Спорт • 14 Мамыр, 2021

Еуропалық маман қазақ футболын дамытуға келді

328 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан футбол федерациясының Президенті Әділбек Жақсыбеков қолданыстағы Қазақстан футболын дамыту стратегиясын жаңарту туралы бастама көтерді, деп хабарлайды Egemen.kz ҚФФ баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сілтеме жасап.

Еуропалық маман қазақ футболын дамытуға келді

Бағдарламаны дайындау үшін футбол медиа-индустриясы, зерттеу және стратегия саласындағы сарапшылар тобының көшбасшысы саналатын Result Sports компаниясының бас директоры Марио Лео шақырылды.

Марио Лео дүние жүзі бойынша 60-тан астам футбол клубтары мен ұлттық қауымдастықтарға кеңес береді. Олардың арасында «Боруссия Дортмунд», «Барселона», «Ювентус» клубтарының және Еуропа елдерінің футболды дамыту туралы 14 стратегиясын жазып шыққан.

Стратегияның жаңартылған нұсқасын әзірлеу үшін Қазақстанда кешенді зерттеу жұмыстары басталды. Оның ішінде жас ерекшеліктері және аймақтар бойынша футболмен шұғылданатындар, инфрақұрылымның сапасы, қазақ футболының экономикалық бөлігі, демеушілер мен инвесторлардың қызығушылығы сынды маңызды аспектілер қамтылған.

– Зерттеу қорытындысы бойынша шешім қабылданып, даму жолының әлеуеті анықталады. Қазақстандық футболшылардың дамуына кедергі келтіретін негізгі факторлар айқындалады: ойыншылар мен бапкерлердің жетіспеуі, инфрақұрылымның нашарлығы және т.б. Елдегі футболдың жағдайын толық зерттеу бұқара халықтың қаншалықты жақын екенін анықтауға мүмкіндік береді. Мәселен, 100 мың адамның арасында 10 мыңы доп тебеді. Тағы 40 мыңының қызығушылығы бар. Олардың не себептен футбол ойнамайтынын анықтау қажет. Қазақ футболы алдағы 3-5 жылда қай бағытқа қозғалатынын саралап, нақты әрі басым бағыттарды түзу міндет, – дейді Марио Лео. 

Еуропалық маманның айтуынша, жаңартылған стратегияны жүзеге асыру 2022 жылдан басталады. Қазіргі уақытта дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.

– Мамыр айының соңында зерттеу жұмыстарын аяқтаймыз. 2019 жылы Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтөбе қалаларының футбол жағдайын саралаған УЕФА-ның Nielsen Sports компаниясы да зерттеу жүргізеді. Олардың қатарына Қарағанды және Түркістан қалалары қосылады.

2019 және 2021 жылдар аралығын салыстырамыз және нақты көрініс алу үшін Nielsen Sports компаниясының зерттеу жұмыстарының жаңа мәліметтерін толықтырамыз. Қазақ футболының қай бағытқа жылжып бара жатқанын байқаймыз.

Шілде айының ортасында мәліметтерді талдап, қорытынды жасаймыз. Әрі қарай басым бағыттарды, мақсат-міндеттерді айқындаймыз. Жаңартылған стратегия қолданыстағы құжатты жүзеге асыру нәтижелерін ескеру арқылы дайындалады. Стратегияны бекітіп, жобалар мен бағдарламаларды әзірлеуге кірісеміз, –  дейді Еуропалық білікті маман.

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше