СҚО Полиция департаментінің мәліметінше, 10 мамыр күні сағат 18.45-те Аққайың ауданының орталығы Смирнов ауылында мотоблок пен КАМАЗ көлігі соқтығысқан. Мотоблоктың тізгінінде Аққайың ауылының 39 жастағы тұрғыны және қасында 51 жастағы жолаушы болған. Ал жүк көлігін Қызылжар ауданының 41 жастағы тұрғыны жүргізген. Жол-көлік оқиғасында мотоблоктың жолаушысы жарақат алып, Аққайың аудандық ауруханасына жеткізілді. Алайда дәрігерлер оның өміріне араша түсе алмады. Медициналық куәландыру мотоблок жүргізушісінің мас болғанын көрсетті.
«КАМАЗ жүргізушісі сау. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3 бөлімі бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Қажетті сараптамалар тағайындалды», дейді СҚО ПД анықтау басқармасы бастығының орынбасары Жеңіс Темірбеков.