Өнер • 11 Мамыр, 2021

Байырғы қазақ бейнесі

2369 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Шынайы өнерді шайнап берсе де жұта алмайтын, жұтса да ақыл асқазаны қорытпайтын қоғамның қыспағынан қашып құтылғысы келетін cекілді. Жалғыздыққа мойынсұнуға бар. Өнерде дара жүру заңдылық екенін ескерсек, бұл ісі өнеге емей немене? «Кемталант мүмкiндiгiнше, шын талант қалаға­нынша жазады» деген қатаң қағиданы ұстаған шебердің шығар­машылығы – тұнып тұрған қайшылықтар қақтығысы. Міне, ғажап! Асқар Сүлейменовше сөйлесек, «ең терең идеялар – қиын идеялар» деп нүкте қоя салар ма едік. Бірақ оқырманның бәрі бірдей емес, қанша қамау терін алсаң да ой шабысы орашолақ болуы мүмкін.

Байырғы қазақ бейнесі

Картина жазу бояуды кенеп­ке төге салу емес. Әрбір түс там­шы­сынан өмір көріністерін із­деу. Бәлкім, тағдыр суреттері... Тап басып айта алмайсың. Қыл­қа­ламның құпиясы да сонда се­кілді. Кез келген туынды бәріне бірд­ей түсінікті болуы тиіс емес. Оқыр­ман шығарманың жан дү­ние­сіне бойлап, жүрегін иітіп, көңіл көріністерін қарашығына құйып, ой өрісіне жарылыс алып келуімен құнды. Біз оны өнер қайраткері, белгілі графи­ка маманы Исатай Исабаев шы­ғармашылығына қарап түйсіндік. Тереңірек, толығырақ. Мысалы, «Малшылар» картинасы.

Ғажабы сол, оның қылқала­мы­ның ұшында қазақ халқының эпостық сарыны бар. Әрбір туындысы бабатаныммен тіндесіп, тұлғаланып, топтасып келуімен ерекше. Қой бағып жүрген ауыл баласының өмірінен тартып, сол дәуірдің кескін-келбетін сызып шығады. Былайша айтқанда, ба­йырғы қазақтың бейнесін көргіңіз келсе, автордың шеберханасына барыңыз. Онда сізге керек руха­ни жауһарлардың барлығы бар. Батырлар жыры, жыраулар жа­құты, салт-дәстүр, кеңестік кертартпа кезең, Алаш арыстары, Абай тағылымы, бәрі-бәрі бояуға ұла­сып, рухыңды көтереді. Көр де марқай.

Шынында офорт, акватинта әдістері аса ауыр бағыт. Сурет­ші­нің еңбегін осыдан-ақ бағалауға болатындай. Графика – жақын­нан қарауды, әрбір сызығың мен нүк­тең орын-орнында болуды тілейтін, зергердей шыдамды тілей­тін сала. Ал Исатай Исабаев сол салада жүрген қатепті қара нар­­дың сойы десек те болады.

Оның қолтаңбасы дақтан гөрі иірімді штрихқа әуес. Оқыс басталып, кілт тоқтап, күрт дамып, ширығып-шиеленісіп, қайырмасы шалқар әуендей, керіле-созыла түсіп, тым әріге самғап, көкжиек­ке сіңіп кетер еді. Мың-миллион штрих-сызықтар оның халқына деген махаббатына тұнып тұрған жүй­ке талшықтары дерсіз. Сен­бе­сеңіз, картинаға бажайлап қара­ңызшы. Атасының тәлімін ат үстінде қайталаған немересі қам­шыны оң қолына ұстап, қозы-лақ­ты қуып барады. Картинаның екінші планындағы бейіт пен бал­бал тас, екі деталь ерекше көз­ге түседі. Бабалар қорғаған жер­ді балалары еркін жайлап, қо­ра-қора мал жайып жүргені, түйе­нің биіктігіндей төбені айнала отырып әңгіме өрбіткен әке мен бала, жылқышы жігіт образдары картинаның мәнін ашып тұр. Қазанбұзарлығы жоқ халықтың қалыпты өмірінің қоңыр суреті.

Әңгіме сөзбе-сөз, жолма-жол аумай қалғанда емес, басқада. Идея мен образ екеуі тұтасып, жаңа бір ой кеңістігін түзуінде. Мал­дың соңында жүрген қазақтың ғұмы­ры­нан өнеге өрбітіп, рухани мәнер қалайды. Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет принципінің нәзік үлгісін ақ пен қара түстердің шимайымен жеткізеді. Ал өмірдің өзі ақ пен қараның майданы емес пе?

Дәстүр бойынша суретші шы­­­ғар­машылық лабораториясы жыл аттап, жаңа биікке көтеріліп отыруы тиіс. Исатай Исабаев Ресей асып, сіңіріп келген оқу білімін ұлттық мұрамызды байыта түсуге сарп етті. 70-жылдардан кейін­гі суретші шығармашылығына көз жүгіртсеңіз, оның сурет әлемінің қоюлана түсуімен қатар, стильдік бағытының сәл болса да өзгешелік тапқанын, пластикалық мәнерінің күр­делене түскенін аңдайсыз. Әуелгі, қатаң симметриялық әдіс­­терден ассимметрияға қарай ойыс­ты. Оның ел біле бермейтін «Әлем әдебиетінің інжу-мар­жаны», «Асыл мұра» серияларына жасаған офорт, линогравюра парақтары, «Қазақ халқының тұр­мысы», «Қазақтардың әндері» трип­тихы сол жылдардың жемісі. «Мал­шылар» картинасын да атап өтпей кетуге болмас. 1971 жылы жа­­зылған картина қазақ бейнелеу өнерінің қорына қосылған алтын кеніш.

Өнерді сүюдің өзіндік форму­ласын жасаған шебердің шығар­машылығы теңіз түбінде жатқан гауһар тас секілді. Сол теңізді ке­шіп өтуге әзірге ешкімнің жүрегі дауалар емес. Байырғы қазақтың батыл бейнесін қайта тірілтуге ұм­тылған суретшінің тағылымы әлі де уақыт таразысына салынып, өз бағасын алады деген ойдамыз. Атамыз шопан болған соң ба, біз тек «Малшылар» картинасының маңайына ғана бардық. Әрі қарай уақыт еншісінде.