Аймақтар • 12 Мамыр, 2021

Қоныс аударған ағайын солтүстіктің қаһарлы қысынан қысылмай шықты

475 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Еңбек» мемлекеттік бағдар­ламасы аясында кейінгі бес жылда Солтүстік Қазақстан облысына 2045 отбасыдан тұратын 6765 адам көшіп келді. Соның ішінде 590 отбасы (1765 адам) былтыр қоныс аударды. Жаман індетке байланысты бүкіләлемдік көші-қон тоқырап жатқан кезде осынша адамның көшіп келгендігі демографиялық жағдайы мәз емес өңірге үлкен олжа болып отыр.

Қоныс аударған ағайын солтүстіктің қаһарлы қысынан қысылмай шықты

Қоныс аударушылардың дені – жұмыс күші артық Түркістан, Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Маңғыстау облыстарынан. Сонымен қатар Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қала­ларынан да бірен-саран көшіп келушілер бар. Олардың негізгі бөлігі, яғни 5811 адамнан тұратын 1688 отбасы ауылдық жерлерге қоныстанған, ал 1 мыңға жуық адамы бар 400-дей отбасы қалалық елді мекендерге орналасқан.

Облыстық Жұмыспен қамтуды үй­лестіру және әлеуметтік бағдарла­малар басқармасының деректеріне қара­ған­да, көшіп келіп жатқан отбасылар мү­шелерінің  саны орта есеппен төрт адам­нан. Ал орташа жасы 35-те екен. Қызыл­жар өңіріне ат басын тіреген ағайын­дардың 30 пайызының – жоғары, 38 пайызының орта арнаулы білімі бар.

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мем­лекеттік бағдарламасы аясында ерікті түрде қоныс аударуға жәрдемдесу есе­бінен еңбек ресурстарының аумақтық ұтқыр­лығы ынталандырылып отыр. Көшіп келген отбасы мүшелерінің әр­қайсысына 35 АЕК мөлшерінде ма­­териалдық көмек көрсетіледі, ал тұр­ғын үйді жалдау және коммуналдық қыз­меттерге ақы төлеу шығындары үшін он екі ай бойы 15-тен 30 АЕК-ке дейінгі мөлшерде ақы төленеді. Сондай-ақ қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс берушілерге субсидия беріледі.

Былтыр солтүстікке көшіп келген 1765 адамның 910-ы – жұмысқа қабілетті. Олардың 31 пайызында – жоғары, 34 пайызында орта арнаулы білім бар. Соның ішінде 542 адам тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды. Ал 142 адам жеке кәсіппен айналысуда. Олардың бәрі дерлік – шағын несие алып, өз кәсіп­терін ашқандар. Ал балалардың бәрі қоныс­тандырылған елді мекендердегі мек­тептерге орналастырылған.

Биыл Солтүстікте қыс қатты болды. Минус 40 градустан асқан аязды күндер аз болған жоқ. Ал қардың қалыңдығы 2017 жылғы қарғын су басқан айрықша жылдан еш кем түс­педі. Тек биылғы мол қар күздің құр­ғақ болуы себепті жерге сіңіп, тез кетті.

«Қоныс аударушы ағайындар қыс­ты қалай өткізді екен, хал-жағдайлары қалай екен?» деген сұраққа жауап іздеп, Қызылжар қаласынан 90 шақы­рым жерде орналасқан Мамлют ауда­нындағы Бостандық ауылына ат басын бұр­дық. Былтыр осы ауылдан шыққан Ерлік Мұхамеджанов деген белсенді азамат Солтүстік Қазақстан университетіндегі әжептәуір қызметін тастап, қоныс аударатын ағайындарды қарсы алуды мақсат етіп, өзінің ауылына бес үй салғанын естіген болатынбыз.

Ерліктің өзі қарапайым, атын шы­ғаруды қаламайтын жігіт екен. «Мен жалғыз емеспін, осы ауылдың көп азаматы менің бастамамды қол­дады. Өйткені қоныс аударушылар келмесе, Бос­тандық ауылы тарап кету қаупінде тұрды. Соның ішінде інім Дидар да үлкен көмек жасады», деді ол. 

Алғашқы үйді Ерлік өзінің жақын туысынан қарыз алып, тұрғызған екен. Үй дайын болғанда оны әкімдік сатып алып, өзінің балансына алған. Одан кейінгі үйлер­ді сол қаражатқа салған. Ақыры үшінші үйді тапсырғаннан кейін ғана  кәсіп­кер таза пайдаға шыққан көрінеді. Қазір бес тұрғын үй пайдалануға беріл­ген, ал екі үйдің іргетасы қазулы жатыр.

Біз Ерлік Мұхамеджанов тұрғызған үйлердің біріндегі отбасына ат басын тіредік. Бұл Қуаныш Кәдірақын деген азаматтың мекені екен. Ол Ал­­маты облысы Көксу ауданының Айнабұлақ ауылдық округінен көшіп келіпті. Қолында бес баласы мен анасы бар. Біз барғанда Қуаныштың өзі әйелімен бірге жол жүріп кетіпті, үйдегі жандардың үлкені болып отыр­ған анасы, 77 жастағы Бижан апаны әңгімеге тарттық.

«Біз былтырғы күзде осында көшіп келдік. Қазақ ауылы деген соң осы мекенді балам өзі таңдапты. Құдайға шүкір, халқы жақсы екен. Қолдарынан келген көмегін жасап тұрады, үйге келіп халімізді сұрап жүреді. Балам өкі­меттен де едәуір қаражат алды», деді апай.

Есік алдында 30-40 қаз жайылып жүр. Осыған қарағанда, Қуаныш қаз өсіруді кәсіп еткен сияқты. Оның мәнісін 19 жастағы үлкен ұлы Рамазан айтты. Шынында да, әкесі көшіп келуші ретінде жеңілдетілген несие алып, қаз өсіруді кәсіп қылып отыр екен. «Тағы да 80 жұмыртқа үйге арналған инкубаторда жатыр, балапан шығарған соң оларды өсіріп, сататын боламыз. Осы ауылда бос қалған бір үйді өзіміз сатып алғанбыз, құс пен малымызды сонда ұстап жатырмыз. Әзірге бір бұзаулы сиырымыз бар, әкем алдағы уақытта малдың да, құстың да санын көбейтемін, жемшөпті мұнда оңай табуға болады екен деп отыр», деді бозбала. Өзі Шымкенттегі діни медре­седе оқиды екен. «Біз қазір жаман індетке байланысты онлайн режімге көшкенбіз. Сондықтан үйде жүрмін, ал іні-қарындастарым осындағы мектепте», деді ол.

Үй-іші жандарының көңіл күйлері жарқын көрінді. Бәрі де ел мен жерге үйреніп қалыпты. Бостандық мектебі оқушыларының санын толықтырып, жабылудан сақтап қалған Жадыра –10-шы, Мұхамедәлі – 9-шы, Әмина – 6-шы, Ибрахим – 3-ші сыныпта оқиды екен. Ауыл мұға­лім­дері осындай көп балалы отбасының ауылдарына келгеніне риза екендіктерін білдіріп жатты.

Бижан апайдан қыстан қалай шық­­­қан­дарын сұрадық. Кейуана әуелі қатты суық болады дегеннен қорыққандарын айтты. «Солтүстік те керемет аяз болады дегенді жиі естігенбіз. Оны да көрдік, ештеңе жоқ, өзіміздей адамдар тұрып жатыр екен. Отын жеткілікті болды, үз­бей жағып отырдық. Үйіміз жылы. Тоңған жоқпыз», деді ол. Ал қардың қалыңдығынан қатты сескенгендерін жасырмады. Суретке түсіріп, ватсаппен ауылдағы туыстарына жіберген екен, ондағылар шошып қалыпты. «Тіпті осында көшіп келеміз деген бір туысымыз қардың биіктігінен қорқып, ойынан айнып қалды», деді ол. Тағы бір қызық жайт – үй иесі Қуаныштың аузынан қан аға беретін ыңғайсыз дерті бар екен. Тіпті жиі жатып қалатын көрінеді. Біздің жаққа келгелі онысы сап тыйылыпты. Ал өз ауылына бір жұмыспен барғанда қайтадан қозыпты. Қайтып келгенде тағы тыйылыпты, анасы соған да риза.

Іргелес үйдегі көршілері де Тал­дықор­ған өңірі­нен көшіп келіпті. Тегі Әбдіғали деген азамат­ты Қуаныш ертіп әкелген екен. Бұл үйде де тек балалар отыр, үлкендері шаруаларымен жол жү­ріп кетіпті. Отбасында жеті бала бар екен, бәрі де – Бостандық орта мек­тебінің оқушылары. Ең үл­кені Меруерт – 14-те, Мәдина – 13-те, Әли-12-де, Әлина – 11-де, Ару – 10-да, Медине – 8-де... Назер­кесі әлі 2 жаста ғана екен. Өз­дері сақ, «біз сіздер­ге тегімізді, әке-шеше­­міздің аттарын айт­пай­мыз, ата-анамыз ұрсады», дейді. Ол да дұрыс шығар...

Қарға тамырлы қазақ қилы заман­да Қытайға, Ауғанстанға, Иранға, Түркияға және басқа елдерге де тас­тай батып, судай сіңіп жатты емес пе? Қазір өз егемен елінде, өздерін қолдайтын ағайындар мен өкімет барында жаңа қонысқа сіңбеуші ме еді? Ал суыққа адам үйреніп алады, қазір өмірде керісінше, оңтүстіктен келген адамдардың солтүстікте аса тоңа қоймайтынын көріп жүрміз.

Әйтеуір, елдің шетінде, желдің өтінде орналасқан Қызылжар өңі­ріне бет түзеген үлкен көш тоқ­тамайтынына сенім бар. Қазір тіпті 30-40 отбасын бір ауылдай етіп бір-ақ көшіріп әкелуді жос­парлап жүрген іскер азаматтар да бар. Ондай кәсіпкерлерге тек жалға жер алу үшін бұрын бөлініп кеткен егістіктер мен жайылымдарды қайта үлестіру мәселесі ғана қолбайлау болуы мүмкін. Бірақ жергілікті билік қолға алса, бұл да шешілмейтін түйін емес.

 

Солтүстік Қазақстан облысы