Бизнес • 17 Мамыр, 2021

Күрделі кезеңде қолдау керек

553 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет мән беріп отырған маңызды міндеттің бірі – шағын және орта бизнесті қолдау. Әсіресе, қазіргідей күрделі кезеңде кәсіпкерлерге мемлекеттің қомқорлығы қажет-ақ. 

Күрделі кезеңде қолдау керек

Мәселен, «Даму» кәсіпкер­лік­ті дамыту қоры 2021 жыл­дың бірінші тоқсанында кәсіп­кер­лердің жалпы сомасы 7,4 трлн теңге болатын 126,9 мың жобасына қолдау көрсеткен. Оның ішінде несиелердің сый­ақы мөлшерлемесін субсидиялау бағыты бойынша 4,3 трлн теңге көлеміндегі 38,5 мың жоба қордың игілігін көрді. Несиелерді кепілдендіру бойынша 667 млрд теңге көлеміндегі 22,8 мың жо­баға қолдау көрсетілді. Со­ны­мен қатар екінші деңгейлі банк­тер, микроқаржы ұйымдары, ли­зингтік компаниялар арқылы жеңіл­­детілген несие беру бағдар­ла­ма­лары аясында 2,4 трлн тең­геге 72 мың жоба қолдау тапты. 

Осы орайда шағын және орта бизнес үшін мемлекеттік қол­­дау­дың қолжетімділігін арт­­тыру бағытында бірқатар шара қолға алынғанын атап өт­кен жөн. Мысалы, мемле­кет­тік бағдарламалар шеңберін­де түпкілікті қарыз алушыға арнал­ған несиелердің мөлшерлемесі 6 пайызға дейін біріздендірілді. Сондай-ақ бизнесті қолдауға, дамытуға бағытталған «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасындағы салалық шектеулер алынып тасталды. Өтінімдерді қарастыру уақыты 21 күннен 5 жұмыс күніне дейін қысқарды.

Экономиканың зардап шеккен секторларын қолдауға басымдық берілді. «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында портфельдік субсидиялау мен кепілдендіру енгізілді. Бұдан бөлек, «Даму» қорының бизнес процестері 94 пайызға дейін автоматтандырылды. Атап айтқанда, субсидиялау бойынша онлайн өтінімдердің үлесі 2019 жылы 22 пайыз болса, қазір 97 пайызға жетті. Сол секілді кепілдік беру үлесі де 22 пайыздан 86 пайызға дейін ұлғайды.

Кәсіпкерлерге ұсынылған көмектің бірі – несиелердің сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау. Былтыр субсидиялаудың аталған құралы бойынша жалпы сомасы 1,2 трлн теңге болатын 14,7 мың жобаға қол­дау көр­сетілді. Бұл ретте, жоба са­ны 2015 жылдың деңгейі­мен салыстырғанда 9 есе, ал жұм­салған қаржы 5 есе артқан. Өткен жылы жобалар саны бойын­ша сауда (42 пайыз), қызмет көр­сету (23 пайыз), өңдеу (12 па­йыз), көлік және қоймалау (9 па­йыз) салалары көш бас­тады. Сауда және қызмет көрсету жобаларының көбеюі дағдарысқа қарсы шаралар шеңберінде «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасындағы салалық шектеулерді алып тастаумен бай­ланысты. 2021 жылдың бірін­ші тоқсанында 277,5 млрд теңге көлеміндегі 6,2 мың жоба субсидияланған.

Былтыр 7,3 мың жоба несиелерге ішінара кепілдік беру құ­ралының игілігін көрді. Бұл 2015 жылдың деңгейінен 8 есе жоғары. Өткен жылы кепілдік берілген жалпы сома көлемі – 275 млрд теңге. Көрсеткіш 2015 жылмен салыстырғанда 10 есе көп. 2021 жылдың бірінші тоқсанында 89,1 млрд теңге көлеміндегі 6,9 мың жобаға кепілдік беру құралы арқылы қолдау көрсетілді. Тарқата айтсақ, «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша 82,9 млрд теңге көлеміндегі 6,9 мың жоба, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 4,4 млрд теңге көлеміндегі 18 жоба, «Даму – Оптима» бағдарламасы шеңберінде 1,8 млрд теңге көлеміндегі 15 жоба қамтылған.

«Бизнестің жол картасы – 2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары аясында 2021 жылдың бірінші тоқсаны бойынша өңірлер ара­сын­дағы кәсіпкерлерді қол­дау ша­раларының нәтижесі де бел­гілі. Осы жылдың қаңтар-нау­ры­зында аталған мемлекеттік бағ­дар­ламалар шеңберінде сыйақы мөлшерлемесін субсидия­лау құ­ралы бойынша 232 млрд тең­ге көлеміндегі 5 884 жобаға қол­дау көрсетілді. Қолдау тапқан жоба­лардың саны бойынша Қызыл­орда, Шығыс Қазақстан облыс­тары және Алматы қаласы көш бас­тап тұр. Ал берілген несиелер со­масы бойынша Алматы об­лы­сы, Алматы қаласы және Қара­ған­­ды облысы алдыңғы шепте.

Кредиттерге кепілдік беру құралы бойынша 87 млрд теңге көлеміндегі 6 892 жоба қамтыл­ған. Қолдау көрсетілген жобалар саны бойынша Алматы және Нұр-Сұлтан қалалары, сондай-ақ Жамбыл облысы көш бастаса, берілген несиелер сомасы бойынша Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары және Павлодар облысы алда тұр.

Өткен жылдың төртінші тоқ­санында «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасының бірінші бағыты – «Микро-шағын кәсіпкерлік несиелері бойынша портфельдік субсидиялау және кепілдік беру» бағыты іске қосылғанын білеміз. Ондағы мақсат – микро және шағын кәсіп­керлерді мемлекеттік қолдау шараларымен қамтуды ұлғайту. Бүгінде осы бағыт бойынша 103,3 млрд теңге көлеміндегі 18,9 мың жобаға қолдау көрсетілген.

Жалпы, кәсіпкерлікті қолдау­дың мемлекеттік бағдарлама­ларына қатысушылар 2010-2019 жылдары 27 трлн теңгенің өнімін өндірген. Сондай-ақ олар 2 трлн теңге салық төлеп, 600 мың жұ­мыс орнын сақтап қалды. Оның ішін­де 170 мың жұмыс орны жаңа­дан құрылды. Әлеуметтік-эко­но­микалық тиімділіктің жыл­дық көрсеткіштерінің орташа өсуі шамамен 30 пайызды құрады.

Жоғарыда аталған және қол­даныстағы шаралар өткен жыл­мен салыстырғанда биыл қол­дау көрсетілген жобалар са­нын 15 пайызға арттыруға мүм­­кіндік береді деген болжам бар. 2021 жылы қолдау тап­қан кәсіп­орындар 10 мың жаңа жұ­мыс орнын құрып, 5,5 трлн тең­генің өнімі мен қызметін ұсы­нады деп күтілуде.