Аймақтар • 13 Мамыр, 2021

Суды үнемдеу ел үмітін ақтай ма?

723 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары Сырдария өзе­нінің арнасы күрт түсіп, дария жағалауындағылардың ала­ңы көбейіп отырғаны белгілі. Тіпті су мол жылдары әр көктем жұрт­­ты әбігерге салып қоятын Сыр­дың долы мінезін де сағына бастағандаймыз.

Суды үнемдеу ел үмітін ақтай ма?

Әрине, облыс эко­номикасы мен экологиясының өзегіне айналған өзендегі бұл жағ­дай кім-кімге де оңай тимейді. Бірақ дәл қазір ертеңнен үміт­теніп, дән сепкен қауымның қаупі күшейіп тұр.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының дерегінше, биыл 188,2 мың гектар егiн егу межеленіп отыр. Оның ішінде негізгі дақыл күріш көлемі былтырғыдан 5 гектарға азайып, 84 мың гектарға себіледі. Оның есесіне көкөніс-бақша, малазықтық дақылдар алқабы ұлғаяды.

Бүгінге дейін жаңа жоңышқа, мақсары, жаздық бидай мен арпа, сұлы, қант құмайы толық егіліп бітті. Жақын арада соя, жүгері, картоп пен көкөніс, бақша өнімдерін егу аяқталады. Көктем кеш шыққандықтан күріш дәнін себу сәуірдің соңғы онкүндігінде басталды.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2016-2025 жылдарға арналған бассейндер мен облыстар жағдайында суды пайдалану лимиттерін бекіту туралы бұйрығы бар. Сол құжат негізінде әр жылы облысқа егін мен экологиялық қажеттіліктер үшін 5 млрд текше метр­­ден асатын су бөлінуі тиіс еді. Был­тырдан бастап осы бұйрыққа «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясы су пайдаланушылардың сұранысы мен дария арнасындағы жағдайға орай өзгеріс енгізе алатын болды.

Мысалы, биыл экологиялық қажет­тілікке арналған су бұрынғы көлемде қалдырылды да, егінге арналған 4,1 млрд текше метрдің 12 пайызы қыс­қарды. Өйтпеске амал жоқ, дарияның саға­сындағы мемлекеттер де қазір тамшы санап отыр. Осы күні Тоқтағұл су қоймасының аясында 9,3 млрд текше метр су жатыр. Бұл былтырғыдан 2,6 млрд текше метрге аз. Өзіміздегі Шардараның шарасында жиналып тұрғаны 4,5 млрд текше метр. Оған Көксарай су реттегішіндегі 1,5 млрд текше метрді қосыңыз. «Осыған да шүкір» деп көңіл жұбатқымыз келгенмен де Шардараға биыл жоғарыдан түсетін судың күрт азайып кеткендігі көңілдегі күдігімізді қоюлата түседі.

– Егер Шардараға вегетациялық кезеңде тағы 2,5-3 млрд текше метр су түспесе, онда жағдай оңалып кетеді деп айту қиын, – дейді «Қазсушар» РМК облыстық филиалы директорының орынбасары Жорабек Ерназаров.

Қазір Шардарадан дария арнасына секундына 250, ал Көксарайдан 300 текше метр су түсіп, облыс шекара­сына соның 490 текше метрі жетіп тұр. Былтыр мамыр айының алғашқы он­күндігіне дейін егістік алқаптарды суа­руға 1 млрд 73 млн текше метр су алын­ған, қазіргі көлем – 835 млн текше метр. Өткен жылы осы мерзімде Қы­зылорда су торабынан секундына 110 тек­ше метр су өткен, қазір ол 70 текше метр­ге түскен. Мамандардың айтуынша, бұл проб­лема дәл қазір мемлекетаралық ко­миссия отырысында талқыланып жатыр.

Облыста егіс шаруашылығын әрта­раптандыруға түрткі болып отырған мә­селенің бастысы да осы су тапшылығы. Соңғы жылдары Шиелі мен Жаңақорған диқандары көкөніс-бақша өнімдерін тамшылатып, ал қазалылықтар жүгеріні жаңбырлатып суару әдісіне көшкен.

Дәл осындай тапшылық 2008, 2014 жылдары байқалыпты. Ал 2017 жыл­дың көктемінде секундына түскен 800-1400 текше метр су арнаға сыймай абыржытқаны бар. Облыстық табиғат­ты реттеу және табиғи ресурстар басқар­масының басшысы Бауыржан Шәменов осындай сәтте артық суды жинап алудың маңыздылығын айтып отыр. Облыс аумағынан жалпы сыйымдылығы 2,3 млрд текше метр су жинайтын 6 су қой­масын салу жоспарланып отыр екен. Олардың кейбірі дария арнасынан тікелей су алмайды, қашыртқы суды жинап, ол шабындық алқаптарды суландыру, балық шаруашылығын дамыту үшін пайдаланылады. Кейбір жобалардың техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жіберілді.

Жуырда облысқа Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің сапары бары­сында тағы бір түйткілді мәселе шеші­мін тапты. Облыс бюджеті арқылы Арал ауданындағы Аманөткел ауылы маңынан су торабын салудың жоба-сме­талық құжаттамасы мен техникалық-экономикалық негіздемесі жасалып, оны жүзеге асыру республикалық бюджет есебінен қарастырылатын болды.

Қамыстыбас – Ақшатау көлдер жүйелеріндегі су деңгейін ұстап, толтырып отыруға мүмкіндік беретін жоба. Бұл Сыр табиғатын қорғаудағы үлкен қадамның бірі болмақ.

 

Қызылорда облысы