Аймақтар • 12 Мамыр, 2021

Сырдың сәні – сексеуіл

1425 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қызылорда облысында сексеуіл орманы алқабы жыл сайын ұлғайып келеді. Тұқымы күзде себілетін дала өсімдігін егу желтоқсанның ортасына дейін тоқтамайды. Шөл даланың шырайын кіргізіп тұрған сексеуіліңіздің бұдан басқа да ерекшелігі көп.

Сырдың сәні – сексеуіл

2018-2020 жылдары Экология, геология және табиғи ресурс­тар министрлігінің Орман шаруа­шы­лығы және жануарлар дүниесі ко­митеті Корея Республикасының орман қызметі және биоәртүрлілікті сақтау қорымен бірлесе отырып, Арал теңізінің табанындағы 13,300 гектар аумаққа 5 млн түп сексеуіл көшетін отырғызды. Жобаға Кореяның орман қызметі 1,7 млн доллар инвес­тиция бөліп­ті. Белгіленген норматив бойынша егілген сексеуілдердің шы­ғым­дылығы 30-35 пайыздық көр­сеткішке жетіп, оны Кореядан кел­ген арнайы өкілдер жоғары ба­ғалаған екен.

Жалпы, теңіздің тартылған та­банына галофитті өсімдіктер отыр­ғызу жұмыстары көп жылдан бері жалғасып келеді. Отыз жылға жуық уақыт ішінде 190 мың гектар жер орманға айналды. Алдағы 5 жылда тағы 213 мың гектарға сексеуіл егу жоспарланып отыр.

Жуырда облысқа жасаған са­­парында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағ­зұм Мырзағалиев Арал теңі­зінің құрғаған табанындағы фито­ор­манмелиорациялық жұмыс­тар­мен танысты.

Кезінде ұшан судың асты болып, бүгінде құрғаған аумақ көлемі – 4,6 млн гектар. Оның 2,2 млн гектары біздің жерде, 2,3 млн гектары Өзбекстан территориясында жатыр. Ежелгі алып айдын табанынан жыл сайын ұшқан 100 млн тонна тұз бен құм мыңдаған шақырымға жетіп тұр.

– Теңіз табанының тұзы мен құмын тұрақтандырудың эко­ло­гиялық тиімді және қауіпсіз жолы – байырғы өсімдіктер егу. Бір түп сексеуіл 4 тонна құмды тоқтата ала­ды. Сондықтан республикалық және жергілікті бюджет есебінен, Дүниежүзілік банк, Ғаламдық эко­логиялық қор көмегімен теңіз табанын желекке айналдыру ісі жалғаса береді. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бақы­лауында тұрған маңызды бастама, – деді М.Мырзағалиев.

Министрдің айтуынша, биыл «Арал маңының экологиялық бағ­дарланған аймақтық дамуы» атты жоба басталды. Германияның эко­номикалық әріптестік және даму федералды министрлігі 8 млн еуро бөлген жоба 2024 жылдың маусым айына дейін Өзбекстан аумағындағы Қарақалпақстан мен Хорезмде, біздегі Қызылорда, Маңғыстау облыстарында жүзеге асырылады.

Сонымен қатар алдағы уақыт­та Арал табанында сексеуіл отыр­ғызудың арнайы бағдарламасы қа­былданбақ. Көршілес Өзбекстан мемлекетімен тәжірибе алмасу шаралары жалғасып, экспедициялар ұйымдастырылады.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мамандарының мәлі­метінше, аймақта ормандарды мо­лықтыру мен көлемін ұлғайту ша­ра­лары үздіксіз жүргізіліп келеді.

Биыл орманды молықтыру жұ­мыстары 14,3 мың гектарға жүргі­зілмек, оның 3 мың гектары Арал теңізінің құрғаған ұлтаны. Со­ны­мен қатар облыстағы сексеуіл мен саялы ағаш көшеттерін өсіретін орман тұқымбақтарының көлемі 22 гектардан 100 гектарға ұлғайып, оларда 1 млн-ға жуық саялы ағаш көшеттері дайындалып жатыр.

Жалпы, елді мекендерді көгал­дандыру және жасыл аймақ құру­дың 2021-2025 жылдарға арналған өңірлік жоспары аясында алдағы 5 жылда 467,7 гектар жерге 1,1 млн-нан астам жергілікті климатқа бейімділген ағаш көшеттерін отыр­ғызу жоспарда тұр.

Биылғы Наурыз мейрамының қарсаңында Мемлекет басшысы­ның 5 жыл ішінде орман қорында 2 млрд, қалалар мен елді мекендерде 15 млн ағаш отырғызу жөніндегі бастамасын іске асыру басталды. Шара шеңберінде «Мекенім – жасыл елім», «Бұл менің ағашым» акциялары өткізілді. Ал «Мекенім – жасыл орманым» жалпыұлттық ағаш отырғызу акциясында Арал теңізінің ұлтанында 180 мың­нан астам сексеуіл көшеті отыр­ғы­зылды. Осы акцияға қала, аудан елді мекендерінен 7 270-тен астам тұрғын қатысып, жергілікті то­пыраққа жерсіндірілген 20 мың­нан астам Сыр талы, қара ағаш, жеміс көшеттері тігілді. Өскелең ұрпаққа табиғатты аялауды және қорғауды үйрету мақсатында мектеп оқушылары арасында «Бұл – менің ағашым» атты челлендж ұйымдастырылып, мектеп аулаларында 8 070 түп ағаш егілді.

 

Қызылорда