«Екі жылдан астам уақыт өтті. Егер Түркістанда болмасаңыз, қазіргі қаланың қалай өзгергенін көруге келіңіз. Еліміздің астанасынан кейін бой көтерген жаңа қала болды. Бұл – еліміздің зор мүмкіндіктерінің тағы бір дәлелі. Жаңарған Түркістанды көргендердің барлығы таңғалуда. Бұл – республикамыздың мәдениет орталығы. Еліміздің оңтүстігіндегі тағы бір гүлденген қала. Жақында, менің бастамаммен өткен Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі саммитінің қорытындысы бойынша Түркістан ресми түрде түркі әлемінің рухани астанасы болып жарияланды», деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Облыс орталығының қалай өзгергенін көруге кеңес берген Елбасы Түркістанға арнайы ат басын бұрып, пайдалануға берілген және құрылысы жүріп жатқан нысандарды аралады. Қала мен облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайына қанықты. Тұңғыш Президентіміздің идеясы киелі Түркістанның ұлы қасиетінің жандана түсуіне, бүгінгідей ізгілікті істердің атқарылуына бастауда. Осыдан үш жыл бұрын Елбасы Жарлығымен Түркістан қаласының облыс орталығына айналуы Түркі әлеміндегі тарихи оқиға болды. Тарихи шешім шежірелі шаһардың дамуына тың серпін берді. Бұрын аудан орталығы болып келген шағын шаһар қазір мәдени орталықтары көз тартатын жасыл желекті, көрікті қалаға айналып келеді.
Нұрсұлтан Назарбаев Түркістанға сапары барысында алдымен «Тұңғыш Президент саябағын» абаттандыру нәтижелерімен танысты. Жалпы аумағы 38 гектар болатын «Тұңғыш Президент саябағында» сыйымдылығы 100 текше метр жасанды арал пайда болды. Ол үшін су ұңғымасы мен резервуар салынды. Он мыңға жуық ағаш отырғызылып, жолдар төселді. Жаңа демалыс орны ерекше дизайнда жасалған шамдармен жарықтандырылады. Сондай-ақ Елбасы қазақ хандарына арналған мемориалдық кешеннің ашылуына қатысты.
Онда иілген 21 қанатты көруге болады. Бұл Түркістанда жерленген 21 ханды білдіреді. Сондай-ақ осында Елбасы «Ұлы дала бірлігі» атты капсуланы салды. Оның ішінде еліміздің түкпір-түкпіріндегі қасиетті жерлердің топырағы жиналған.
Жобалау құны 1,9 млрд теңге болатын мемориалдық кешеннің жалпы аумағы 0,85 гектарды құрайды. Жаңа нысанның барельефінде қазақ билерінің, қазақ даналарының көркемсөздері қашалған. Шеңбер тәріздес салынған пилондардағы гранит тақтайшаларға қазақ даласын басқарған 21 ханның есімімен қатар, олардың билік жүргізген жылдары да жазылған. Сондай-ақ Елбасы Ахмет Ясауи кесенесінің жанында орналасқан этноауылда болды. «Этноауыл» кешені – қазақ даласының XVIII-XIX ғасырдағы өмірін бейнелейтін жоба. «Әзірет Сұлтан» мәдени қорығының буферлік аймағы мен Ахмет Ясауи кесенесінің бекініс қабырғасы, этнографиялық музейдің ортасында орын тепкен интерактивті этноауылдың аумағы 16 мың шаршы метрді құрайды. Көшпенділер өркениетінен көрініс беретін этноауыл аймағында қазақ даласындағы тұтас бір дәуір бейнеленген. «Этноауыл арқылы XVIII-XIX ғасырдың атмосферасын көрсеттік. Гастрономиялық аймақта Орта Азия елдеріне тиесілі аспаздық өнерді көруге болады. 7, 8, 12 қанатты, барлығы 9 түрлі өлшемдегі киіз үйлер мен «Хан сарайы» тігілген. Ауыл маңында жылқылардың «Табын» мүсіндік композициясы бейнеленген. Ежелгі құдық, садақшыларға арналған атыс тирі де қойылған. Бірнеше аймаққа бөлінген ауылдың жалпы көлемі – 3 гектар. Жоба этнографтардың, тарихшылардың кеңесі бойынша жасалған. Бұл жерде бабалардың заманын көріп қана қоймай, тамақты аспаздармен бірге пісіріп, шеберлермен бірге түйін түюге мүмкіндік бар. Түрлі көріністер түсіруге болады», дейді жобаның ұйымдастырушысы Айко Төкен.
Елбасы Әзірет Сұлтан қорық-музейінің аумағында салынған Яссы ботаникалық бағының даму барысымен де танысты. Бірнеше аллея, лабиринт, сәндік тоғандары бар бақтың аумағы 8 гектарға жуықтайды. Мұндағы жеміс ағаштары мен өзге де мыңға жуық сәндік ағаштардың көшеттері Германия, Бельгия мен Өзбекстан елдерінен әкелініп отырғызылған. Ал жасыл желектер 6 ұңғымадан шығатын сумен суарылады.
Содан соң Нұрсұлтан Назарбаев жаңа музыкалық драма театрдың ашылу рәсіміне қатысты. Бұл театрда түркі әлеміне ортақ қойылымдар сахналанады. Композициялық көрінісі мен сәулеттік келбеті өзгеше ғимаратта тек қазақ актерлері ғана емес, шетелдік танымал шеберлер де өнер көрсетеді. Төрт қабатты өнер ордасының көрермендер залы 510 адамға арналған. Мұндағы вестибюль, кулуарлар, фойе, жинақтау холдары мен VIP залдар ұлттық нақышпен безендірілген. Көрермендерге және қызметтік персоналға шұғыл медициналық көмек көрсететін дәрігерге дейін қарастырылған.
Театрдың бас директоры Айнұр Көпбасарованың айтуынша, өнер ұжымында 190 адам штаттық режімде жұмыс істей алады. Қазір актерлерді жұмысқа қабылдау жүріп жатыр. Олардың қатарында Дубайда, Мәскеуде тәжірибе жинаған режиссерлер мен композиторлар, менеджерлер бар. «Сан ғасырлық тарихы бар осындай киелі өлкедегі өнер ордасы Елбасының бастамасымен және қолдауымен салынды. Бұл өнер орталығының ерекшелігі және тұжырымдамасы – преформативті театр атануында. Яғни қазақстандық қана емес, түркі әлеміне ортақ мемлекеттердің актерлері де келісімшарт негізінде осында жұмыс істейді. Алыс-жақын шетелдерден, республиканың әр өңірінен талантты жас режиссерлер, сценографтар, хореографтар, актерлерді жинаудамыз. Талантты жастардың ішінде Belcanto Вена академиясының түлегі Айя Шәріп, танымал композитор Хамит Шаңғалиев, Watanabe Buber балет академиясын, Ваганов атындағы орыс балет академиясын бітірген Мао Сакай сынды прима-балериналарымыз бар. Театрдың алға қойған жоспары көп», деді Айнұр Көпбасарова журналистерге берген сұхбатында.
Театрда Елбасы «Шаңырақ» миниатюрасын тамашалады. Сондай-ақ «Құрметті қонақтар» кітабына естелік жазба қалдырып, БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді.
«Біз Тәуелсіздік жылдары тағы бір елеулі нысан – Түркістанды салдық. Көп ғасырлық тарихында Түркістанға мұндай қаржы, осыншама көңіл бөлінбеген. Жаңарған бірегей қала», деді Елбасы брифингте. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев қаланың архитектурасы көнетүркілік және заманауи сәулетке негізделгенін атап өтті. Халықаралық әуежайдың әлеуетіне тоқталып, Ыстанбұл, Ташкентпен қатынас жиілеп, туристік маршруттардың көбейетінін айтты. Жаңа жұмыс орындары ашылып, жастарға мүмкіндік туатынын, тұрғын үйлер көптеп салынып жатқанын тілге тиек етті. «Бұл Қазақстан үшін ғана емес, барлығы үшін бірегей қала болады. Керуен-сарайдың бір өзі неге тұрады?! Басқа нысандар, тартымды саябақтар, демалыс орындары бар. Қазір бұрын болмаған басқа қалаға келгендей әсер аласың. Сондықтан барлық түркістандықтарды мемлекеттің осы бір ерекше сыйлығымен құттықтаймын, ал сіздердің мемлекетке сыйлықтарыңыз – ынтымақ, бірлік және Отанымыз үшін еңбек ету», деді Елбасы сөзінің соңында.
Түркістанға сапары барысында Тұңғыш Президентке 480 мыңнан астам кітап қоры бар облыстық ғылыми-әмбебап Farab кітапханасының ерекшеліктері де көрсетілді. Мұнда көне кітаптар, кесенеге жүргізілген ең алғашқы зерттеу жұмыстары жайлы жазбалар сақтаулы. Ауданы 2 600 шаршы метрлік үш қабатты ғимараттың сәулеті кітап беттеріне ұқсас етіп салынған. «Кітапхана басқарушы компанияға берілген. Онда алаңсыз кітап оқып, рухани тұрғыда өзін-өзі дамытуға мүмкіндік мол. Оқырмандар үшін кітап оқу тегін. Балалар бұл жерде өздерін жан-жақты дамыта алады. Farab кітапханасы туристік орталықта орналасқан. Алыстан келген туристер өңірдегі қасиетті жерлерді аралап, тәу етіп шыққанша кемі 4 сағат кетеді. Ата-аналар осы аралықта балаларын кітапханадағы қызметкерлерге алаңсыз қалдыра алады. Оларға ақылы түрде қызықты қызмет түрлері көрсетіледі», дейді кітапхана қызметкерлері. Бұдан бөлек, кітапхана ғимаратында жаңа туындылардың тұсаукесеріне арналған жаңа үлгідегі шығармашылық залы, кәдесыйлар дүкені және кездесулерге арналған жайлы шайхана, басқосу студиясы – коворкинг, компьютерлік сынып, фото және бейнетүсірілімге арналған мультимедиа залы бар. Бұл, әсіресе, блогерлер, фотографтар мен дизайнерлер үшін пайдалы орын болмақ. Кітапханада 3D модельдерін жасауға арналған проекциялық бөлме, каллиграфия және өнер студиясы, қыш құмыра жасауға арналған шеберхана бар. Балалар залында оқудан басқа роботтехника бойынша сабақтар өтеді. Ескі кітаптар, қолжазбалар мен құжаттар архиві назарға ұсынылады. Ғылыми-зерттеу тұрғысынан кітапхананың мақсаты – барлық құжатты, куәліктерді және басқа да маңызды материалдарды бір жерге жинау, оқырмандар мен ғалымдарға қолжетімді ету. Ол үшін барлық ақпарат сандық форматқа ауыстырылады. Екінші маңызды міндет – ескі құжаттар архивін жинап, сақтау. Ол үшін ерекше жағдайлар мен сыртқы факторларды бақылау қажет. Мұндай құжаттарды тотығуға қарсы жабдығы бар арнайы цех қалпына келтіреді. Мамандардың айтуынша, бұл – Орталық Азиядағы жалғыз цех. Үшінші маңызды бағыт – жасанды интеллектіні пайдалана отырып, тарихи кітаптар мен материалдардың үлкен дерекқорын қалыптастыру.
Елбасы барған «Керуен-сарай» – Орталық Азиядағы ең ірі көпфункциялы туристік кешен. Бүгінде ол киелі қалаға келушілердің көзайымына айналған. Инвестициялық жобаны Turkistan Tourism City компаниясы іске асырды. Нысан Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қарама-қарсы «Әзірет Сұлтан» мәдени қорығының буферлік аймағында 20,5 гектар аумақта орналасқан. Мұнда 4 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды. Кешенге Жібек жолы дәуіріндегі саудагерлер мен қолөнершілер көшесі, «ұшатын театр», ат шоуын өткізуге арналған амфитеатр, Шығыс базары, сауда сөрелері, қонақүйлер мен мейрамханалар, СПА және фитнес-орталық, кинотеатр, отбасылық ойын-сауық орталығы кіреді. Бұл ретте барлық құрылымдар су арнасы арқылы байланыстырылған, онда судағы «қайық шеруі» театрландырылған шоуы өткізіледі. «Керуен-сарай» кешені Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен кейін өңірге туристер мен инвестицияларды тартатын басты орталыққа айналуы тиіс.
Түркістанға сапары барысында Елбасы өңірдің экономикалық-әлеуметтік даму барысынан да мағлұмат алды. Облыс орталығының дамуы аудандарға оң ықпалын тигізуде. Өңірде барлық салада тың бастамалар қолға алынған. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістан руханиятқа оң ықпал етіп, кәсіпкерліктің дамуына жол ашқанын және ұлтты ұйыстыратын мекенге айналғанын атап өтті. Аумағы ұлғайып, көркейе түскен қаланың тұрғындар саны да арта түскен. Облыс орталығы болғанға дейін халық саны 165 400 болса, бұл көрсеткіш бүгінде 200 мыңға жуықтаған. Түркістандықтар 100% табиғи газбен, 21,0% сарқынды су жүйесімен, 98,5% орталықтандырылған таза ауыз сумен қамтылған. Облыстың жалпы өңірлік өнімі 2018 жылмен салыстырғанда 41%-ға артып, 2,4 трлн теңгені құрады (2018 ж. – 1,7 трлн теңге), өнеркәсіп өнімінің көлемі 18%-ға, ауыл шаруашылығы өнімі 34%-ға артқан. Соңғы 3 жылда инвестиция көлемі 2,4 есеге ұлғайып, өткен жылы 703,3 млрд теңге болды (2018 ж. – 288,1 млрд теңге), оның ішінде Түркістанға 367,6 млрд теңге инвестиция салынған. Биылға өңірге 800 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланған. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында құны 10 606,4 млн теңге болатын 14 жоба іске қосылып, 1922 жұмыс орны ашылды. Биылғы қаңтар-наурыз айында өндірілген өнім көлемі 708,8 млн теңгені, жалпы өнеркәсіп өнімі көлеміндегі үлесі 18,3 пайызды құрады. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 994,0 млн теңге болды. Жыл басынан бері 11 299 шағын және орта бизнес субъектілері тіркелген, 26 378 адам жұмыспен қамтылған. Шағын және орта бизнес субъектілерінің шығарған өнім көлемі 21,9 млрд теңгені құрады. Пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы ауданы – 4,8 мың шаршы метр. Ал облыс орталығы Түркістан қаласының 2021 жылға арналған бюджеті 115,6 млрд теңге, оның ішінде өзіндік кірістер – 18,7 млрд теңге. Қала бюджетінің 9,7 млрд теңгесі немесе 9,2 % әлеуметтік салаға бағытталған.
Өңірде 134,9 млрд теңгеге өнеркәсіп өнімі өндірілсе, оның 43,7% үлесін құрайтын тау-кен өндіру саласында өндірілген өнім көлемі 58,9 млрд теңге болды. Өңдеу өнеркәсібінің үлесі 45,2% немесе өнім көлемі 61,0 млрд теңгені құрады. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 93,6 млрд теңге болып, 1,7%-ға артқан. 2021 жылдың 1 сәуіріне облыстағы шаруашылықтардың барлық санаттарындағы ірі қара мал саны – 1 239,8 мың немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 106,3%. Құрылыс жұмыстарының көлемі 37,6 млрд теңге болып, өткен жылдың тиісті кезеңіне 2,6 есе артқан. Тұрғын үй құрылысын дамытуға 20,1 млрд теңге инвестиция бағытталған. Жалпы алаңы 96,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Ал күн сайын көркейіп келе жатқан Түркістанның әкімшілік-іскерлік орталығында 7, 9 және 12 қабатты 89 тұрғын үйдің құрылысы (354 мың ш.м.,
5 684 пәтер) бюджет есебінен жүргізілуде. Өткен жылдан өтпелі 7 қабатты 24 үйдің 7-уі (336 пәтер, 19 677 ш.м.) пайдалануға қабылданып, банкке сатуға берілген. Соңғы жылдары басымдық беріліп отырған денсаулық сақтау саласына 2021 жылы бюджет есебінен 15,0 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде 3 млрд теңге медицина мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатына бағытталған.
Түркістанды жасыл қалаға айналдыру бағытында 400 гектар жерге жайғасқан 11 саябақ, 5 жасыл аймақ, 25 аллея мен гүлзар және 29 көше бар. Әр саябақ креативті әрі ерекше, қайталанбас үлгіде салынған. Бекзат Саттарханов көшесінің бойындағы «Желілік саябақтың» көлемі 20 гектардан асады. Саябақта 5 мыңға жуық ағаш, 25 мыңға жуық жасыл бұта егіліп, жасанды тоған орнатылған. Мыңнан астам шаммен жарықтандырылып, субұрқақ, орындықтар, 2 мыңнан астам кіші архитектуралық форма қойылған. Жалпы аумағы 5 гектар жерде орналасқан Нұрсұлтан Назарбаев атындағы жаяу жүргіншілер аллеясы аумағы жарықтандырылып, көпжылдық және гүлді ағаштар егілген. «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің аумағы да абаттандырылып, жарық шамдар орнатылды. Жиырма гектар аумаққа газон төселіп, ағаштар отырғызылды. Суару жүйелері жүргізіліп, жолаяқтар төселді. Субұрқақтар салынып, шағын сәулеттік мүсіндер орнатылды. Сондай-ақ «Нұр-Сұлтан» алаңы, «Жібек жолы» саябағы, «Дендросаябақ», Яссы көшесіндегі «Желілік саябақтың» құрылысы аяқталған.
Түркістанға сапары барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды оң бағалап, облыс орталығының жаңарып, күн сайын өзгеріп жатқанын атап өтті.
Түркістан облысы