Өнер • 11 Мамыр, 2021

Кенбаев кеңістігі

1447 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Былтыр ұлттық бейнелеу өнерін ғажайып туындыларымен байытқан, алғашқы кәсіби қылқалам шеберлерінің бірі, Қазақстан­ның халық суретшісі Молдахмет Сыздық­ұлы Кенбаевтың туғанына 95 жыл толды. Өмірде өте қарапайым ғұмыр кешкен талантты тұлғаның мерейтойы елеусіз өтіп кетті. Сонда да өнерде өшпес із қалдыра білген суретшінің есімі ұмытылмайды деп сенеміз.

Кенбаев кеңістігі

Бала күнімде сурет салуға қатты құштар болдым. Әсіресе туған ауылым мен табиғаттың көркем бейнесін ақ параққа түсіргенді жақсы көруші едім. Оған себеп: біздің үйде бір картина ілулі тұратын. Онда тұяғы жер тарпыған асау жылқыға екі жылқышының құрық салып жатқан сәті бейнеленген. Картинаның астында: «Қашағанды қуу. Авторы. М. Кенбаев» деп жазылған. Осы сурет менің де шабытымды оятып, балалық қиял әлеміне жетелейтін. Әрине, мен ол кезде оның авторы жа­йында ештеңе білмеймін, тіпті бейнелеу өнері туралы түсінігім де таяз. Сонда да осы суретшімен мені бір жақындық байланыстырып тұрды. Кейінірек қылқалам шеберімен жерлес екенімді білгенде, бойымды ерекше мақтаныш сезімі биледі.

Саңлақ суретшінің өмір жолы оңай бол­маған, жасынан әке-шешесінен жетім қалып, Алматыдағы Балалар үйінде тәрбиеленген. Одан кейін Ала­таудың етегіндегі әсем шаһардағы көркем­сурет училищесіне түсіп, бейнелеу өне­рі­нің қыр-сырын үйренеді. 1956 жылы Мәс­кеудегі В.И.Суриков көркемсурет институ­тын тәмамдайды. Автордың бейнелеу өнеріне қызығушылығы бала кезінен басталған. Оның студенттік кездерінде салған «Сүйінші», «Жангелдиннің отряды», «Шопан әні» атты картиналарынан-ақ болашақ дарынды суретшінің қолтаңбасы дараланып тұрды, онда ол қазақтың ұлылығы мен дарқандығын көрсетуге ұмтылған.

Әсіресе қылқалам шеберінің халқымыздың тарихы мен танымын бедерлеген «Сабантой», «Әңгіме үстінде» және «Тұскиіз» триптихы секілді жұмысы ұлттық мазмұнға бай, бояуы қанық болып келеді. Мысалы, «Киіз басу» кар­ти­насында бала күнімізде өзіміз көрген ауыл­дағы әжелеріміз бен аналарымыздың киіз бас­қан сәттері көз алдымызға оралады. Осыдан жан дүниеңізді сағынышты сезімге бөлейтін жылы­лықты байқайсыз. Бұларды бейнелеу өнеріміздің асыл қазынасына қосылған сүбелі шығармалар деп толық айтуға болады.

Кенбаевтың туындыларында ерекше поэтика­лық сарын басым. Айталық, бір ғана «Қашағанды қуудың» өзі төрт түліктің ішінде жылқыны ерекше жақсы көрген ұлтымыздың батыр болмысын, еркіндігін, өрлігін жеткізеді. Оны суретші 1957 жылы салған. Сол кездің өзінде-ақ ол азаттық аңсаған халқымыздың арманын астарлап болса да бояу тілімен айта білген. Автор осындағы ержүрек екі жас жігіттің екпінмен шауып келе жатқан асау жылқының мойнына арқан лақтырған сәтін өте әсерлі бедерлейді. Сондағы сар дала мен тау жоталарының бейнесі, ақ боз аттың шабысы мен қос салт аттының қимылы көрген адамды тебірентпей қоймайды.

Осы туындысы жайында суретші бір есте­лігінде: «Бір күні менің шеберханама халқы­мыздың екі ардақты азаматы Мұхтар Әуезов пен Орал Таңсықбаев келді. Сонда Мұхаң мені алғаш рет Орал ағамен таныстырды. Екеуі салып жатқан суретімнің тұсына келіп, ойланып тұрып қалды. Жүрегім алып-ұшып барады. Бір мезетте Мұхаң: «Пәлі, Орал, мінез деп мынаны айт. Молдахмет сенің аттарың асау ғой өзі. Осындай кеңістік керек бізге. Көкірегіміз ашылып сала берді ғой», деп Орал ағаға қарады. Ол кісі болса үнсіз қостап тұр екен. Бұл менің «Қашағанды қуу» деген жұмысым еді», деп айтады. Кейінірек осы суретті Мәскеудегі Третьяков галереясы сатып алған.

а

Айтулы тұлғаның тағы бір тұғырлы туындысы күйші Құрманғазы атамыз туралы «Сарыарқа» картинасы. Осы жұмысы үшін суретші 1959 жылы республикалық бәйгеде бірінші орын алған. Мұнда дәулескер күйшінің бейнесі қоңыр, сары, қызғылт түстерімен әсерлі көркемделген. Оның «Сарыарқа» аталуы да күйшінің осы аттас күйіне байланысты болған. Қылқалам шебері оны салу кезінде Құрманғазы туралы поэма жаз­ған, ақын Хамит Ерғалиевпен жиі кездесіп, пікірлесіп отырған. Сонымен қатар көрнекті өнер зерттеушісі, композитор Ахмет Жұбановтан да құнды деректер алған.

Сондай-ақ Молдахмет Кенбаев пейзаж жан­рында өнімді еңбек еткен суретші. Оның «Алматының төңірегі», «Суат басында», «Қыс­тауда», «Тау бөктерінде», «Жайлаудағы таң» атты картиналары осы жанрдың озық үлгілері ретінде бағаланды. Сонымен бірге ол өткен ғасырдың алпысыншы жылдары қазақ эпостары мен ұлттық ойын кейіпкерлері бейнеленген фрес­калар жасап, монументалды өнермен де әуестенді. Оның қолтаңбасын Алматыдағы «Алматы», «Қа­зақстан» қонақүйі, «Неке сарайы», Донецкідегі «Металлургтер» сарайы, Мәскеудегі «Қазақстан» кинотеатры секілді бір­қатар ғимараттардан көре аласыз.

Белгілі қаламгер Қали Сәрсенбай қылқалам шебері туралы жазған мақаласында: «Аға буын суретшілер – Ә.Қастеев, Ә.Ысмайылов, О.Таң­сықбаев, М.Кенбаевтар әдебиеттегі М.Әуезов, С.Мұқанов тәрізді бейнелеу өнеріндегі сондай тұлғалар десек, артық кетпеспіз. Олар ұлттық рухты, болмысты жырлап өтті. М.Кенбаевтың осынау туындыларына ұзақ уақыт көз тоқтатып қарасаңыз, сол әсердің құшағында боларыңыз сөзсіз» деп байыпты ой айтады. Шынында, осы қасиетті қара шалдар қазақтың бейнелеу өнерін шырқау биікке көтерді.

Сөзімізді қорыта келгенде, ұлттық бейнелеу өнерінде Молдахмет Кенбаевтың да өз кеңістігі бар. Оны сіз басқа қылқалам шеберімен салыс­тыра алмайсыз. Қазіргі күні талантты тұлғаның тамаша туындылары Мәскеудегі Третьяков галереясы мен Ташкенттегі Шығыс халықтары өнері мұражайында және Алматыдағы Орталық көркемөнер галереясында сақталған.