Мысал ретінде электр энергиясын алайық. Өйткені осы жылдың 1 сәуірінен бастап энергия өндіретін ұйымдардың тарифі орташа есеппен 15 пайызға қымбаттады. Басын ашып алатын бір мәселе, бұл тарифтің бағасын Энергетика министрлігі көтерді. Себебі министрлік электр энергетикасы саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыратын уәкілетті орган болып саналады. Энергия өндіретін ұйымдар үшін шекті тарифтерді бекіту де дәл осы ведомствоның құзыретіне жатады.
Энергетика министрлігіне ерекше екпін бере тоқталуымыздың өзіндік себебі бар. Өйткені тариф жайлы сөз болса, ең алдымен ауызға Табиғи монополияларды реттеу комитеті оралады. Ал жоғарыда біз атаған тарифтің 15 пайызға қымбаттауына бұл комитеттің еш қатысы жоқ. Қалай дейсіз бе? Түсіндірейік.
Иә, комитет табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін мемлекеттік тұрғыдан реттейді. Біз мысалға алып отырған электр энергиясын беру де дәл осы табиғи монополиялар саласына жатады. Бұл комитет Ұлттық экономика министрлігіне бағынады.
Демек түпкілікті тұтынушыға, яғни қарапайым халыққа жол тартатын электр энергиясының баға құрылымына бірнеше ұйымның әсері бар. Сондықтан тариф бекітілген кезде үш түрлі шығын ескеріледі. Бірінші – стансалардан электр энергиясын сатып алу. Тариф құрылымының 50 пайыздан астамы осыған жұмсалатын шығындардан тұрады. Мұны «Электр энергетикасы туралы» заңға сәйкес, Энергетика министрлігі өзге мекемелердің келісімінсіз-ақ бір өзі бекітеді. Екінші – электр энергиясын беру. Аталған шығынның тариф құрылымындағы үлесі шамамен 40 пайызды құрайды. Бұл бес жылға бекітіледі. Бекітетін – Табиғи монополияларды реттеу комитеті. Соңғы өзгерістерден кейін оның да көтерілуі әбден мүмкін. Тек шамамен 5 пайызы ғана энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың өндірістік шығындарына жұмсалады. Мұны да Табиғи монополияларды реттеу комитеті бекітеді. Байқағандарыңыздай, тариф құрылымының көп бөлігі Энергетика министрлігінің мойнында. Ал комитеттің үлесі тіпті мардымсыз.
Жоғарыда айтқанымыздай, осы жылдың 1 сәуірінен бастап Энергетика министрлігі электр энергиясын өндіретін 37 компания үшін шекті тарифтерді 15 пайызға өсірді. Демек энергиямен жабдықтаушы ұйымдар да тарифті көбейтуге ұсыныс тастайды деген сөз. Өйткені электр энергиясын өндірушілер тарифті көтерген соң, бұқаралық ақпарат құралдарында таралған болжам бойынша түпкілікті тұтынушыға жол тартатын электр энергиясының 1 кВТ/сағаты шамамен 13 пайызға қымбаттайды. Ал энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың қызметі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің құзыретіне жатады. Яғни алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арбаның сонда жүретіні белгілі.
Осының бәрін ескерсек, «энергиямен жабдықтаушы ұйымдар Табиғи монополияларды реттеу комитетінен тариф бағасын көтеруді талап етті» деген жаңалықтардың жылт ететін уақыты алыс емес. Өйткені өндірушіден алатын электр энергиясы қымбаттаса, оны халыққа жеткізуші ұйымның да өз ұпайын түгендері анық. Ал комитет онсыз да бірнеше жыл бойы коммуналдық қызметтердің тарифін барынша тежеп келеді. Себебі тарифтерді өсірмеу туралы Президенттен тапсырма бар. Оның үстіне пандемия жағдайында коммуналдық қызметтерді қымбаттату титықтап отырған тұрғындарға тіпті ауыр тиері даусыз.
Енді мына бір қызықты статистикаға назар аударайықшы. Электр энергиясының қымбаттауына ең алдымен өндірушілер үшін бекітілетін шекті тарифтердің өсуі түрткі болады екен. Ал бұл тарифті Энергетика министрлігі көтереді. Мәселен, 2019 жылдың 1 қазанынан бастап электр энергиясын өндірушілерге арналған шекті тариф орташа есеппен 15,7 пайызға қымбаттаған. Тиісінше, электр қуатының жүктемені көтеру дайындығын қамтамасыз ету қызметтерінің құны 30 пайызға артты. Осының салдарынан 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап түпкілікті тұтынушы игілігін көретін электр энергиясының құны 8 пайызға шарықтап шыға келді.
Электр энергиясын өндірушілерге арналған шекті тариф былтыр да көтерілді. Естеріңізде болса, шекті тариф 2020 жылдың 1 шілдесінен бастап орташа есеппен 17 пайызға өсті. Бұл жағдай да түпкілікті тұтынушыға жол тартатын электр энергиясының бағасын 7 пайызға қымбаттатып жіберді.
Аталған екі жағдайда да халықтың сын-садағы шекті тарифті ең бірінші болып көтерген Энергетика министрлігіне емес, Табиғи монополияларды реттеу комитетіне бағытталғаны айтпаса да түсінікті. Біз жұл жерде комитетті ақтап алғалы отырған жоқпыз. Тек оқырманға «даудың басы» қайдан шығып жатқанын түсіндірсек дейміз. Әйтпесе, дәл сол комитеттің біз атаған екі жағдайда да халыққа жеткізілетін электр энергиясының бағасын сәл де болса арзандатуға күш салғанын білеміз. Бұл туралы отандық бұқаралық ақпарат құралдары талай жазды да.
Енді, міне, Энергетика министрлігі электр энергиясын өндірушілердің шекті тарифін тағы да қымбаттатты. Демек көп кешікпей энергиямен жабдықтайтын ұйымдар да бағаны өсіреді. Түптеп келгенде, бұқара халыққа тағы да үлкен салмақ түскелі тұр.
Наурыз айының соңында Энергетика вице-министрі Қайрат Рахымов электр энергиясын өндірушілерге арналған шекті тарифтің не үшін көтерілетінін түсіндірді. Оның айтуынша, бұған жаңғырмалы энергия көздеріне арналған үстемеақының жыл сайын өсуі, валюта бағамына байланысты теңселіп тұратын импорттық материалдар мен қосалқы бөлшектер шығынының ұлғаюы, көмір бағасының қымбаттауы, газ тасымалдау бағасының өсуі негіз болған. Бұл түсінікті. Бірақ халықты қос бүйірден қысуға тағы болмайды ғой.
Қалай десек те, халықтың ашуға мініп, айбарын төгіп барар жері – Табиғи монополияларды реттеу комитеті. Олар әдеттегідей комитеттен халыққа салынған жүктемені азайтуды сұрайды. Бірақ бұл да қиын шаруа. Өйткені түпкілікті тұтынушыға баратын өнімнің тарифін көтермегені үшін комитеттің өзін сотқа беретін электрмен жабдықтаушы ұйымдар бар. Бұл ретте былтыр елордада орын алған жағдайды мысалға алсақ та жеткілікті.
Естеріңізде болса, былтыр 1 шілдеден бастап электр энергиясын өндірушілерге арналған шекті тариф 17 пайызға қымбаттады. Бұл жайлы жоғарыда айттық. Міне, осыдан кейін «Астанаэнергосбыт» ЖШС Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Нұр-Сұлтан қалалық департаментіне түпкілікті тұтынушыға баратын электр энергиясының тарифін 22 пайызға қымбаттатуға өтінім берді. Ал өткен жылдың қандай қиындықпен өрілгені баршаға аян. Пандемия салдарынан халықтың біраз бөлігі табысынан айырылды, қарызға батты. Мұндай жағдайда электр қуатының бағасын 22 пайызға қымбаттату адамгершілікке жатпайды, әрине. Сондықтан департамент тарифті бар болғаны 5 пайызға ғана көтеруге рұқсат берді. Бірақ бұл жағдай «Астанаэнергосбыт» ЖШС-ін қанағаттандырған жоқ. Сөйтіп компания комитеттің Нұр-Сұлтан қалалық департаментін сотқа берді. «Астанаэнергосбыт» сотта шығынға ұшырағанын, тиісінше оның орнын толтыру керектігін алға тартты. Міне, мұндай да жағдайлар болып тұрады.
Енді тариф мәселесіне басқа қырынан келгенді жөн көріп отырмыз. Иә, Энергетика министрлігі электр энергиясын өндірушілерге арналған шекті тарифті өсірді. Артынша электр энергиясымен жабдықтайтын ұйымдардың тарифі қымбаттады. Жағдай осымен тынса жақсы ғой. Жоқ, қайта осының салдарынан басқа да тарифтердің құны көтеріледі. Айталық, сумен жабдықтау, су тарту, жылумен жабдықтау қызметтерінің тарифі қымбаттайды.
Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласындағы сумен жабдықтау және су тарту тарифтерінің дәл осы жолмен көтерілгенін жақсы білеміз. Табиғи монополияларды реттеу комитеті Нұр-Сұлтан қалалық департаментінің Facebook желісіндегі ресми парақшасында жарияланған мәліметке сүйенсек, «Астана су арнасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның тарифті өсіруіне «Астана-Энергия» АҚ-тың электр энергиясының құнын қымбаттатуы себеп болған. Соңғысы электр энергиясын өндіруші ұйым болып саналады. Компания осы жылдың 1 сәуірінен бастап бағаны 26 пайызға, яғни 1 кВт/сағаттың құнын 6,17 теңгеден 7,77 теңгеге дейін көтерген. Сумен жабдықтау және су тарту қызметтері үшін электр энергиясы – стратегиялық тауар. Оның аталған қызмет түрлеріне тікелей әсер ететіні де сондықтан. Сөйтіп түпкілікті тұтынушы үшін судың тарифі 6,5 пайызға өсті. Бұл дегеніміз – 2,91 теңге. Ал су бұру тарифі 6,9 пайызға немесе 2,42 теңгеге қымбаттады.
Түйіндей келе айтарымыз, біз ешбір мекеменің мүддесін қорғап отырған жоқпыз. Бар болғаны бұқара халыққа тарифтің қалай бекітілетінін, нендей әсері барын ғана ашып айттық. Арғы жағын әркім өзі-ақ түсініп алады...