Мұндай салт-дәстүрімізді сақтауда Қошанкөл ауылының тұрғындары өзгелерге өнеге болып келеді. Мұнда жылқы ұстамайтын отбасы сирек кездеседі. Соның бір көрінісіндей, аудан орталығынан Қошанкөл ауылына қарай баратын күре жолдың бойында тұяғымен жер тарпыған сәйгүліктің қоладан соғылған ескерткіші тұр.
Қошанкөл ауылында жылқыға арналған музей де бар. Мұнда қасиетті түлікті сипаттайтын сан түрлі экспонаттар мен ат әбзелдері, жылқыға қатысты мазмұнды анықтамалықтар, танымдық материалдар қойылған. Музейдегі жергілікті мүсінші шеберлер соққан ат мүсіні де ерекше көз тартады. Қошанкөл ауылдық округінің әкімі Ернар Ілиясов музейден орын алған жәдігерлердің бәрі ауыл азаматтарының шын жанашырлық пейілдерінің арқасында жинақталғанын айтып берді. Сонымен бірге ол ауылда ат спортына қатысты іс-шаралар, қыз қуу, көкпар тарту, аударыспақ секілді ұлттық ойындар, тай, құнан, дөнен жарыстарын өткізу дәстүрге айналғанын жеткізді.
– Еліміздің өзге өңірлерінде жылқыға арналған музей бар-жоғын дөп басып айта алмай тұрмын. Егер болмаса, онда біздің ауылдағы республикадағы жалғыз музей болып шығады. Ең бастысы, ауылымызда жылқының қадір-қасиетін ұғынатын ұрпақ өсіп келеді, – дейді ол.
Ауыл тұрғындары тек мал өсіріп, мал бағып қоймай, сонымен бірге бұрын айналысып көрмеген тың кәсіптерге де бет бұра бастаған. Бұған «Бастау Бизнес» бағдарламасының шапағаты тиіпті. Аталған жоба шеңберінде қошанкөлдіктер көлемі 500 мың теңге көлемінде қайтарымсыз несие алып, пайдалы іспен шұғылдана бастаған. Осы орайда тұрғындар жаңа кәсіптің әліппесін игеру үшін «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының өңірлік өкілдігі жанындағы онкүндік онлайн курстан өткен.
Жаңа кәсіптерді игеру, әсіресе тұрмысы төмен отбасылар үшін өте тиімді әрі ыңғайлы болып отыр екен. Шағын несиесін өтеу үшін тұрғындардың бірі шағын наубайхана ашса, екіншісі тауық өсіруді қолға алған.
Қошанкөл – жылқыға ғана емес, қойға да бай ауыл. Соңғы жылдары қойдың жүнін қайта жіберерін білмей, дал болғандары да аз емес. Кейін тағы осы «Бастау Бизнестің» көмегімен қой жүнін түтіп, өңдейтін шағын аппарат сатып алған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген «Халық үніне құлақ асатын Үкімет» жобасы негізінен электронды форматқа негізделгені мәлім. Мұндай жаңашылдық пен қызмет көрсету үрдісі шалғайдағы Қошанкөл ауылына да жеткен. Ауылдағылар электронды қызмет арқылы қажетті анықтамаларды үйде отырып-ақ ала алады.
Қошанкөл ауылының тұрғындары өңірге сүбелі үлес қосқан азаматтарын да ардақтай біледі. Өмірден өткендеріне тағзым етіп, көзі тірілеріне құрмет көрсетуді дәстүрге айналдырған. Осы орайда олар өткен ғасырдағы жетпісінші жылдардың аяғы мен сексенінші жылдардың басында Қошанкөл совхозның директоры болған Сәлімгерей Асанғалиевке ескерткіш мүсін орнатыпты.
– Кеңестік кезеңдегі «қызыл директорды» дәріптегені қалай деуі де мүмкін, біреулер. Бірақ қошанкөлдіктер үшін Сәлімгерей ағаның орны бөлек. Ол кісі шөп шабу, егін ору және мал өсіру секілді тапсырманың тасасында қалып қоймай, ең бірінші кезекте ауыл тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына ерекше ден қойған азамат. Өзі басқарған кезде ауылымызды облыстағы ең дамыған, ең сәулетті шаруашылықтың біріне айналдыра білді. Мұнда мәдениет үйі, балабақша, қоғамдық монша, орта мектеп және әкімшілік ғимараттар бой көтерді. Сол үшін өзі мүшесі болып табылатын компартиядан құқай көріп, қызметінен алынды. Оның есімін жерлестеріміз қашанда құрмет тұтады. Өзі тұрғызған мәдениет үйінің алдына асыл азаматқа арналған ескерткіш қоюымыздың мәні осында, – дейді ауыл әкімі Е.Ілиясов.
Ауыл тұрғындарының бойындағы тағы бір жақсы қасиет – өз ауылын шексіз сүйіп, оның бір кәдесіне жарауға әрқайсысының әзір тұратыны. Өздері туып-өскен топырақты қадірлеп, қашанда оған жанашырлықпен қарайтын қошанкөлдіктердің бұл жақсы қасиеті өзге ауыл тұрғындарына да сіңісті болса игі.
Темір ҚҰСАЙЫН,
журналист
Батыс Қазақстан облысы,
Қазталов ауданы,
Қошанкөл ауылы