Аймақтар • 12 Мамыр, 2021

Алапат өрт айтарлықтай шығын келтірді

189 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақтың құйқалы жері отқа оранды. Мұндай алапат өрт Риддердің төңірегінде бұрын-соңды бола қоймаған шығар. Зеңгір көкке жалақтаған қызыл жалын 31 үйді, 9 ғимаратты шарпыды. Екі адам аурухананың жансақтау бөліміне түссе, бір әйел көз жұмды. Осындай қайғылы оқиғаға ұласқан жағдайды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жеке бақылауына алды.

Алапат өрт айтарлықтай шығын келтірді

Облыс басшылығы тілсіз жаудан зардап шеккен тұрғындардың барлығына көмек көрсетілетінін айтып сендірді. Әу баста тұтанған от екі гектардай жердегі құрғақ шөпке ғана жайылған. Оны сөндіру үшін облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жұмылдырылғанымен, тілсіз жау бәсеңдемеген. Секундына 20 метр жылдамдықпен соққан жел өртті одан әрмен өршіте түскен. Жасыл желекті жалмаған жалын алты техника, жүз шақты өрт сөндірушіге бой бермеген соң МИ-8 және МИ-2 әуеорманқорғау тікұшағы көкке көтерілді. Соның өзінде алапат өрт елді мекенге еніп үлгерген. Риддер қаласының шеткері жағындағы Лесхоз шағын ауданындағы отыздан астам үй отқа оранып, 81 тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді.

Олардың он үші жатақханаға жай­ғасса, қалғаны туған-туыстарының үйіне орналасты. Ал жапа шеккен екі азамат жансақтау бөлімінде жатыр. Мамандардың айтуынша, 72 жастағы ер адамның жағдайы тым ауыр. Денесінің 88 пайызы күйіп қалған. Өкінішке қарай, адам шығыны болды. 1948 жылғы әйел өртте мерт болды. Апат айтып келмейді деген осы. Әп-сәтте үй-күйсіз қалған тұр­­ғындарға мемлекет тарапынан көмек көрсетіледі.

– Біздің өңір үшін өте ауыр жағдай болды. Үкімет пен облыс әкімдігі тарапы­нан сіздерге жан-жақты қолдау мен көмек көрсетіледі. Өрттен зардап шек­кендердің барлығы баспана алады. Бұл жұмыс – ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше бақы­лауында, – деді аймақ басшысы Даниал Ахметов.

Облыс әкімінің айтуынша, Риддерде салынып бітпеген бірнеше көпқабатты үй бар. Ендігі уақытта қабырғасы кір­­­­піш­пен қаланған бұл үйлердің құрылысы аяқталып, баспанасыз қал­ған тұрғындарға берілмек. Зардап шек­кендердің барлығына қала орталығына жақын жаңа шағын ауданда су құбыры мен үй жанындағы учаскесі бар аума­ғы 80 шаршы метр тұрғын үй тегін бе­ріледі. Қазірдің өзінде қала сәулетшісі 35 үйге жер телімін бөледі, құрылыс жа­­қын күндері басталады. Құрылыс мате­риалдарын Семей кірпіш зауыты ұсынып отыр.

«Қазцинк» профилакторийіне кө­шіріл­гендер құрылыстың соңына дейін тегін орынжаймен және тамақ­пен қамтамасыз етіледі. Бұдан бас­қа кә­сіпорын банк карталарын ресімдеген­нен кейін әрбір отбасына 1 миллион тең­геден аударады.

– Құрылыс компанияларымен бірге үйлерді бағалап шығамыз. Алдын ала есеп бойынша, тұрғын үй мәселесін толық шешу үшін бізге екі жарым ай қажет. Кімде-кім көпқабатты тұрғын үйден бас тартып, ескісін жөндеуді талап етсе, оны жөндеп беру мәселесі де қарастырылады, – деді өңір басшысы.

Елдің ендігі тілегі – айтылған жоспардың орындалуы. Әйтпесе үйіп-төгіп берілген уәделердің қар жауып, із басылған соң ұмытылып кетпесіне кім кепіл?! Әсіресе, қағаз жұмыстары соз­балаңға салынбай ма деген күдік бар тұрғындарда. Алайда құжаттарды қал­пына келтіру жұмыстарымен Полиция департаменті және Халыққа қызмет көрсету орталығы бүгіннен бастап айналыса бастайды. Барлық құжат бірізді тәртіппен ретке келтіріледі. Мүліктік шығындар да заңға сәйкес өтеледі. Оны анықтау үшін арнайы комиссия жұмыс істеп, шығындардың құнын анықтайды.

– Өрт сөндірушілер ерте келсе, мұн­шама шығын орын алмас еді. Ең қиыны баспанамыздан айырылдық. Бірін­ші кезекте жеке куәлігімді алдым. Енді мұның бәрі созбалаңға салын­бай, жүйелі түрде шешімін тапса екен, – дейді үйінің күлі көкке ұшқан риддерлік Лесхоз кентінің тұрғыны Лидия Карпова.

Рас, айдың-күннің аманында алаңсыз отырған тұрғындар үшін ауыр соққы болды. Үй-жайымен қоса қора-қопсы, бес автокөлік өртенген. Қаншама орманды алқап отқа оранды?! Айналаны шарпыған жалын тек таңғы сағат же­тілер шамасында ғана ауыздықталған. Полиция қызметкерлері оттың шығуына қатысы бар күдіктіні ұстады. Бұл туралы Өскеменде өткен брифингте облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бас­тығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Қанат Әбділов пен Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Елдос Зәкімов айтып берді.

– Нақтысын айтсақ, өрттің жалпы ауданы 283 гектарды құрады. Оның 15 гектары Риддер қаласының әкімшілік аумағына тиесілі. Өрт бес көшедегі 59 тұрғын үйге қауіп төндірді. Мұндағы 83 адамның 10-ы – балалар. Адамдарды жайғастыру, ас-су жеткізу жұмыстары ұйым­дастырылды. Материалдық шы­ғынды анықтау үшін комиссия құрыл­ды, – деді Қанат Әбділов.

Ал  Елдос Зәкімовтің айтуынша, отты абайсыз пайдаланып, ірі залал келтіру фактісі бойынша Риддер қаласының 35 жасар тұрғыны күдікті ретінде қолға түсті. Тергеу амалдары басталды. Кінәсі толық дәлелденген жағдайда, қылмыскерге 2000 АЕК көлемінде айып­пұл салынуы немесе 2 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

– Қылмыстық кодекстің 204-бабы­ның 2-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу әрекеттері басталды. Күдікті – бұ­рын-соңды сотты болмаған Рид­дер қаласының тұрғыны. Полиция де­партаменті құрған арнайы жедел-тергеу тобының қызметкерлері бейнежазбаларды зерттеп, куәлардың жауаптарын мұқият тексеріп жатыр. Тиісті сот сараптамалары тағайындалды. Қыл­мыстық істі тергеу жұмыстары Ішкі істер министрлігінің бақылауына алынды, – деді Елдос Зәкімов.

Құқық қорғау органдары күдіктіні тергеп жатар. Ал жапа шеккен тұр­ғын­дарға көмек қолын созу үшін ұйым­шылдық танытқан халық жер-жерлерде қор ашып, еңсесі түскен елге демеу болуда.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Риддер қаласы