мемлекеттерін білім саласы бойынша ынтымақтастыққа шақырып отырған Қазақстанның Президентіне, өзге де азаматтарына шынайы ризашылығын білдірді. Екі күнге жоспарланған құрылтай өз жұмысын бүгін аяқтайды. Сүлеймен МӘМЕТ, Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.«Жастар» Сарайының жарты ғасырлық мерейтойы тойланды
Елорда • Кеше
«Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі «Дарын» сыйлығын иеленді
Мәдениет • Кеше
Алматы • Кеше
Президент Мәжіліс төрағасын қабылдады
Президент • Кеше