Медицина • 12 Мамыр, 2021

Қой десе де қоймайды, заңсыз тойлайды

241 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Індет жайлап жүргеніне жұрт әлі де өз басына түспеген соң сенбей, түрлі жел сөзге ерік беріп отырса да, бұл кеселден көз жұмып жатқандар бар ма, бар. Осы жолдар жазылып жатқан кезде Алматыда 3,5 мың адам ауруханада індетпен күресіп, жанымен алысып жатыр деуге болады. Соңғы күндері мегаполисте індеттің таралуы бәсең тартқандай болғанымен, тек 9 мамырда 570 адамның жаңадан індет жұқтырғаны тір­келді.

Қой десе де қоймайды, заңсыз тойлайды

Барлық инфекциялық стацио­нарларда 3 513 науқас емделіп жатса, оның ішінде 108 бала, КВИ жұқтырғандардың 80%-дан аста­мын­да ауру белгілері бар. Бірақ қой десе де, қоймай тойлатып, сайран салып жүр­гендер жеткілікті. Осы мереке күндері мега­полистегі «Пинта», «Hazbin», «В шатрах», «Достар», «Мята» сияқты карантин тәртібіне көн­бейтін дәмхана, бар, түнгі клубтар қатары анықталды.

Мониторингтік топтар 20 нау­рыз бен 10 мамыр аралығында жүздеген мекемелерді тексеріп, 795 карантин шектеулерін бұз­ған­дарды анықтады. Сондай-ақ 3 320 жеке тұлғаға әкімшілік айыппұл салынды. Тексе­ру­ші­лер демалыс күндері де жұмы­сын тоқ­тат­қан жоқ. Ойын-сауық мекемелерінің каран­тиндік шараларды сақтауын тексеру 7 мамырға қараған түні және дүйсенбіге дейін күшейтілді. Тексеру барысын­да полиция, әкімдік және кәсіпкерлер палатасы қыз­меткерлерінен тұратын мобильді топтар қоғам­дық тамақтану, сауда нысандарын, ком­пьютерлік және лото клубтарды аралап көрді.

Мобильді топ өкілдерінің айтуынша, Ал­ма­тының сауда және қоғамдық тамақтану орындарында COVID-19 бо­йынша эпидемияға қарсы та­лаптардың сақталуына мониторинг күн сайын, демалыс күндері және түнде жүргізілген. Мысалы, 7 мамырға қараған түні Алматыда карантиндік ша­ра­лардың бұзушылықтары «В шатрах» мейрамханасында орын алған. Онда 40-қа жуық келуші болған. Сондай-ақ Алмалы ауданында 40 келуші болған «Лото клуб» жұмыс істеген. 8 ма­мыр­ға қараған түні Бостандық ауданының мониторингтік тобының өкілдері «Пинта» ба­рында бұзушылықтарды анық­тады. Сол түні сол ауданда «Hazbin» түнгі клубы жұ­мыс істеді, онда шамамен 80 адам болды. 9 мамырдан 10 мамырға қараған түні қа­лада тәр­тіпке ба­ғынбаған тағы 11 нысан анық­талды. Өкі­нішке қарай, әлі де Ал­маты тұрғындары мен қонақ­тары­ның бәрі бірдей пандемия жағдайында өмір сүріп жат­қанымызды есте сақтамайды. Дәмхана мен мейрамханаларға топталып бару тыйылмай тұр. Қадағаламаса, қызметкерлер де бетпер­де кимейді, әкімшілер өз мекемелеріне бел­гіленген уақыттан артық жұмыс істеуге мүм­кіндік береді – нәтижесінде осының барлығы індеттің жұқ­тыру қаупін арт­тырып отыр. Оның үстіне мутацияланған бри­тандық және оңтүстікафрикалық КВИ штам­дарының айналымына байланысты симп­томатикалық науқастардың саны көбейіп тұр.

Бүгінгі таңда Алматыда 214 вак­циналау пункті жұмыс іс­тейді, барлығы Алматы қала­­сының 250 мың тұрғыны вакциналанды. Ұжымд­ық им­му­нитетті қалыптастыру және пан­демияға дейінгі өмірге оралу үшін мегаполис халқының 60-75%-ын вакциналау қажет.

 

АЛМАТЫ