Президент • 14 Мамыр, 2021

Қасым-Жомарт Тоқаев Финляндия Президентін Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды

156 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласына жұмыс сапарымен келген Финляндияның Сыртқы сауда және халықаралық дамуды қолдау министрі, Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның тең төрағасы Вилле Скиннариді қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев Финляндия Президентін Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды

Мемлекет басшысы министрге ілтипат білдіріп, Қазақстанның сыртқы саясатында Суомидің маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

– Финляндия Солтүстік Еуропа елдері арасындағы Қазақстанның ең ірі инвесторы. Біз достас екі елдің белсенді әрі жан-жақты ынтымақтастығын жоғары бағалаймыз, – деді Президент.

 

в

Мемлекет басшысы жоғары деңгейдегі тұрақты саяси диалогты қолдау қажет екеніне назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаев Финляндия Президенті Саули Ниинистёге жүрекжарды сәлемін жолдап, оны Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.

Вилле Скиннари Қасым-Жомарт Тоқаевқа кездесуге мүмкіндік жасағаны үшін алғыс айтып, пандемия басталғаннан бергі алғашқы ресми сапарын Қазақстаннан бастағанын атап өтті.

Ол Мемлекет басшысына Финляндия Президентінің сәлемін жеткізді.

– Біздің елдеріміз арасындағы екіжақты қарым-қатынас өте жақсы. Финляндияның тәуелсіздік алғанына 100 жылдан асты, ал Қазақстанға – 30 жыл. Пандемия аяқталғаннан кейін екіжақты байланыстарды дамытудың жаңа кезеңі басталатынына сенімдіміз. Саяси диалогты тереңдетуде Қазақстан мен Финляндияның әлеуеті зор. Әсіресе, өзара сауда-саттықты дамыту және инвестиция тарту маңызды, – деді Финляндия министрі.  

Қасым-Жомарт Тоқаев бірлескен жобаларды жүзеге асыруда, әсіресе, жасыл технологиялар мен телекоммуникация салаларына басымдық берілетінін жеткізді.

Президент шетелдік инвесторлар мен фин технологиясын трансферттеуге біздің еліміздің ерекше жеңілдіктер жасауға дайын екенін атап өтті.

Вилле Скиннари Еуропалық одақ аясындағы ықпалдастықтың перспективалары жақсы екенін жеткізіп, климаттың өзгеруіне қарсы күресте қабылданып жатқан шараларды және экологиялық мәселелерді шешу, ауыл шаруашылығы, азық-түлік секторын дамыту, цифрландыру, киберқауіпсіздік жөніндегі жоспарларды қолдайтынын айтты. Фин тарапы аталған салалар бойынша ықпалдастық орнатуға дайын.

 

Осы орайда сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның және оның энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы, білім салалары бойынша төрт жұмыс тобының қызметін  жандандыру маңызды екені атап өтілді.

Әңгімелесу барысында өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер қозғалды. Атап айтқанда ресми көмек көрсетуді дамыту аясындағы кооперацияның, сондай-ақ, Орталық Азияның экологиялық мәселелерін шешудің және Ауғанстандағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты күшейтудің әлеуеті мол екені айтылды.