Хоккей • 12 Мамыр, 2021

Хоккейшілер Латвияға аттанды

263 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Санаулы күндерден соң Балтық жағалауында орналасқан Латвия астанасы – Ригада шайбалы хоккейден кезекті әлем чемпионатының шымылдығы түріледі. 21 мамыр мен 6 маусым аралығында өтетін жаһандық додада дүние жүзінің ең мықты деген 16 елінің құрамалары бақ сынайды. Бәсекелер 10 226 көрерменді сыйдыра алатын «Рига Арена» және 6 мың адамға есептелген Олимпиадалық спорттық орталығында өтеді.

Хоккейшілер Латвияға аттанды

Әлем біріншілігінде Латвия, Финляндия, АҚШ, Германия, Канада, Италия және Норвегия құрамаларымен В тобында өнер көрсететін Қазақстан хоккейшілері 29 сәуірден бастап елордадағы «Барыс Арена» спорт кешенінде дайындықтарын пысықтап, бірер күн бұрын Латвияға аттанып кетті. Жаһандық дода басталғанға дейін Юрий Михайлис шәкірттері 13 және 15 мамырда Беларусь құра­масымен екі мәрте дайындық ойы­нын өткізеді деп жоспарланған.

Еліміздегі екі аптаға жуық жат­тығудан кейін ойыншылардың әлеуетін байқаған бас бапкер әлем чемпионатында өнер көрсететін 28 хоккейшінің есімін атады. Ри­га­дағы бәсекелерде негізгі қақпашы Хенрик Карлссон екені сөзсіз. Дегенмен, Ю.Михайлис қосалқы қақ­пашылар – Андрей Шутов пен Никита Бояркинге де өз­дерін көр­сетуге мүмкіндік бере­тінін айтты.

Қорғаныс Даррен Диц, Алек­сей Маклюков, Иван Степаненко, Джесси Блэкер, Виктор Сведберг, Егор Шалапов, Самат Данияр, Валерий Орехов және  Кирилл Поло­ховқа сеніп тапсырылып отыр. Ал шабуылда Роман Стар­ченко, Евгений Рымарев, Антон Са­гадеев, Павел Акользин, Алек­сандр Шин, Саян Данияр, Әлихан Әсетов, Дмитрий Шевченко, Ни­кита Михайлис, Кирилл Панюков, Дмитрий Гурков, Кертис Волк, Кирилл Савицкий, Аркадий Шес­таков, Артем Лихотников және Егор Петухов секілді «Барыс» пен Өс­кеменнің «Торпедосын» өрге сүйреген тәжірибелі хоккейшілер өнер көрсетеді.

Латвияға баратын негізгі құ­­рам­ды жариялағаннан кейін ұлт­тық құраманың бас бапкері Юрий Михайлис өз пікірін біл­дірді. «Ұлттық құрамаға шақыр­ту ал­ғандардың барлығы да халық­аралық аренада Қазақстанның намы­сын қорғауға лайықты жігіт­тер. Жиынға шақырылған хоккей­шілердің бәрін бақылап, үміт­керлерді соңғы күнде бір-ақ анық­тадық. Таңдау оңай болған жоқ. Ал әлем чемпионатына баратын 28 хоккейшінің тізіміне енбей қалған хоккейшілерге болашақта үміт артатын боламыз. Олар – Дмитрий Гренц, Дмитрий Степанов, Әділ Бекетаев, Александр Писарев, Ма­дияр Ибрайбеков, Михаил Рах­манов, Максим Мусоров, Лео­нид Метальников, Демид Ере­меев. Ал Леонид Метальников жара­қатынан жазылып, Ригада бізге көмектесе алады деп соңына дейін күттік. Бірақ екіжақты матч­тан кейін ол өзі келіп, ойнауға әлі 100 пайыз дайын емес екенін айтты. Ол жарақатынан әлі толық айыққан жоқ. Менің ойымша, бұл нағыз ер жігітке сай әрекет болды. Біз басқа қорғаушыға мүмкіндік бердік», деді Ю.Михайлис.

Әлем чемпионатының жарыс кестесіне сәйкес, Қазақстан құ­ра­масы өзінің тұсаукесер кездесуін 22 мамырда айдын иеле­рімен өткізеді. Келесі күні Финлян­дия­мен күш сынасады. Ал одан кейінгі күндері мынадай командалармен шеберлік байқасады: 25 мамыр – АҚШ, 26 мамыр – Германия, 28 мамыр – Канада, 29 мамыр – Италия және 31 мамыр Норвегия хоккейшілерімен кездеседі. Егер жерлестеріміз сегіз құраманың ішінде алғашқы төрт орынның бірін иеленсе, плей-офф кезеңіне жолдама алады.

Тарихқа көз жүгіртер болсақ, Қазақстан құрамасы бұған дейінгі әлем чемпионаттарына сегіз рет қатысқан екен. Өкінішке қарай, жерлестеріміз сол жарыстардың бірде-біреуінде мақтанарлықтай нәтижеге қол жеткізе алмады. Төрткүл дүниенің мықтылары бас қосқан жарыста жерлестеріміз мынадай орындарды иеленді: 1998 жыл – 15-орын, 2004 жыл – 13-орын, 2005 жыл – 12-орын, 2006 – 15-орын, 2010 жыл – 16-орын, 2012 жыл – 16-орын, 2014 жыл – 16-орын және 2016 жыл – 16-орын.

Тағы бір айта кетер жайт, әлем чемпионатының ережесі бо­йынша, топтық кезеңде ең соңғы орын алған команда төменгі дивизионға сырғитын. Алайда биыл І дивизионда әлем чемпионаты өткізілмегендіктен, элиталы топтағы командалар өз орындарын сақтап қалады.