Әлем • 13 Мамыр, 2021

Меркельдің мемлекетшілдігі

390 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жаңа мыңжылдық басында Германия экономикалық қиындыққа тап болып, Еуропадағы қораш елге айналған-тұғын.

Меркельдің  мемлекетшілдігі

Алайда 15 жылдың ішінде немістер ішкі нарықты дамытып қана қоймай, кәрі құрлықтың арқасүйер тірегіне айналды. Бүгінде әлемдегі төртінші экономика саналады. Германияның бүгінгі жетістігінің басты себебі негізінен бір саясаткерге, немістердің «Анасы» саналған Ангела Меркельге тікелей байланысты.

Меркель ханымның өмірбаянына көз жүгіртсеңіз, нағыз мемлекетшіл тұлғаның бол­мысына қанық боласыз. Шығыс Гер­ма­ния­да қарапайым отбасында дүниеге келген ол еңбек жолын ГДР Ғылым академиясында бастайды. «Берлин қабырғасы» құлатылып, екі Германияның бірігуі Ан­геланың өміріне үлкен өзгеріс әкелді. Бұған дейін ғылым саласында қызмет етіп, док­тор­лық жұмысын қорғап жүрген ол көп ұзамай үлкен саясатқа араласа бастады.

1991 жылы Германияның сол кездегі канцлері Гельмут Коль оны Әйелдер мен жастар ісі жөніндегі министр етіп та­ғайын­дайды. Үш жыл осы саланы ұшпаққа шығар­ған­нан кейін Қоршаған ортаны қорғау жө­нін­дегі министр ретінде төрт жыл тер төкті. Ал 2000 жылы Ангела ханым Христиан-демократиялық одағының (CDU) төрағасы болып сайланды.

2005 жылғы федералды сайлауда CDU партиясы жеңіске жетті. Нәтижесінде, партия төрағасы Меркель Германия канц­лер­лігіне сайланды. Содан бері жолынан жа­ңыл­ған жоқ. Әдетте ел президенті бірнеше канц­лерді ауыстыратын болса, Ангела ханым төрт президентті ауыстырды.

Ол ел басқарған кезеңде бірнеше дағ­да­рыс­ты еңсерді. 2007-2008 жылғы ж­а­һандық дағдарыс кезінде немістер міз баққан жоқ. Бұл аз десеңіз, кезінде Грекияның шаруасы шайқалып, Еуропалық одаққа қауіп төндіргенде кәрі құрлықты аман сақтап қалған да осы немістердің «Анасы» (Mutti). Содан бері Меркельді Германияның ғана емес, бүкіл Еуропаның канцлері санайды. Қайбір жылы Time журналы оны әлем канцлері деп те сипаттаған еді.

Бұдан бөлек Меркель елдегі жалақы мөлшерін айтарлықтай өсіріп, жұмыс­сыздықты бірнеше есе қысқартты. Міндетті әскери қызметті алып тастады. Аналарға қоса, әкелерге де отбасында дүниеге келген балаға арнап жәрдемақы тағайындады. Сыртқы саясатта да, ішкі саясатта да ұста­нымынан айныған жоқ.

Канцлердің өмірбаянын зерттеген жур­налистердің айтуынша, Меркель әрдайым нақты деректерге қарап шешім қабылдайды. Мәселен, кезінде ол Алманияда атом энергия стансасын салуды қолдайтын. Бірақ 2011 жылғы Фукусимадағы апат канцлердің көзқарасын түбегейлі өзгертті. Содан бері Германия біртіндеп атом энергетикасынан бас тартып келеді.

2015 жылы бүкіл Еуропа босқындар дағдарысына тап келгенде де соңғы шешімді Меркель айтты. Аталған мәселені талқылау барысында оның айтқан Wir schaffen das (Мұны да еңсереміз) деген қанатты сөзі бүгінде шартараптың түкпір-түкпіріне танымал. Кәрі құрлықтың мемлекеттері Африка мен Таяу Шығыстан ағылған көші-қонды тоқтата алмай басы қатқанда канцлер миллиондаған босқынды қабылдауға әзір екенін мәлімдеді. Алғашқыда бұл шешімді сынағандар көп болды. Алайда уақыт өте келе Ангела ханымның дұрыс қадам жаса­ға­ны мойындалды.

Меркель ешқашан байлыққа қызыққан емес. Оның қарапайымдылығын немістер ауыздарының суы құрып әңгімелейді. Заң бойынша канцлерге Bundeskanzleramt деп аталатын кешеннен аумағы ат шаптырым арнайы қызметтік пәтер берілді. Бірақ Ангела ханым одан бас тартып, Берлиннің бір бұйығы бұрышындағы шағын баспанасында қала беруді жөн санаған.

Меркельдің шетелдегі шоттарында мил­лиондаған доллар ақша жоқ. Қымбат әшекей тағып, яхта сатып алған да емес. Тіпті мінетін көлігі де қарапайым Ауди А8 маркалы машина. Ол түрлі «сөлкебайларға» құмар емес. Сондықтан шығар, оған Германияның екі-ақ ордені берілген. Оның өзінде, үшінші және алтыншы деңгейлі «Германия Федеративтік Республикасына сіңірген еңбегі үшін» ордені. Есесіне, канцлердің ғылыми ең­бек­те­рі жетерлік.

16 жыл ел басқарып, Германияны же­тек­­ші мемлекетке айналдырған неміс «Анасы» биыл канцлерлік қызметімен қош­та­­сады. Ол – өз ісімен де, сөзімен де нағыз мем­ле­кет­шілдіктің қандай болатынын дәлел­деген тұлға. Осындайда Қазақстандағы түрлі салада еңбек етіп жүрген шенеуніктер Меркель ханымнан үлгі алса дейсің...