Технология • 17 Мамыр, 2021

Шабан қимыл шаң қаптырмасын

452 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Креативті индустрия дамыған елдер­дің бәсі биік болатын заман есігімізді қағып тұр. Сондықтан IT-білім беру ісін ең өзекті мәселелердің қатарына жат­қы­зуы­мыз керек. Халыққа, оның ішінде жас­өс­пірімдер мен жастарға IT-білім беруді мем­лекеттік тұрғыда кеңінен қолдау қажет­тігі айқындала түскен қазіргі кезде бұл ба­ғыт­тағы шабан қимылды уақыт кешір­мей­ді.

Шабан қимыл шаң қаптырмасын

Шешімін өмірдің өзі талап етіп отырған күрделі де өзекті мәселелерге дер кезінде лайықты жауап бере алуды мемлекет әлеуетінің негізгі өлшемі ретінде қарастыратын елдер қарқынды ілгерілеп барады. Ал біз ел әлеуетінің деңгейін, даму қарқынын ескі «әдістермен» өлшеуден арыла алмай отырғандаймыз. Бұл ескі «әдіс» даму мен ілгерілеудің заманауи басты өлшемдеріне мойын бұрғызар түрі жоқ. Осы ескі тәсіл қол­данылмаса, кейбір жағдайда «жауырды жаба тоқып» жүргеніміз әшкереленіп қалады деп, одан бір елі ажырамауға бек бекінген секілдіміз. Дегенмен елге абырой бүгін ғана емес, келешекте де керек екенін ойлап, бір мезгіл даму мен өркендеудің жаңа өлшемдеріне иек арту жағын да қарастырғанымыз жөн-ақ. Жаңа өлшемдермен деңгейімізді саралағанда талай жұрттан кейін қалғанымыз белгілі болып, ұяттан бетіміз біршама қызаруы мүмкін шығар, бірақ оның есесіне шындыққа тура қарап, кемшін тұсымызды ертерек көріп, оны түзеуге шынайы ұмтылыс жасар едік. Бірақ мұндай қадамның ауылы әзірге алыстау сияқ­ты көрінеді.

Жерасты қазба байлықтарынан алынған шикізатқа деген дәстүрлі тәуелділігіміз қан­шалықты деңгейде төмендеп келе жатқаны, осы тәуелділіктен арылуға еліміздегі өңдеу және тереңдетіп өңдеу бағытындағы шағын және орта бизнестің, креативті индустрияның қаншалықты әсерін тигізіп отырғаны ел тір­шілігінің негізгі бір өлшемі болуы тиіс. Бұл арада, әсіресе креативті индустрияны дамыту мәселесі өте өзекті екені талас тудырмайды деп ойлаймыз. Өйткені бүгінгі «Өнер-білім бар жұрттар» санатына креативті индустрия­сы қарқын алған елдер жатады. Ыбырай Алтын­са­рин­нің осы әйгілі өлеңіне қазіргі талап дең­ге­йінен қайта мән берсек, артықтық етпес.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мереке­леу­ге дайындық жөніндегі мемлекеттік комис­сия­ның бірінші отырысында креативті индустрия жаһандық экономиканың ең жылдам дамып келе жатқан сегменттерінің, яғни жетекші салаларының бірі болып отырғанын айта келіп, бұл саланың табысы дамыған мемлекетте ішкі жалпы өнімнің 10%-ына жететінін айтты. Осыдан-ақ мәселенің қаншалықты маңызды екенін аңғаруға болады. Аталған саланың инфрақұрылымын дамытуға барынша маңыз беру ісі еліміздің бүгіні мен келешегінің жарқын боларына тікелей әсер етеді. Сондықтан креативті индустрияның қозғаушы күші саналатын цифрландыру ісін дамыту, IT-технологиялардың мамандарын даярлау жағына басымдық беру қажет-ақ.

2020 жылғы рейтинг бойынша әлемдегі ең қымбат 100 компанияның жиырмасы IT-технологиялар саласындағы компаниялар (Amazon, Google, Microsoft, Facebook және т.б.) болып отыр. Тағы бір ерекше тоқталатын жайт, басқасы басқа, күні кеше өзімізбен бірге социалистік лагерьде қатар өмір сүрген бірқатар мемлекеттің өзі IT саласында жұмыс істейтін компанияларының арқасында молынан пайда табуда. Бұл елдердің ІТ-білім беру ісіне кеңінен қолдау көрсете келіп, осы бағыттағы өз мамандарын даярлап, олардың табысты жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп отырғанынан үлгі алғанымыз абзал. Мәселен, Беларусьтің Wargaming компаниясының World of Tanks өнімі халықаралық бестселлерге айналып, табыстан табысқа жетуде. Бүгінде бес мың қызметкері бар компания «жалына қол тигізбей» тұр.

Өзіміздің IT-университеттер мен IT-техно­логиялар паркінің жарқ еткен жақсы жаңа­лығы немесе игі қадамдары әзірге байқалар емес. ЖОО-ларда студенттерге IT-пәндерден кім болса сол сабақ беріп жүр. Осы және басқа да мәселелер – айналып келгенде, IT-индустрия саласын кері тартып, қазақстандық компаниялардың шетелдік мамандарға тәуелділігін арттыра түсетін жағымсыз үрдістер. Жекеменшік IT-мектептердің түлектері банктер мен ұлттық компаниялардан артылар емес, ал шағын және орта бизнестің IT мамандарға деген сұранысына жарытымды жауап жоқ.

IT-білім беру ісінде өзіміздегі IT-универ­ситет пен колледждерге, жекеменшік мектептерге қолдау білдіру (оқу құнын арттыру, оны мемлекет есебінен төлеу), жетекші әлемдік IT-технологиялар орталықтарынан оқытушылар тарту (олардың жалақысын мемлекет есебінен субсидиялау арқылы) және басқа да өзекті мәселелерді шешу аса маңызды. Сонда ғана өзгенің бағдарламаларына, мамандарына телмірмей, ІТ саласында тәуелсіз болу мүмкіндігі туады.