Парламент • 13 Мамыр, 2021

Халықпен 200-ден астам кездесу өткізді

312 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сенаторлар өткен аптада ел аймақтарында сапарда болды. Астана мен республикалық маңызы бар қалалар және еліміздің барлық облысы түгел қамтылды. Сенаторлардың мұндай дәстүрлі сапарларының басты мақсаты – халықпен кездесу және азаматтарды толғандыратын мәселелерді талқылау болып табылады. Сенаторлар бұл жолы 200-ден астам кездесу өткізді, жерлестерінің аманатын жинақтады, еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған реформалар мен Палатаның заң шығару қызметінің нәтижелері туралы хабардар етті.

Халықпен 200-ден астам кездесу өткізді

Депутаттар сапар барысында әлеуметтік маңызы бар нысандарды, оның ішінде мектептерді, ауруханаларды, спорт кешендерін аралады. Олар бірқатар құрылыс және жөндеу жұмыстарымен, сондай-ақ пандемия кезіндегі жұмыс ерекшеліктерімен таныс­ты. Депутаттар, бір жағынан, оларды шешу үшін заңнамалық өзгерістерді талап ететін жүйелі проблемаларды анықтауды, екінші жағынан, сенаторлар өз бақылауына алатын жергілікті мәселелердің тізімін жасауды өздерінің басты міндеті ретінде белгіледі.

Сенаторлар Отан қорғаушы күні мен Жеңіс күні қарсаңында әскери қызметшілермен, құқық қорғау органдары мен сот жүйесінің қызметкерлерімен кездесті. Осы кездесулерге қатысушылар әскери қызметшілерді әлеуметтік қорғауға және болашақ офицерлерді даярлау сапасынан бастап сот төрелігін іске асыру жүйесін жетілдіруге бағытталған жаңа заңдарға дейінгі ауқымды мәселелерді талқылады.

 

* * *

Сенатор Мұхтар Құл-Мұхаммед еліміздің Қорғаныс министрлігінің жетекші әскери оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамымен және курсанттарымен кездесу өткізді. Сенатор жоғары білімді, ұтқырлығы және тәртібімен ерекшеленетін әрі ел тағдырына жауапкершілікпен қарайтын курсанттарды оқыту жоғары дәрежеде ұйымдастырылғанын атап өтті, сондай-ақ жоғары әскери оқу орындарының басшыларына олардың жұмысы үшін алғыс айтты.

«Еліміздің егемендігі,  аумақтық тұтастығы, оған ешкімнің  тиіспейтіні және оның бөлінбейтіндігі, этносаралық келісім мен халқымыздың бірлігін сақтау және болашақ ұрпаққа жеткізу қажеттігі – басты құндылықтар», деп атап өтті М.Құл-Мұхаммед.

 

* * *

Әлеуметтік сала қызметкерлері осындай кездесулер барысында сенаторлар алдында республикалық деңгейде өз шешімдерін талап ететін жүйелі мәселелерді көтерді. Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Ольга Перепечина Солтүстік Қазақстан облысында өңірдің медицина қызметкерлерімен денсаулық сақтау саласын қаржыландыру мәселесін талқылады. Онкологиялық науқастарға химиотерапиялық көмекті қаржыландырудағы қиындықтар, медициналық жабдықтардың қолжетімділігі және денсаулық сақтау ұйымдарының шығындары проблемалардың бірі болып отыр.

«Дұрыс ыңғайлы және тиімді емдеуді қамтамасыз ету сіздердің міндеттеріңіз, бірақ ол жеткілікті дәрежеде қаржыландырылмаса мүмкін болмайды. Жыл сайын республикалық бюджеттің қомақты көлемі денсаулық сақтау саласына бағытталады. Аталған проб­лемалар басқа өңірлерде де кездеседі деп ойлаймын. Тиісінше, мұндай мәселелерді Денсаулық сақтау министрлігі деңгейінде көтеру қажет. Мен онымен айналысатын боламын», деді сенатор О.Перепечина.

 

* * *

Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Дәурен Әділбековтің Ақмола облысы Сандықтау ауданының тұрғындарымен кездесуінде де денсаулықты сақтау мәселелері көтерілді. Депутат сапар барысында барлық қойылған талаптарға сәйкес келетін әрі толық жабдықталған жаңа спорттық-сауықтыру кешенінде болды. Сенатор елімізде бұқаралық және балалар спортын дамытуға ең жоғары деңгейде ерекше назар аударылып отырғанын атап өтті. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында және биылғы жылдың қаңтарында VII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде дәл осы міндетті шешудің басымдығын атап өткен болатын.

«Бүгінгі таңда елімізде спорт инфрақұрылымын көбейтуге баса назар аударылып отыр. Мұндай нысандардың құрылысы бұқаралық спорттың дамуына серпін береді, демек, саламатты өмір салтын ұстанушылар санын арттырады. Бұл тұрғыда Сандықтау ауданы облыстағы спорт көшбасшыларының бірі болып табылады», деп атап өтті Д.Әділбеков.