Аймақтар • 12 Мамыр, 2021

Риддердегі өрт толықтай сөндірілді

436 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шығыс Қазақстан облысы Риддер орман шаруашылығында шыққан тілсіз жау толықтай ауыздықталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Риддердегі өрт толықтай сөндірілді

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 12 мамыр сағат 14.30-дағы жағдай бойынша, жалпы ауданы 272,4 гектарды шарпыған дала өрті өшірілді.

«Қызыл жалын осыдан екі күн бұрын сағат 13.55-те Риддер орман шаруашылығында шыққан болатын. Екпіні секундына 20 метрге дейін жеткен желдің салдарынан өртті сөндіру қиынға соқты. Тілсіз жаумен күреске жеке құрамнан 493 адам, 69 техника және 2 тікұшақ жұмылдырылды», деп хабарлады ведомство өкілдері.

Айта кетейік, 10 мамырда Шығыс Қазақстандағы Риддер орман шаруашылығында алапат өрт шықты. Өрттен 1 адам қаза тауып, тағы екеуі жарақаттанды. Осы орайда Президент Үкімет пен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі тілсіз жаудан зардап шеккен Лесхоз кентінің тұрғындарына көмек көрсетіп, баспанамен қамтамасыз етуді тапсырды.

Ал 11 мамыр күні сағат 18:20-да өрттің таралуы тоқтатылды. Қала әкімдігінде құрылған комиссия тұрғын үйлерге қатысты материалдық шығынды анықтауға кірісті.