Аймақтар • 14 Мамыр, 2021

Жамбыл облысында 11 адам бруцеллезге шалдықты

508 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кезекті отырыста аймақтағы эпизоотиялық жағдай талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жамбыл облысында 11 адам бруцеллезге шалдықты

Осы орайда облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ербол Жиенқұлов өңірлерде мал аурулары бойынша ахуал тұрақты екенін жеткізді. Жоспар бойынша барлық ауданда эпизоотияға қарсы шаралар жүргізіліп жатыр.

«Бруцеллезбен күрес жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Егер инфекция зертханада расталатын болса, онда ол аумаққа шұғыл тексеру жүргізіліп, эпизоотиялық ошақтың шекаралары айқындалады. Осылайша, аурудың таралуына жол берілмейді. Ауру жануарлар санитарлық союға жіберіледі», дейді спикер.

Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің өңірлік инспекциясының басшысы Жандар Көкеев облыс бойынша 234391 бас ірі қара және 1 154 816 бас ұсақ мал тексерілгенін айтты. Ағымдағы жылдың төрт айында 11 жамбылдық тұрғын бруцеллез жұқтырса, бұл өткен жылмен салыстырғанда бес адамға аз.

Облыс әкімі мал өсірушілерге уақтылы ветеринариялық көмек көрсетуді, мал ауруларының алдын алу және диагностикалау жұмыстарын дер кезінде жүргізуді тапсырды.