Таным • 12 Мамыр, 2021

Шұбайқызыл қызғалдағы

960 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Сәуірдің соңы мен мамырдың басында Шұбайқызылға аңсары ауып тұратын жұрттың қатары қалыңдайды. Табиғат қорғаудың барлық талаптары сақталып, танымдық-тағылымдық іс-шара да осы кезде өткізіліп тұратын Шұбайқызылда пандемияға байланысты биыл жұрт аяғы саябырсығандай. Дегенмен гүл патшасы – қызғалдақты көруге келушілер әлі де көп. Жуырда орын алған бір оқиға да жұрттың назарын қызғалдаққа аударған-ды.

Шұбайқызыл қызғалдағы

Түркістан облысында алты да­на қыз­ғалдақ жұлған азаматтың миллион­дап айыппұл төлеуі мүмкін екені ақпарат құралдарында жария етілді. Қызыл кітапқа енген қыр­дағы жабайы грейг қызғалдағын жұл­ған шымкенттік тұрғынды полиция Бәйдібек ауданын­да ұстаған. Оның үстінен «сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген өсімдік түрін заңсыз пайдалану» дерегімен іс қозғалғаны да мәлім етілді. Осы арада қызғалдақты қорғап, гүлді жұлушыға жаза қолданғанын қолдағандар көп болды, табиғаттың адамзатқа берген сыйына қатыгездік жасаған пендені аяу­шылар да табылды. Яғни осы бір оқиға қазақ жерін әлемге танытқан қызғалдаққа деген құрметтің жоғары екендігін де, оны жұлуға болмайтынын білмейтіндердің де барын аңғартты. Иә, жылына бар болғаны шамамен 15 күн­дей гүлдейтін қыз­ғалдақ, әсіресе Шұ­­байқызыл алқа­бын қызыл кілемге көм­керіп, одан сайын әсемдікке бөлей түседі.

«Асқақ Алатаудың баурайы алма мен қызғалдақтың тарихи Отаны еке­ні ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Қа­рапайым, бірақ бүкіл әлем үшін өзіндік мән-маңызы зор бұл өсім­діктер осы жерде бүр жарып, жер жүзіне таралған» деп жазды Ел­басы Н.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында. Био­логтердің мәлімдеуінше, бүгінде жер жүзінде қызғалдақтың 3 мыңнан астам түрі бар. Олар – Қазақ елінің дала қыз­ғалдағынан тараған. Ілгеріде, яғни 2002 жылы Нидерланд корольдігіне жасаған ресми сапары кезінде Елбасы Н.Назарбаевқа сол елдің ханшайы­мы Беатрикс қызғалдақ жайында ағы­нан жарылып: «Ұлы Жібек жолы ғасырлар бойы Еуропаны Азия­мен, сондай-ақ Қазақстанды Ни­дерландымен байланыс­тырып тұрды. Осы байланыстар біздің елімізге қызғалдақ гүлін әкелді. Бұл гүл осылайша Нидерландыға кең тарады. Гүл саудасында да ол ең өтімді өнімге айналды. Қазіргі кезде қыз­ғалдақ гүлі – нидерландықтардың нөмірі бірінші экспорттық тауары. Сол үшін де Сіздің елге қарыздармыз» деген екен. Елімізде отыздан астам түрі өсетін қыз­ғалдақтың өте сирек кездесетін 13 түрі қор­ғауға алынып, Қазақстанның Қызыл кітабына ен­гізілген. Мамандар еліміздің батыс және солтүстік облыстарында гүлдің 3-4, Шығыс Қазақстанда – 6, ал Түркістан облысында оның 30-ға жуық түрі таралғанын айтады. Яғни қызғалдақ Түркістан облы­сының символы іспетті. Алқызыл қызғалдақтың ең әдемілері Түлкібас ауданындағы Ақсу-Жа­бағылыда және Шұбайқызылда көп­теп өседі.

Табиғаттың көркем сыйларының бірі қызғалдақты дәріптеп, кейінгі ұр­паққа бар маңыздылығын жет­кізу мақсатында 2012 жылы рес­пуб­ли­калық фотоконкурс өтті. Ал 2013-2014 жылдары жазушы, халықаралық «Алаш» сый­лығының лау­реаты Мар­хабат Бай­ғұттың бастамасымен «Шырайлым – Шұбайқызылым!» тақы­рыбында жас талапкерлердің ал­ғаш аудандық, кейін облыстық, рес­­публикалық, халықаралық байқау­лары ұйымдастырылды. 2015 жылғы сәуірде тағы да жазушы М.Бай­ғұт­тың бастамасымен 1941-1945 жыл­­дардағы Екінші дүниежүзілік со­ғыс­тың аяқталуына 70 жыл толуына орай, «Жеңістің 70 жыл­дығына 70 ша­қырым жаяу жүру» жобасы «Шым­кент­тен – Шұбайқызылға!» деген ар­найы атаумен ұйымдастырылды. Жол-жөнекей Шымкенттің, Сайрам және Түлкібас аудандарының ауылда­рында, мектептерінде жүздеген адам қатысқан жиындар өткізілді. Ал 2018 жыл­дан бастап «Ақсу-Жабағылы алауы, Шұбайқызыл жалауы!» атты қыз­ғалдақтар фестивалін өткізу дәстүрге ай­налды. Жазушы Мархабат Байғұттың бастамасымен соңғы 8 жыл көлемінде дәстүрлі түрде ұйым­дастырылып келген «Шырайлым – Шұбайқызылым!» атты фестиваль биыл пандемияға байланыс­ты өткізілмеді. Фестивальде жастарды табиғатты аялау, қорғау, сақтауға ша­қыру мақсатында «Шұбайқызыл шоқысының» тарихы жайлы мағлұмат беріліп, жас ақындардың өлеңдері оқы­лып, табиғат тақырыбында көр­ме мен жас суретшілердің сурет бай­қауы өткізілетін. Фестивальге келген жа­пондық қонақтардың «осындай табиғи қазынамыз болса біз алтын­мен қоршап қояр едік» дегені де түркіс­тандықтардың жадында.

Жергілікті тұрғындар бұрын «маев­­калар» өткізіліп, спиртті ішім­дік іш­кендер әулие төбенің қызғал­дағын аяу­сыз жұлып, ақырында Шұ­байқызыл шоқысының қызғал­дағы мен сарғал­дағы жартылай жо­йылғанын айтады. Еліміздің Қызыл кітабына енгі­зілген Грейг қызғалдағы Қазығұрт, Төлеби, Бәйдібек өңірле­ріндегі таулы аумақ­тарда да кез­деседі. Ал ең көп шоғырланған же­рі осы – Шұбайқызыл шоқысы. Бұл жер бір кездері «Красная горка», кейіннен «Қызыл төбешік» деп атал­ған болатын. Қарымды қаламгер Мархабат Байғұттың бастамасымен «Шұбайқызыл шоқысы» атауы қайта берілген бұл жер 1977 жылдан бері мем­лекеттің қарауындағы аймақ болып саналады. Жыл сайын облыстық орман шаруашылық инспекциясы мен ұлттық парктің өкілдері, іш­кі іс­тер бөлімінің қызметкерлері атал­­ған жерде қорғау жұмыстарын жүр­гізеді.

Түлкібас ауданының орталығы Т.Рысқұлов ауылынан Құлан өзенін кесіп өтіп, «Түркібасы әулие» төбе­сінің күншығыс жағын орай айналып, Қаратауға қарата біраз жер жүр­генде алдыңыздан Шұбайқызыл шо­қысы шығады. Тарихи деректерде Түр­кі және Түргеш қағанаттары тұ­сын­да Түркібасы төбесіне орда тік­кен қағандар Шұбайқызыл шоқы­сы­на да көздің қарашығындай қа­рап, ұр­пақтарға мирас, аманат етіп қал­­дыруды өсиеттегені айты­лады. Ақсу-Жабағылы мен Шұ­бай­қызылдың қыз­ғалдағы мен сар­­­ғалдағын Грейг қыз­ғалдағы, Кауф­ман қызғалдағы атандырып, Нидерланд (Голландия) еліне, Еуропаға әкеткен. Шын мәнінде голланд, нидерланд қызғалдақтарының жа­ра­тылған жері, өскен төрі, шық­қан төр­кіні – Шұбайқызыл, Ақсу-Жабағылы, Қазығұрт пен Қаратау. Бүгінде жалпы жер көлемі 20 гектар қызғалдақты аумақ ерекше қор­ғалатын аймақ ретінде Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қарамағына өтпек.

 

Түркістан облысы