Қазақстан • 13 Мамыр, 2021

Жастардың «Ақиқат» саяси пікірталас клубы. Нұртілеу Иманғалиұлы ұйымдастырған тамаша хабар еді

712 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазақ телевизиясындағы жастар бағдарламасы 1980-жылдардың аяғында қоғамдағы маңызды және күрделі мәселелерді өз әлінше шешуге тырысты. Ол бірте-бірте ақпараттық-көр­кемдік тұрғыдағы хабардан пікір­талас, талдау-сараптау бағытына ауыса бас­тады.

Жастардың «Ақиқат» саяси пікірталас клубы. Нұртілеу Иманғалиұлы ұйымдастырған тамаша хабар еді

Мен мұны жастар редак­ция­сының басшылығына Нұртілеу Иман­ғалиұлының келуімен тіке­лей байланыс­тыра қараймын. Өйт­кені дәл сол кезеңде жастар бағдарламасының мақсаты қазақ ұлтын есеңгіреткен ашаршылық, саяси қуғын-сүргінді жаңаша көзқараспен бағалап, зерделеп көрсету, ұлттың рухын көтеруге атсалысу, тарих шындығын қалпына келтіруге үлес қосып, жастарды ұлттық бұлақтан сусындату болды. Мұнда тарих ақтаңдақтарының себебі қарастырылды, шындық ашына айтылды. Әуелі Желтоқсан көтерілісіне қатысты арнайы хабар ұйымдастыруға батыл қадам жасалып, Халықаралық адам құқығын қорғау ұйымының, әскерилер мен құқық қорғау органдарының өкілдері шақырылып, әлі көрсетіле қоймаған бейне көріністер экранға шығарылды. Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен Ал­матыдағы халықтың толқуын басып-жаншу үшін әкелінген арнайы әс­кердің арасында болып, «наградталған» қырғызстандық азамат Мәскеудің сая­сатымен келіспегендіктен, сол марапа­тынан бас тартып, оны «Ақиқат» хабарына жі­беріпті. Мұны біз сол хабарымызда көр­сеттік.

Демократияға аяқ басқан ал­­ғаш­­­қы жылдары осы жастар бағ­дар­­лама­сындағы хабарлардың бірі «Ақиқат» саяси пікірталас клубы болды. Жұрт саяси сөздер, түкке тұрмайтын жиналыстар мен талас-тартыстан гөрі білім беретін, адамды ойлау мен қа­жетті қорытындылар жасауға баули­тын хабарларды ұнатып, күтетін. «Қарыз бен Парыз», «Ақиқат» ұштала тереңдей түссе деген телевизия саласы мамандарының пікірі «Ақиқаттың» да «Парыз бен Қарыз», «Жүректен қозғайық» тәрізді салиқалы хабардың бірі болғандығын дәлелдесе керек. Кейін Сағат Әшімбаевтың қолдауымен «Жүректен қозғайық» пен «Ақиқат» бағдарламаларының басын қосу арқылы екі ұрпақ өкілдерінің арасындағы сабақ­тастықтың көрінісі ретінде бір­лескен отырыс өткізілгенін біреу білсе, біреу біле бермес. Оған А.Сәрсенбаев, Ұ.Сыдықов, Ә.Нысанбаев, М.Тәтімов қатысты. Мен де хабарға дайындық барысынан бастап қатысып, осы кісілердің орталарында болғанымды өзімнің қоғамдық өмірімнің маңызды, мазмұнды және қимас кезеңі деп есептеймін. «Ақиқат» клубының бір ерекшелігі, онда қозғалған мәселелердің пайда болуы, шы­ғуы, оның шешілу жолы толық, жан-жақты талданатынында болатын. Өйткені бұл хабар халықты мезі қылған пікірлерге соқпай, нақты талдау мен ұсыныстар жасауды мақсат тұтты. Біз, Д.Көшім, А.Жұмаділдаев, Ж.Қуанышәлі, З.Кенжалиев, Б.Аяған бәріміз клубтың жұмысына тұрақты түрде қатысқандардың арасында болдық. Клубтың әрбір отырысы белгілі бір тақырыпқа арналатын. Ол алдын ала өзара ойластырылып, оны дайындап өткізуді арамыздан бір адам өз жауапкершілігіне алатын. Осы отырыстарға Е.Асқаров, Н.Фокина, Х.Қожахметов сияқты белгілі тұлға­лармен қатар еліміздің басқа да көптеген танымал азаматтары қатысып, өз пікірлерімен бөлісіп, тұшымды ойларын ортаға салып отырды. Бұл хабардың режис­сері Ләззат Сапақова болды, ал операторы марқұм Рубик Яхин еді.

Н.Иманғалиұлы хабарға өзі тікелей қатыспаса да, ол оның рухани шабыттандырушысы болды. Ол – терең білімді, ашық, адал, шындықты көзге айтатын адам болатын. Арқалы азаматтың сөзі оқтай еді. Хабарды дайындау барысында, тіпті одан кейінгі пікіралысуларда елдегі қоғамдық үдерістер мен күн­делікті ахуалға қатысты басқа да көп­теген мәселелер талқыға түсетін. Нұрекең хабарға шығарылатын мә­селелерді талқылауға қосылып, бізді тікелей эфирдің қыр-сырына, теле­журналистиканың әдіс-тәсілдеріне назар аудару мен оның қиындықтарын еңсеруге, өзімізді еркін ұстауға үйретіп, ақыл-кеңестерін беріп отырушы еді. Өз тәжірибесімен де бөлісетін-ді. Бірде ол өз хабарына өнертапқыш-ғалымды шақырады. Эфирдің алдында келген қонақ өнертабысын оның макеті негізінде тәптіштеп тұрып айтып береді. Ал хабар басталғанда Нұрекеңнің алғашқы кіріспе бір-екі сұрағына «иә-жоқ» деп қана қысқа қайырып отырып алады. Сол кезде Н.Иманғалиұлы тікелей эфирді үзбес үшін көп ойланбастан, ортада тұрған макетті көрсетіп: «Мына жері қалай, дұрыс па өзі?» дегені сол-ақ екен, алдында отырған студия қонағы мүдіріссіз сайрай жөнеліпті.   

Әлі есімде, мен Қазақстан тарихының ақтаңдақтарына қатысты тақырыпты дайындап, өткіздім. Онда ашаршылық, саяси құғын-сүргін, ұлт мәселесі және тағы да басқа өзекті де өткір та­қы­рып­тар көтерілген еді. Клубтың келесі отырыстарының бірінде мен Г.Кол­биннің тіл саясатына байланыс­ты ұстанымын әшкерелеп, оның екі­жүзді саясат жүргізіп отырғандығын тікелей эфирде ашық айтқаным бар. Осы және басқа да «қатты кеткен» жеріміз өтіп кеткен болар, жаз айында Колбиннің көмекшілерінің бірі қалада қалған Ләззат Сапақова мен Асқар Жұмаділдаевты тауып алып, сұрақтың астына алған көрінеді. Ақырында, жаңағы келген «көмекшінің» түйсігі бар адам болса керек, «көкелеріңе көп тиісе бермесеңдерші» деп, кете барыпты. Жазғы демалысқа шығып, Алматыдан ауылға кетіп қалған біз үшін Ләззаттың «таяқ» жеп, жүрегінің қысылғаны айтпаса да түсінікті болар.

Белгілі жас ақын Ерік Асқаров Жезқазған облысында сайлауға түсіп, аудандық партия комитеті тарапынан кедергілерге тап болғанын ашып салғаннан кейін, біздің партияға қа­тысты тақырыбымыз «партияға комсомол арқылы өту міндетті ме?» деген атаумен газеттердегі телеарнаның бағ­дарламасына жарияланып, хабардың өзі тікелей эфирден алынып тасталыпты. Біз бәріміз бір ауыздан бұған қарсы болып, атқарушы директор білем, Р.Жұ­мабаев деген кісінің кабинетіне шақырылып, қызу пікір алысудан кейін бағдарламамызбен біржолата қоштасып шықтық. Біз үшін «Ақиқат» саяси клубы үлкен өмір мек­тебі болды. Оның жұмысына белсене атсалысқандардың барлығы әлеуметтену тәжірибесін жинақтап, қоғамдық-саяси ысылу жолынан өтті. Лебі жақындап келе жатқан тәуелсіздікті ішкі жан дү­ниелерімен, бүкіл болмысымен саналы түрде түй­сіктенуге үйреніп, ол үшін тер төгіп, қызмет етуге, оны қабылдауға өз­дерін  дайындағандай болды. Біз Азат­тықтың ақ таңын асыға күттік, оның кешікпей ата­тынына кәміл сендік.

Эфирге шыққан жылға жуық уақытта 13 хабар дайындалып, «Ақиқатқа» мың­нан астам хат келіпті. Олардың көп­­шілігі Жамбыл, Шымкент, Семей, Ақмола, Жезқазған, Қарағанды облыс­тарынан және 60-70 пайызы ауылдық жерлерден еді. Олардың көбін жас­тар, тек 13 пайызын қариялар жазған көрінеді. Бұл хат­ты қолмен жазып, конвертпен пошта ар­қылы жіберетін кез болғанын ескерер болсақ, оны елеуге тұрарлық оқиғалар қатарына жатқызуға болады. Ол уақытта сөздің құдіреті мен телекамераға ғана сенім артушы едік. Оның үстіне бұл бағдарламаларға кезінде тосқауыл да аз болмағанын сеземін. Алайда партия басшылығы енді бұрынғыша өмір сүруге болмайтынын ескере отырып, кейбір «еркіндіктер мен бостандықтарға» жол беруге мәжбүр болғаны да түсінікті.

Н.Иманғалиұлы жүргізген «Ой­көк­пар» бағдарламасының өзі осы «бос­тандықтың» бір көрінісі еді. Ол сөз саптау, хабарды көпшілік түсінетіндей етіп ұйымдастыру, эфирге қатысатын адамдарды таңдау шеберлігімен, халықтың дәстүрін терең білуімен ерекшеленді. Жаңаша көзқарасқа, үй­реншікті сұрақтардан гөрі тосын са­уалдарға бүйрегі үнемі бұрып тұратын диалогтың қас шебері Нұртілеу сұрақты жауап беруші адамның көптен күтіп отырған мәселесіндей етіп жүйелі түрде қоя білетін еді. Алдымен жеңілінен бас­тап, содан кейін ауырына көшетін. Көзілдірік үстінен қыран сияқты қа­рағаны алдындағы адамды рентгеннен өткізген сияқты, оның не ойлап, не қойып отырғандығын біліп отыратындай әсер қалдыратын. Сондықтан ол кез келген адаммен еркін пікірлесіп, оны өзіне баурап алып, тіл табыса кететін. Осындай адами және кәсіби қасиеттерінің арқасында Нұртілеудің тек өзіне ғана тән және ешкімге ұқсамайтын журналистік қолтаңбасы мен тележурналистика мектебі қа­лыптасты.

Ол өзінің алғашқы авторлық бағдар­ламасында болсын, жас­тардың «Ақиқат» саяси пікірталас клубын ұйымдастыру мен одан кейінгі барлық шығар­машылық және қоғамдық еңбегінде болсын, үнемі кәсі­би біліктілік пен жоғары жауап­кершіліктің озық үлгісін көрсете білді. Осы жұмыс барысында Нұр­тілеу озық ойлы парасатты азаматтар тәрбиелеуге, қоғамдық ойды қалып­тастыруға үлкен үлес қосты. «Ақиқат» клу­бының құ­рылуы Қазақ телевизиясына жаңа пі­шін, түр енгізіп, хабардың мазмұны, тақырыбы, идеясы, тілі мен стилі өзгере бастады. Мәселеге ғылыми тұрғыда талдау жасау, жастардың бойына жаңа пікірталас мәдениеті мен тәжірибесін сіңіру бағытындағы алғашқы дәндер құнарлы топы­раққа түсіп, жемісін бере бастады. Бұл іске мұрындық болып, қызығушылық танытқандардың бірі һәм бірегейі Нұртілеу Иман­ғалиұлы болатын...

Әттеген-ай, өмір қамшының сабындай қысқа ма десем, ол тіптен қас қағымдай екен-ау... Егер Нұртілеу орта­мызда болса, бүгін біз арамызда екі жас айырмашылыққа қарамастан, бір ай және бір күнде туғандықтан «түйдей құрдастар ретінде» бір-бірімізді құт­тықтап қалжыңдасып жатар ма едік...

 

Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,

қоғам қайраткері, саясаттанушы