Аймақтар • 14 Мамыр, 2021

Қой баққан озар...

685 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жерге жарық түсе сала алпыс шақты қойын алдына салған Сәкен ауылдың бүйір тұсындағы төбеге қарай беттейді. Мал өрістететіндей жазиралы жа­­йылым жоқ мұнда. Глубокое кентінің жан-жағы түгел егістік. Амалдап жаздай жайып шықса, қыстай қорада тұрады. «Мал өсірсең қой өсір, өнімі оның көл-көсір» деген тәмсілді ұран еткен Сәкен Пазылов өткен айда «Еңбек» бағдарламасы арқылы 64 бас қой сатып алған. Сонау Бесқарағайдан жеткізген тұяқтылар төлдеп, қора жағы азан-қазан.

Қой баққан озар...

Жұмыс жоқ деп жамбастап жатқан зіңгіттей жігіттер қаншама? Қол-аяғы бал­ға­дай бола тұра, кежегесі кейін тартып тұра­тындарды көріп жүрміз. Керісінше, қойын қоздатып, ботасын боздатып отырғандар да жетерлік. Өткен жылдары бие сауып, қымыз пісіп жүрген кіші сы­нып­тың оқушысын көріп таңғал­ға­ны­мыз бар. Бәрі сондай еті тірі болсайшы дегеміз іштей. Иә, қол-аяғың сау болса, нәпақа табудың жолдары көп. Мемлекеттің жасап отырған мүмкіндігі де зор. Тек пайда­ла­на біл.

Сәкен шаруашылықпен айналысуды былтырдан бері ойлап, жоспарлап жүрген. Өйткені нарықта малдың құны бар. Күйін келтіріп бақсаң ұтылмайсың. Қара базардағы еттің өзі қымбаттамаса, ар­зандап тұрғаны шамалы. Бұған дейін алыс-жақын қалаларға, шетелге жүк тасумен айналысып жүрген Сәкенге тамыр-таныс шаруалар мал бағудың анағұрлым тиімділігін айтып, түсіндірген. Олардың айтқаны ақылға қонымды болған соң Сәкен Саттарұлы мемлекеттің ұсынып отырған бағдарламаларын зерттеген, зерделеген. Өзінің айналысып жүрген кәсібімен салыстырған. Алайда жүк тасымалдаумен отбасын асырау қиындау еді. Себебі тапсырыс бірде бар, бірде жоқ. Егер мал бақса, кіріс еселенер ме еді. Бір шешімге келіп, несие ала салайын десе, каран­тиндік шектеу шаралары едәуір кедер­гі келтіріпті. Әмбе, бағдарлама арқы­лы несие рәсімдеу де бір күндік шаруа емес-ті. Халыққа қызмет көрсету орта­лы­ғынан жинауға тиіс құжаттардан бөлек ке­пілге қоятындай қозғалмайтын мүлік болуы шарт.

Кәсіп көзін әбден зерттеген Сәкен Пазылов көктем шығып, жер аяғы кеңіген соң Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан «Еңбек» бағдарламасы бойынша несие алуға шындап кіріскен. Қордың ұсынып отырған несиесі тиім­ді, бар-жоғы алты-ақ пайыз. Оның үстіне қарыз ақша қолға тие сала төлем жүр­гіз­бейді. Кәсібін дөңгелетіп алған соң белгілі мерзім ішінде пайызын жабады. Содан кейін ғана ай сайын негізгі қарызын тө­лей­ді. Осы уақыттың ішінде алған алпыс қой қоздап, екі есе көбейіп те қояды. Демек несие алған халық пайыздан да ұтыл­майды. Керісінше, таптырмас мүм­кін­дік бұл.

– Шаруасын шалқытып отырған таны­сыммен сөйлесіп едім, «Еңбек» бағдар­ла­масы арқылы несие алу тиімді еке­нін айтты. Өзімнің айналысып жүрген жұ­мы­сым жаз, күз айларында ғана тиімді. Қыс­тай жұмыс болмай қалады. Содан «Бастау бизнес» жобасы арқылы курстан өттім, қажетті құжаттарымды жинастырдым. Үйді кепілдікке қойып, несиеге қол жет­кіздім. Мақсатым қой өсіру еді. Сөйтіп Бес­қарағай ауданынан 64 бас қой алып келдім, – дейді шағын кәсібін бастаған Сәкен Саттарұлы.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қол­дау қоры» АҚ Шығыс Қазақстан фи­лиалы­ның директоры Арман Рауыл­бе­ков­тің айтуынша, несие «Еңбек» бағ­дар­ла­ма­сының қатысушыларына беріледі. Егер ірі қара, қой, құс өсіремін деген ел болса, аталған қордың қолдауы зор. Ара мен балық шаруашылығын қолға алса­ңыз да несие беріледі. Айта кетерлігі, аз қамтылған немесе көп балалы от­ба­сы­­­ларына берілетін несиеге 4 пайыз­бен ғана ұсынылады. Әлбетте қолында жұ­мыс­пен қамту орталығының жолдама­сы мен кепілге қоятындай үй-жайы болуы керек. Несиені алған соң үш ай ішінде қаржыны мақсатты түрде жұм­сап жатқандығыңызды дәлелдеп, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры фи­лиалына есеп беру қажет. Егер де қар­жы мақсатына қарай жұмсалмаса, айып­пұл салынады.

Халықтың қалтасы үшін тиімді несиені әсіресе, Зайсан, Ұлан, Тарбағатай сынды аудандардың тұрғындары алып жатыр.

– Жер, қоражай болса, мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасының тиімділігін көріп отырмыз. Алғаным – 4 млн теңге. Амандық болса, пайызын төлдері-ақ жауып кетеді. Тек еңбектену керек. Ұлым да қол­­ғабыс етеді. Кеше ғана Томскіге жүк апа­рып келді. Немерелерім өсіп келеді. Бәрін киіндіріп, ел қатарлы жеткізуіміз керек. Кәсіп ашуға мол мүмкіндік жасап отыр­ған мемлекетке ризамын. Бар бағ­дар­ла­маны пайдалана білсек болғаны, – деген Сәкен қойын қайырып келуге жиналған.

Глубокое ауданында жайылым тарлау бол­ғандықтан, өргізіп қойып жатуға болмайды. Көз алмай қадағалап жүру керек. Қойшыға қосу да тиімсіз. Бақташыға айына бір бас үшін 1000 теңге төлеу керек. Ал Сәкен айына алпыс мыңдап малшыға төлесе, өзі үшін тиімсіз болмақ. Бес ай бағатын болса, 300 мың теңге шығын. Ал ауыл тұрғыны үшін бұл өте қомақты қар­жы. Сәкен түске дейін ауыл іргесіне жая­ды да, көлеңкеге жусаған уақытта үйі­не келіп, бақшасында жеміс-жидегін суа­рады. Күнұзақ бір минутқа тыным тап­пай­тын ол шаруашылыққа біржола бет бұрмақ. Бағып отырған қой саны өсіп, пайда әкеле бастаса, ірі қара асырау да жоспарында бар.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Глубокое ауданы