Қазіргі таңға мамандандырылған инфекциялық стационарларда барлығы 1 406 орын бар, төсектік орын толымдығы – 46%, 756 орын бос. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, инфекциялық стационарда 650 науқастың 320-сы коронавирустан, 325-сі пневмониядан емделуде.
Егу науқаны басталғалы 160 мыңнан астам адам вакциналанған, оның 65 мыңға жуығы вакцинаның екі компонентін алды. Иә, індеттен сақтанудың басты жолы екпе салдыру екені мамандар тарапынан үнемі ескертілуде. Сонымен қатар үшінші мегаполисте індеттің таралуына қарсы шаралар кеңінен қолданылуда. Мысалы, қаланың бас санитар дәрігерінің қаулысымен Шымкентте карантин режімін және коронавирус инфекциясы таралуының алдын алу жөніндегі шектеу шаралары 16 мамырдан бастап эпидемиялық жағдай тұрақталғанға дейін ұзартылды.
Сондай-ақ үшінші мегаполисте «Ashyq» жобасы кеңінен қолданыла бастады. Қалада халыққа қызмет көрсететін кәсіпкерлік нысандар жобаға сәуірдің соңында өткен болатын. Бизнес ұйымдарының карантин кезінде үздіксіз жұмыс істеуіне және адамдардың COVID-19-ға байланысты дәрежесін анықтауға мүмкіндік беретін жобаға қатысуға үшінші мегаполистегі кәсіпкерлерден 848 өтінім түсіп, оның ішінде 367-не QR-код берілген, 192 нысан әкімдік сайтына орналастырылған. Олардың қатарында бірнеше фитнес-клуб, кинотеатр, спа-орталық, сауна мен басқа да нысандар бар.
ШЫМКЕНТ