Руханият • 14 Мамыр, 2021

Журналист Қасым

560 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Менің негізгі мамандығым, кәсібім – адам баласының мінезін зерттеу. Әркімнің мінезі әр ісінде ізін қалдыратыны ғылыми тұрғыдан толық дәлелденген. Сол себепті, мен өз зерттеуімнің әуел басынан ең алдымен Қасым Аманжоловтың Семейдегі, Оралдағы, Алматыдағы ортасын анықтап алуды ұйғардым.

Журналист Қасым

Биыл қаңтарда Оралда архивте болып, Қасымның 1933-1936 жылғы тіршілігінен бі­раз дерек таптым. Ал биыл нау­рыздың соң­ғы үш күнінде Алматы қаласында Қасым Аман­жоловтың 1931 жылы «Қы­­зыл әскер» газетінде әде­биет қыз­метшісі болып қызмет еткендігін дәлелдейтін дерекке жолықтым.

«Қызыл әскер» газеті 1929-1936 жылдары сол кез­дегі Қа­зақстан соғыс ко­мис­­­­сариатының, өл­ке­лік ОСАВИАХИМ ке­ңесі­нің, «Ең­бекші қа­зақ» басқар­ма­сының жетілік газеті ретінде шығып тұрған. Өзіңізге бел­гілі, «Egemen Qazaqstan» га­зетінің арғы тарихы «Ең­бек­ші қазақ» басылынан бас­­тау алғандықтан Қасым ақын­ды да «егемендіктерге» жатқызуға заңды негіз бар деп ойлаймын. Қасым Орал қаласында да, Алматыдан келіп «Екпінді құрылыс» газетінде журналист болып қызмет еткен. Сонымен Қасым ақын ғана емес, сонымен қатар газеттерде қызмет атқарған кәсіби журналист. Алдағы уа­қытта, құдай қаласа, Семей қаласына жол тартпақпын. Өйткені Қасым 1922 жылы Қарқаралыдан «Қызыл керуенге» еріп Семейге келді де, шамамен 1930 жылдың мамырында Алматыға аттанған ғой. Мен, Қасымның Семейдегі сегіз жылдық ортасы от жүректі ақынның сыр сандығын толық ашып береріне кәміл сенемін.

 Ал төменде оқырман назарына Қасым Аманжоловтың «Қызыл әскер» газетінде қызмет істеген кезеңінде түсірілген суретті ұсынып отырмын.

«Қызыл әскер» газетінің редакция құрамы: жауапты редактор Кәрім Абдрахманов; жауапты хатшысы Сары Қаз­бекұлы; әдебиет қызметшісі Ах­мет Аб­долдаұлы; әде­биет қыз­мет­шісі Қасым Аман­жолұлы.

 

Марат АЗБАНБАЕВ

 

Қарағанды