Ұзақ мерзімді жоспарлау бәрібір де қажет еді. Дәл осы тұста аяғын тәй-тәй басқан Тәуелсіз Қазақстанға ықпал ететін 20 сын-қатер сарапталып талданды, шешу жолдары қарастырылды. Дені сау ұлт, болашақ ұрпақ үшін Семей ядролық полигоны жабылды. Тиімді мемлекет болу мақсатында барлық бағыттарды қамтыған 1997 жылы дүниеге келген, 25 басты нәтижемен өз қажетін мерзімінен әлдеқайда бұрын өтеп, керегесі кеңейген әлемдегі алдыңғы қатарлы озық отыз елдің қатарына енуге ерекше ықпал еткен - 2050 стратегиялық құжаты қабылданды. Елімізде тұратын көп ұлтты қазақстандықтардың мүддесін күйттейтін, Қазақстан Халқы Ассамблеясы құрылып, 2007 жылы ҚР Парламенті Мәжілісіне 9 депутатын сайлады. Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы ұлттар бірлігінің эталоны саналды. Ата заңымыз қабылданып, уақыт талабына сай өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Ұлттық валюта теңгемізді қолымызбен ұстап, зейнетақы реформасы жасалды. Көпқырлы сыртқы саясаттың арқасында деңгейі биік саяси диалогтар өз жемісін берді. Қазақстанның бітімгер функциясын орындауы соның айғағы. Сондай-ақ, ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы елді әлемге танытудың жоғары баспалдақтары еді. Ұлт жоспары, Жалпы еңбек қоғамына қарай 20 қадам бағдарламалық құжаты еңбек адамының қоғамдағы орнын белгіледі. Отаншылдық сезімді нығайту жұмыстары еңсесі түскен елімізде қайта қолға алына бастады. Саясат пен экономика, сананың тығыз үйлесімділігі үшін «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» тәуелсіздікті нығайту жолындағы адам капиталының жаңа сапасы үшін, қоғамды ұйыстырудың қуатты факторлары тарихты терең тану қолға алынды. Осы жеткен жетістігіміздің бәрі Елбасы Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегі-төл туындысы. Елбасын қалай мақтасақ та, қалай марапаттасақ та артық емес шығар.
Ендігі мақсат, әрі Тәуелсіздігіміздің төртінші онжылдығының міндеті – әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құру. Бұл жерде үш құндылық қатар жүріп отырады: ол – жер,тіл,бірлік. Айтып отырған үш құндылығымыз ұштасу үшін табиғи отаншылдық, ұлттық идея жоғары деңгейде болуы тиіс. Ұлттық рух- елімізде тұратын барша халықты тостастыратын біріктіруші. Ұлттың бірлігі үшін табиғи отаншылдыққа тәрбиелеудің негізі тарихи сананы қалыптастыру десек «Рухани жаңғыруға» ораламыз. Азаматтардың санасына Ұлы Дала тарихын сіңіру арқылы тәуелсіздікті нығайтудың, ұлттық рухты көтерудің маңыздылығын аңғарамыз. Бұл құндылықтар ұлттық намыспен тығыз байланысты. Ал ұлттық намыстың отын ауыз әдебиетінен айқын көреміз. Намысы мықты елді ешқашан жау ала алмаған. Ұлттық намыс әрқашанда елдікпен бір ұғымда болған. Әлбетте этностық сананы да естен шығаруға болмайды. Өйткені өзге этностардың ұлттық дәстүрлері, мәдениеті өздеріне жақын, өз тамырларына қызығушылық туғызары сөзсіз. Сондықтан, Тәуелсіздіктің нығаюына міндетті түрде этнопсихология әсер ететіні сөзсіз. Ірі ойшыл Никколо Макиавелли ұзақ уақыт отарланған халықтың санасында үстемдік еткен халықтың тілі, мәдениеті, кейбірде діні де сақталып қалады деген болатын. Оны қай-қайсысымыз да мойындаймыз.
Тәуелсіздік алғаннан бері ой өзгеріп, санаға сілкініс жасайтын уақыт туғалы қаншама уақыт өтсе де, мемлекеттік тілімізде сөйлеуден кейде кешеуілдеп отырғанымыз кей өңірде байқалады. Қазақ болып туылып, қазақша ойлай алмау ұлттың беделін түсіретін қасірет деген екен. Жүректен шыққан табиғи отаншылық баршамыздың кеудемізді керіп тұрмаса, ұлттық болмысымызды тіктей алмайтынымыз ащы да болса, бет жыртатын ақиқат. Осы ақиқат намыссыздықпен, рухсыздықпен ұласып жатқан жемқорлыққа алып баратын тікелей жол десек те болады. Намысы жоқ, ұлттық рухпен нәрленбеген, түйсігі таяз адамдар ғана өз елінің дүниесіне өзі қол салады.
Жақында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев тіл жөнінде «Қазақтың тілі-қазақтың жаны» деп айтқан болатын. Көптің көңілінен шыққан қажет сөз болды. Ұлт мүддесінің салмағы тілімізді сақтауға, рухани мұраларымыздың жаңғыруына байланысты. Елдің өркендеуі үшін, Тәуелсіздіктің нығаюы үшін экономиканы өркендететін қыруар қаржы ғана емес, тал бесіктен бастап, жер бесікке дейін ұлттық рухтың көтерілуі де аса маңызды ол атқарады. Ұлттық рухпен жігерленген ұрпақ тұрақтылықты, бірлікті ту етіп тәуелсіздікке тірек болмақ. Тәуелсіздікті нығайтатын да осы ұрпақ.
Тұрақтылық, бірлік демекші, кеше ғана Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасы лауазымын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырды. Бұл мәселеде үлкен мән бар. Сабақтастық үрдісі, терең ой, үлкен сенім жатыр. Бұл бүкіл Қазақстан халқын мемлекет басшысының төңірегіне шоғырлануды, бірлік пен ынтымақ, елдегі тұрақтылық, елдің даму жоспарын мақсат еткен Елбасының көреген ұсынысы болды. Бұл ұсыныс- ұлттар мен этностардың рухын көтерді. Ал, Ұлттық рухтың көтерілуі – Тәуелсіздікті нығайта түсетіні сөзсіз.
Жантөреева Калыйма
Түркістан облыстық мәслихатының депутаты,
«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары