Аймақтар • 16 Мамыр, 2021

Жер атауы – елдіктің белгісі

710 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жеріміздің атауы өз ана тілімізде болмаған соң оның үстінде өскен адамның оның иесі кім екенін түйсінбеуі заңды. Екатерина ІІ патшайымнан басталып, большевиктердің тек өздерін ғана таныту құралына айналдырған топонимика өткен ғасырдың 90-жылдарына қарай шырқау шегіне жетті.

Жер атауы – елдіктің белгісі

Біздің Солтүстік Қазақстан облысындағы Ресей империясы мен кеңес өкіметі тұсында басқа этностар өкілдері қоныстандырылған елді мекендерде барлық жер-су атауы толықтай өзгертіліп, ежелден жердің сипаты мен оны жайлаған адамдардың есімдерімен, тарихи оқиғалармен ұштастырылып қойылған қазақы атаулардың көбі мүлдем ұмытылды. Жазушы Сәбит Мұқановтың өзі туралы жазған барлық еңбектеріне енген, туған жері – Жаманшұбардың атауын да жадыдан жоқ қылған. Қазір ол ешқандай картада жоқ.

Жуырда белгілі ғалым, журналист Зарқын Тайшыбай ағамыз «Атамекен атаулары» атты жер атауларын зерттеген кітап шығарды. Сол кітапта ол: «Петропавлға келісімен сұрастырсам, Жаманшұбар жерінің қай шаруашылыққа қарайтынын білетін адам жоқ екен. Географиялық картада ондай ат та жоқ», дей келіп, артынан сұрастырып, зорға тапқанын айтады: «Жаманшұбар Докучаев атындағы кеңшардың қарамағында екен. Жолда «Жамбыл» және «Украина» аталатын екі кеңшардың жерінен өту керек.

...«Украина» орнаған жерде бұрын «Уақ-шоға» деп аталатын ұсақ ауылдар отыратын еді. Орталығы бұрын Шәліңке аталатын қыстаудың орнына салыныпты, ол – белгілі ақын Баймағамбет Ізтөлиннің туып-өскен жері еді...».

Зарқын Тайшыбайдың кітабындағы бұрынғы жер-су атауларының қай кезден бастап, қалай өзгергеніне тоқтала кетейік. «Солтүстік өлкеде жер-су аттарының орынсыз өзгеруі, шамамен осыдан 230-250 жыл бұрын басталған болатын. Айталық, отарланған елді мекендердің қазақша атауларын орысшамен айырбастау туралы әскери губернатор Г.Меньшиковтің бұйрығы 1774 жылғы 1 қаңтарда шығады. Әкімшіліктің зорлық күшімен өзгерген алғашқы атаулар мыналар еді: Омбы уезіндегі Атқы-Мөнтік-Сары Қарауыл болысының атауы – Николаев болысы, Петропавл уезіндегі Матақай-Сыбан-Керей болысы Пресногорьковская болып өзгертілді. Бұл атаулар күні бүгінге дейін отарлау саясатының ескерткішіндей сақталып қалды. Бұл үрдіс тоқталмай, жалғаса берді. Мысалы, 1830 жылғы географиялық картаның бетіндегі көлдер мен елді мекендер атауларының жаппай орысшалануы да көп нәрседен хабар бергендей».

Сонымен қатар Ресей империясының жергілікті шенеуніктері жаңа елді мекендердің негізгі бөлігін христиан діні қайраткерлерінің атымен Николай (әулие), Михаил (періште), Петр мен Павел (әулиелер) деп атаған. Осыларға «овка» деген жұрнақ жалғанған және ондайлар облыста бірнешеуден. Ал тым көбейіп кеткенде олардың алдына «ново» деген тіркеме қойылып атала берген. Мысалы, Новоникольск, Новомихайловка, Новониколевка және т.б. Осындай атаулар әрбір ауданымызда бар деп айтуға болады. Ал Благовещенка, Богоявленка (кейін Явленка болған), Святодуховка, Покровка, Троицкое, Воскресеновка сияқты атаулар діни атау болса да, большевиктер оларды неге өзгертпей қалдырғаны таңдандырады. Сондай-ақ Кабан, Кладбинка сияқты құлаққа жағымсыздау атаулар да өзгертілмей қалдырылған.

Анығында, большевиктер өкімет басына келгеннен бастап барлық дерлік елді мекен мен жер-суға тек партия көсемдерінің, қызыл комиссарлар мен қолбасшылардың есімдері, одан бөлек «Совет», «Комсомол», «Октябрь» сияқты атаулар берілді. Тың көтеру кезінде бой көтерген елді мекендерге де Жамбылдан басқа, бірде-бір қазақша атау берілмеген. Тіпті өздерінің қай жерден келгендерін көрсетіп қойған Украина, Черкасск, Полтавка, Кременчуг, Кантемировка, Тихоокеанск және басқа атау әлі күнге мұрты бұзылмаған қалпында тұр. Ал олар орналасқан жердің бәрінің де тарихи қазақша атауы болғаны хақ. Қазақ өз жері мен суының сыртқы және ішкі сипатына, құтты-құтсыздығына, үлкен-кішілігіне қарап тегіс атау қойған.

Қоныс аударушылар, сонымен бірге, кейде жер мен судың көптеген қазақша атауын орыс тіліне аударып алып, карталарына тіркеген. Мысалы, Жарқын көлін Светлое, Тұщыкөлді – Пресное, Ащыкөлді – Горькое деп жазып қойған. Қазақ атауларының транскрипциясын өзгертіп, еш мағынасын қалдырмай тастағандары да көп. Мысалы, Шағалалы деген көлдің жағасына салынған ауылды Чаглинка, Дәуітті – Даут, Тереңкөлді – Торанкул, Шабақтыны – Чебашье, Тоқшынды – Токушино деп тіркеп, қазаққа мүлде жат сөздерге айналдырып жіберген.

Жалпы, облыста транскрипциясы бұрмаланған 21 елді мекен бар екен. Олардың біразы қазір өзгертілді. Бірақ әлі де қалып қойғандары бар.

Зарқын Тайшыбай жоғарыда аталған еңбегінде топономика туралы өз ойын былай қорытыпты: «Халық тарапынан қойылған жер-су атаулары – сол жердің табиғи құжаты болып табылады. Әрбір географиялық атау географиялық картада, ресми құжаттарда өз орнын табуы керек. Ол үшін ел болып жұмылып, түзетіп, қалпына келтіру, зерттеу жүргізу – баршамыздың міндетіміз».

Біздің ойымызша, тәуелсіздік жылдарында Қызылжар өңірінде «елдің хатына» аса көңіл бөлінген жоқ. Тек коммунистік атаулар ғана біршама өзгертілді. Соның ішінде большевиктік көсемдердің атын алғандар ауыстырылды. Ал жаңа, қазақы атау алғандар арасында Ағынтай батыр ауылы (бұрынғы Златогорка), Тоқсан би ауылы (Западное), Бәйтерек (Фурмановка) және басқа бірнеше елді мекен бар.

«Жас келсе – іске» демекші, облыс әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі жаңа орынбасары Ғани Нығыметов келгеннен бері ауылдық елді мекендердегі 439 көше, 3 ауылдық округ, 2 ауыл аты өзгертілді. Енді Петропавл қаласы көшелерінің атауларын өзгерту керек деген ұсыныс жасалып, қызу кіріскен кезде тағы да мораторий енгізілді. Дегенмен бұл бағытта атқарылатын жұмыс жоспары және оны іске асыруға тиісті жұмыс тобы белгіленіп қойылды. Енді тек мораторийдің аяқталғанын күту керек.

 

Солтүстік Қазақстан облысы