Қазақстан • 17 Мамыр, 2021

Тариф саясаты: Көтеретін – министрлік, таяқ жейтін – комитет

3389 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Тариф саясаты – көпшілік түсіне бермейтін, бірақ қоғамның талқысына жиі түсетін күрделі тақырып. Өйткені су мен жылудың, жарық пен кәріз жүйесінің, қоқыс төгу мен лифтінің бағасы көтеріліп, тарифі өзгерген са­йын бұқара халықтың төлейтін төлемі де көбейеді. Сондықтан жұртшылыққа тарифтің қалай бекітілетінін, кім бекітетінін, құрылымы қандай екенін түсіндіріп өткенді жөн көрдік.  

Тариф саясаты: Көтеретін – министрлік, таяқ жейтін – комитет

Мысал ретінде электр энергиясын ала­йық. Өйткені осы жылдың 1 сәуірінен бас­тап энергия өндіретін ұйымдардың тарифі орташа есеппен 15 пайызға қымбаттады. Басын ашып алатын бір мәселе, бұл тарифтің бағасын Энергетика министрлігі көтерді. Себебі министрлік электр энергетикасы саласындағы мем­лекеттік саясатты жүзеге асыратын уәкі­летті орган болып саналады. Энер­гия өндіретін ұйымдар үшін шекті тариф­терді бекіту де дәл осы ведомствоның құзы­ретіне жатады.

Энергетика министрлігіне ерекше екпін бере тоқталуымыздың өзіндік себе­бі бар. Өйткені тариф жайлы сөз болса, ең алдымен ауызға Табиғи монополия­лар­ды реттеу комитеті оралады. Ал жо­ға­рыда біз атаған тарифтің 15 пайызға қым­бат­тауына бұл комитеттің еш қатысы жоқ. Қалай дейсіз бе? Түсіндірейік.

Иә, комитет табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін мемлекеттік тұрғыдан реттейді. Біз мысалға алып отырған электр энергия­сын беру де дәл осы табиғи монопо­лиялар саласына жатады. Бұл комитет Ұлттық экономика министрлігіне бағынады.

Демек түпкілікті тұтынушыға, яғни қарапайым халыққа жол тартатын электр энергиясының баға құрылымына бірнеше ұйымның әсері бар. Сондықтан тариф бекітілген кезде үш түрлі шығын ес­керіледі. Бірінші – стансалардан электр энер­гиясын сатып алу. Тариф құры­лы­­мы­ның 50 пайыздан астамы осыған жұм­салатын шығындардан тұрады. Мұны «Электр энергетикасы туралы» заң­ға сәйкес, Энергетика министрлігі өзге мекемелердің келісімінсіз-ақ бір өзі бекітеді. Екінші – электр энергиясын беру. Аталған шығынның тариф құры­лы­мындағы үлесі шамамен 40 пайызды құрайды. Бұл бес жылға бекітіледі. Бе­кі­тетін – Табиғи монополияларды рет­теу комитеті. Соңғы өзгерістерден ке­йін оның да көтерілуі әбден мүмкін. Тек шамамен 5 пайызы ғана энергиямен жаб­дықтаушы ұйымдардың өндірістік шы­ғындарына жұмсалады. Мұны да Таби­ғи монополияларды реттеу комитеті бе­кітеді. Байқағандарыңыздай, тариф құрылымының көп бөлігі Энергетика министрлігінің мойнында. Ал комитеттің үлесі тіпті мардымсыз.

Жоғарыда айтқанымыздай, осы жыл­дың 1 сәуірінен бастап Энергетика ми­нистр­лігі электр энергиясын өндіретін 37 ком­пания үшін шекті тарифтерді 15 па­­йызға өсірді. Демек энергиямен жаб­дық­­таушы ұйымдар да тарифті кө­бей­туге ұсыныс тастайды деген сөз. Өйт­кені электр энергиясын өндірушілер та­риф­ті көтерген соң, бұқаралық ақпарат құ­рал­­дарында таралған болжам бойынша түп­кілікті тұтынушыға жол тартатын электр энергиясының 1 кВТ/сағаты шамамен 13 пайызға қымбаттайды. Ал энер­гиямен жабдықтаушы ұйымдардың қыз­меті Табиғи монополияларды реттеу комитетінің құзыретіне жатады. Яғни алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба­ның сонда жүретіні белгілі.

Осының бәрін ескерсек, «энергия­мен жабдықтаушы ұйымдар Табиғи мо­но­полияларды реттеу комитетінен та­риф бағасын көтеруді талап етті» деген жа­ңал­ықтардың жылт ететін уақыты алыс емес. Өйткені өндірушіден алатын электр энергиясы қымбаттаса, оны халыққа жеткізуші ұйымның да өз ұпа­йын түгендері анық. Ал комитет онсыз да бірнеше жыл бойы коммуналдық қыз­мет­тердің тарифін барынша тежеп келеді. Себебі тарифтерді өсірмеу тура­лы Президенттен тапсырма бар. Оның үс­ті­не пандемия жағдайында коммунал­дық қызметтерді қымбаттату титықтап отыр­ған тұрғындарға тіпті ауыр тиері даусыз.

Енді мына бір қызықты статистикаға назар аударайықшы. Электр энергия­сы­ның қымбаттауына ең алдымен өндіру­ші­­­лер үшін бекітілетін шекті тариф­тер­­­дің өсуі түрткі болады екен. Ал бұл та­­риф­ті Энер­гетика министрлігі көтере­ді. Мәсе­лен, 2019 жылдың 1 қаза­ны­нан бас­­тап электр энергиясын өндіру­ші­лер­ге ар­нал­ған шекті тариф орташа есеп­пен 15,7 па­йызға қымбаттаған. Тиі­сін­ше, электр қуа­ты­­ның жүктемені көте­ру да­йын­­дығын қам­­та­­масыз ету қызмет­тері­нің құны 30 па­йыз­ға артты. Осының салдарынан 2020 жыл­­дың 1 қаңтарынан бас­тап түп­кілік­ті тұ­­тыну­­шы игілігін көретін электр энер­гия­­сы­ның құны 8 пайызға ша­рықтап шыға келді.

Электр энергиясын өндірушілерге арнал­ған шекті тариф былтыр да көтеріл­ді. Естеріңізде болса, шекті тариф 2020 жыл­дың 1 шілдесінен бастап орташа есеп­пен 17 пайызға өсті. Бұл жағдай да түп­кілікті тұтынушыға жол тартатын электр энергиясының бағасын 7 пайызға қымбаттатып жіберді.

Аталған екі жағдайда да халықтың сын-садағы шекті тарифті ең бірінші болып көтерген Энергетика министрлігіне емес, Табиғи монополияларды реттеу ко­митетіне бағытталғаны айтпаса да тү­сінікті. Біз жұл жерде комитетті ақ­тап алғалы отырған жоқпыз. Тек оқыр­манға «даудың басы» қайдан шы­ғып жат­қанын түсіндірсек дейміз. Әйт­песе, дәл сол комитеттің біз атаған екі жағ­дайда да халыққа жеткізілетін электр энер­гия­сының бағасын сәл де болса арзандатуға күш салғанын білеміз. Бұл туралы отандық бұқаралық ақпарат құралдары талай жазды да.

Енді, міне, Энергетика министрлігі электр энергиясын өндірушілердің шекті та­рифін тағы да қымбаттатты. Демек көп ке­шікпей энергиямен жабдықтайтын ұйымдар да бағаны өсіреді. Түптеп келгенде, бұқара халыққа тағы да үлкен сал­мақ түскелі тұр.

Наурыз айының соңында Энергетика вице-министрі Қайрат Рахымов электр энер­гиясын өндірушілерге арналған шек­ті тарифтің не үшін көтерілетінін түсін­дірді. Оның айтуынша, бұған жаң­ғыр­малы энергия көздеріне арналған үс­теме­ақының жыл сайын өсуі, валюта бағ­амына байланысты теңселіп тұратын им­порт­тық материалдар мен қосалқы бөл­шек­тер шығынының ұлғаюы, көмір баға­сының қымбаттауы, газ тасымалдау ба­ғас­ының өсуі негіз болған. Бұл түсі­нікті. Бірақ халықты қос бүйірден қысуға тағы болмайды ғой.

Қалай десек те, халықтың ашуға мініп, айбарын төгіп барар жері – Табиғи моно­полияларды реттеу комитеті. Олар әдеттегідей комитеттен халыққа салын­ған жүктемені азайтуды сұрайды. Бірақ бұл да қиын шаруа. Өйткені түпкілікті тұты­нушыға баратын өнімнің тарифін көтер­мегені үшін комитеттің өзін сотқа беретін электрмен жабдықтаушы ұйымдар бар. Бұл ретте былтыр елордада орын алған жағдайды мысалға алсақ та жеткілікті.

Естеріңізде болса, былтыр 1 шілдеден бастап электр энергиясын өндірушілерге арналған шекті тариф 17 пайызға қым­бат­тады. Бұл жайлы жоғарыда айттық. Міне, осыдан кейін «Астанаэнергосбыт» ЖШС Табиғи монополияларды реттеу ко­ми­тетінің Нұр-Сұлтан қалалық де­пар­­­та­ментіне түпкілікті тұтынушыға бара­­тын электр энергиясының тарифін 22 па­йызға қымбаттатуға өтінім берді. Ал өткен жылдың қандай қиындықпен өріл­гені баршаға аян. Пандемия салдары­нан халықтың біраз бөлігі табысынан айы­рылды, қарызға батты. Мұндай жағ­дайда электр қуатының бағасын 22 па­йызға қымбаттату адамгершілікке жат­­пай­ды, әрине. Сондықтан департамент та­рифті бар болғаны 5 пайызға ғана көтеруге рұқсат берді. Бірақ бұл жағ­­дай «Астанаэнергосбыт» ЖШС-ін қана­ғат­­тан­дырған жоқ. Сөйтіп компания комитеттің Нұр-Сұлтан қала­лық департаментін сотқа берді. «Астанаэнер­госбыт» сотта шы­ғынға ұшыра­ғанын, тиісінше оның орнын толтыру керектігін алға тартты. Міне, мұндай да жағдайлар болып тұрады.

Енді тариф мәселесіне басқа қырынан келгенді жөн көріп отырмыз. Иә, Энер­гетика министрлігі электр энергиясын өндірушілерге арналған шекті тарифті өсірді. Артынша электр энергиясымен жаб­дықтайтын ұйымдардың тарифі қым­бат­тады. Жағдай осымен тынса жақсы ғой. Жоқ, қайта осының салдарынан бас­қа да тарифтердің құны көтеріледі. Айта­лық, сумен жабдықтау, су тарту, жылу­мен жабдықтау қызметтерінің тарифі қымбаттайды.

Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласындағы су­мен жабдықтау және су тарту тариф­тері­нің дәл осы жолмен көтерілгенін жақсы білеміз. Табиғи монополияларды реттеу комитеті Нұр-Сұлтан қалалық департаментінің Facebook желісіндегі ресми парақшасында жарияланған мәлі­метке сүйенсек, «Астана су арнасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіп­оры­н­ның тарифті өсіруіне «Астана-Энергия» АҚ-тың электр энергиясы­ның құнын қымбаттатуы себеп болған. Соң­ғысы электр энергиясын өндіруші ұйым болып саналады. Компания осы жылдың 1 сәуірінен бастап бағаны 26 пайызға, яғни 1 кВт/сағаттың құ­нын 6,17 теңгеден 7,77 теңгеге дейін көтерген. Сумен жаб­дықтау және су тарту қызметтері үшін электр энергиясы – стратегиялық тауар. Оның аталған қызмет түрлеріне тікелей әсер ететіні де сондықтан. Сөйтіп түпкі­лік­ті тұтынушы үшін судың тарифі 6,5 па­йызға өсті. Бұл дегеніміз – 2,91 теңге. Ал су бұру тарифі 6,9 пайызға немесе 2,42 тең­­геге қымбаттады.

Түйіндей келе айтарымыз, біз ешбір мекеменің мүддесін қорғап отырған жоқпыз. Бар болғаны бұқара халыққа тарифтің қалай бекітілетінін, нендей әсері барын ғана ашып айттық. Арғы жағын әркім өзі-ақ түсініп алады...