Өнер • 13 Мамыр, 2021

Жазға сәлем жолдайық

1075 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жаз таяп қалды. Ал астанада өрік ағашы енді гүлдеп жатыр. Әне-міне әдеттегідей оңтүстікте шие жемісі қыздың ерніндей қызарғалы тұр. Карантиндегі көктемнің қай қылығына тамсанасың. Көбіктей жеңіл, табыттай ауыр күндер күнтізбеден құлауда.

Жазға сәлем жолдайық

Ертеңінен үміт күтетін ежелгі қазақтың әдетінше жазғытұрым орнап, жақсылықтың жұпар иісін жұтуға бейімбіз. Бетперде бөртегүл иісін сездірмеді. Осындайда жайлауға тарта жөнелсе ғой дейсің. Төзімімізді тоздырған тәуліктің ережесіне бағынбай, самал ауамен еркін тыныстайтын.

Бейнелеу өнеріне қатысты термин­дерді тізіп жазуға болар еді, бірақ біз өзіміздің көңіл таразымызбен өлшегенді жөн көрдік. Ендігі әңгіме қазақтың бағына берген даңқты суретші Әбілхан Қастеевтің «Жайлау» картинасы туралы. Құланиектеніп таң атып келе жатқанда қозы-лақты ене­сінен бөліп, көкке айдауға шығатын кешегі жастықтың жасыл бояу­ы. Жел­мен жарысқан, итпен алысқан қойшы балаларының тұмса табиғат төсінде асыр салған мерейлі мезеттері. Автор­дың балалық шағына сәлем-сауқа­тындай жасампаз бейне. Қара да, өзіңді көр. Картинада сіздің де балдәурен күндеріңіздің жаңғырығы бар.

Жастық шағы өткен асқар таулар, көкпен тілдескен зеңгір құз-жартастар, биік беткейлердегі арша мен қарағайдың кілемдегі өрнектей тізілген сұлулығы бола­шақ суретші жүрегінің қылын шерт­кендей. Өзеннің бергі жағасындағы саздаққа жайылған мал таулы өңірдің сәнін келтіріп тұр. «Жайлау көркі – мал» деген қазақ мақалы осындайда айтылса керек. Жол бойында кетіп бара жатқан адамдар бейнесі алыстан еміс-еміс байқалады. Басын қар басқан зеңгір таулар тәкаппар өр мінезімен сұстана қарайды. Тау етегіндегі терең сайлар салаланып ерекше көрінеді. Сарғыш қоңырқай төбе қандай әсем еді. Бұл көрініске тамсанып та, таңғалып та қарай бересің...

Тәкаппар таулардың ұшар басына шығып, бала күндегідей Мұқа­ға­лидің өлеңін оқыса, шіркін! Маң­дайыңды самал желдің алақаны сипап, кеудеңе қанат біткендей, күйбең тір­ліктен бір сәтке ада күй кешеріңіз шүбәсіз.

Мен – таулықпын!

Таудан мен жаратылғам.

Тау деген – Ана туған, дара тұлғам!

...Тауға барып

Көкке ұшып кетсем бе екен,

Ұстап алып қыранның қанатынан.

Адамға қанат бітіретін арманы десек, ең алғаш арман түзген топыраққа неге тағзым етпеске? Мұратымды әлдилеген осы жайлау еді. Мынау ғажап картина соны қайта еске түсірді. Жазға сәлем жолдайық!