Қоғам • 14 Мамыр, 2021

Аты-жөнімізге абай болайық

1509 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тәуелсіздігімізге 30 жыл толуына орай қазақ азаматтарының алдында тұрған негізгі мәселенің бірі – аты-жөнін біріздендіріп жазу. Маған бұл тақырыпқа пікір жазуды ұсынған – қазақ жастары. Ұсыныстары орынды деп ойлаймын. Себебі егемен елімізде аты-жөнімізге «ұлы», «қызы» деген сөздерді қосып, әртүрлі жазып келеміз. Кейбіреулер жынысын атау­сыз да жазады. Әртүрлі себептермен патша заманының орыстары пайдаланған «ев», «ов» деген жалғауларды қосып та жазып жүр. Сонымен қатар Қазақстанда ресми мекемелерде қазақтардың орыстар сияқты «отчес­т­восын» жазып және солар сияқты бірін-бірі атап жүргендер де бар.

Аты-жөнімізге абай болайық

Шынтуайтына келгенде, мұның бәрі Ресей патшасы мен кеңес өкіметінің қазақ халқына үш ғасыр бойы жүргізген бодандығының «жемістері» екенің ешкім жоққа шығара алмайды.

Орыс патшасының тарихынан мәлім – I Петрдің кезінде Ресей империяға айналды. Осы кезде патшаның империялық саясатын қолдау үшін орыстың православ діні жаңадан шоқындыру жүйесін ойлап шығарады. Сөйтіп XVIII ғасырдан бастап орыстың православ шіркеуінің жаңадан кіргізген дәстүрі бойынша шоқындырылған адамға ресми түрде әкесінің атын «отчество» ретінде қосып жазатын болды.

Бұл арада мына бір фактіні келтіргенді жөн көріп отырмын. XIX ғасырда француз азаматы Деникер кезінде Астрахан қаласында тұрады. Содан кейін Деникер балалы болады да, баласын Астрахан православ шіркеуіне апарып шоқындырады. Онда XVIII ғасырда орыстың православ дінінің дәстүрі бойынша балаға Йосиф Егорович Деникер (1852-1913 ж.) деген фамилия береді. Кейін бұл бала атақты француз ғалымы болып шығады. Бірақ Ресей ғалымдары оны «отчествосы» бар орыс ғалымы деп санайды.

Кезінде Ресей империясының құқығы бойынша мұндай адам әрқашан Құдай алдында шіркеуде шоқынған Ресей азаматы болып саналады. Бұл жайды 1917 жылы большевиктер жасырып, бар­лық орыс емес халықтардың өкілдерін орыс­тан­дыру үшін оларды сырттарынан шоқындырып, барлығына отчество береді. Сөйтіп «отчествосы» бар азиялықтар жасырын түрде Ресейдің, орыс азаматтығының қатарына жатқызылады. Бұл жайды шет мемлекеттер жақсы біледі. Сондықтан халықаралық кездесулерде Батыс Еуропада орыс­тар­дың «отчествосын» ешуақытта жазбайды.

Жалпы, еліміздің көне дәуіріне, әсіресе түркі дәуіріне назар аударсақ, көне түркі дәуіріндегі адам атына орай тиісті ұстанымдар болғаны байқалады. Ол кезде «тек» деген сөзге назар аударғаны сезі­ле­ді. Бұл жайды көне түркі сөздігінен де көре аламыз.

Ал қазақ тілінде «тек» сөзіне аса үлкен мән беретіні мәлім. Қазақ алғаш рет адаммен таныс­қан­да оның ата-тегін сұрайды. Бұл – өте орынды бастау. Өйткені «тек» деген сөздің астарында генеалогиялық ұғым жатыр. Жалпы қазақтар үшін «тексіз» деген сөз – ең жағымсыз және өте ауыр мағыналы термин.

Меніңше «тек» деген сөздің мән-мағынасы мен сыры қазақ халқының тарихына байланыстылығы байқалады. Себебі Еуразия аймағындағы халық­тар­дың ішінде бір ғана қазақ халқының ата-бабаларының биологиялық тектілігінің тарихы 50 ғасырды қамтиды, яғни 5 мың жыл бойы қазақ ата-бабаларының генеалогиялық ұрпақ жалғастығы үзілмегендігін білдіреді. Нағыз тектік жалғастық деп осыны айтады. Олай болса «тегі» деген сөзді бүгінгі қазақ фамилиясына қосып айту мен жазу бірден дұрыс қадам екені хақ.

Шынтуайтына келгенде, аталмыш мәселенің негізгі мән-мағынасы халқымызды біртектілікке және бірлікке ұйыстырары күмән туғызбайды. Бұл талапты іске асыру, бүкіл түркі әлемінде латын әліпбиін қабылдаған сияқты, нақты бірлікке жетуге мүмкіндік береді. Бұл арада қосымша айтарымыз – қазақ халқының расогенетикалық біртектілігі мен этномәдени бірегейлігінің арқасында ислам діні жүйесіндегі барлық тілектеріміз де өзара бір ортақ арнаға қабысар еді.

Егер бұл айтылған талаптар толық іске асырылса, қазақ халқының рухани еңсесі айтарлықтай жоғары болары хақ. Сөйтіп үш ғасыр бойы бодандықта халқымыздың көрген қорлықтарынан дер кезінде құтылғанымыз қандай бақыт десеңізші!

Қазақ халқының осындай тарихи тектілігі мен бірегейлігінің символы «тегі» деген сөзді бүгінгі егеменді қауымға 30 жыл толғанда фамилиямызға ресми тіркеп жазудың мерзімі келіп тұрғаны анық. Еркіндігі бар елдің азаматтары бұл талапты ескерусіз қалдырмас деген үміттеміз. Сонда «ештен кеш жақсы» деген осы болар.

Екі дүниеден бірдей жеке басымның тілегі – егемен елімізде халқым әрқашан текті болсын, аты-жөніміз бірегей айтылып, бірегей жазылсын!

Мұның бәрі қазақ халқының игілігі үшін ұм­тылыс жасаған қазақ жастарының ісі болып саналады. Олар әрқашан ұлттық бірліктің темір­қазығы болары хақ.

Жоғарыда айтылған ұсыныстармен қазақ бауырларымыз таныс болсын деген тілекпен қағаз бетіне түсіріп жазған.

 

Оразақ СМАҒҰЛОВ,

ҰҒА академигі, Болония

Ғылыми академиясының

мүше-корреспонденті

(Италия), профессор