Спорт • 18 Мамыр, 2021

Жастарымыздан толайым табыс күтеміз

285 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бұл күндері ауыр атлетикадан Қазақстанның жастар құрамасы Алматы облысының Талғар ауданында орналасқан Дүниежүзілік бокс академиясында оқу-жаттығу жиынын өткізуде. Жиын аяқталған бетте жерлестеріміз Ташкентке ат- танады. Өзбекстанның бас шаһарында 21-29 мамыр күндері әлем біріншілігінің жалауы желбірейді. Айтулы жарыста жеті өреніміз бақ сынайды.

Жастарымыздан толайым табыс күтеміз

Ташкентте ерлер сайысында Абылай Әуелханов (55 кило), Алексей Дроздов (61 кило), Ақмолда Сайрамкез (67 кило), Сайхан Тайсуев (73 кило) және Рахат Бекболат (102 кило) күш сынасса, әйелдер арасында Гүлнұр Ыбырай (64 кило) мен Айсамал Сансызбаева (+87 кило) өнер көрсетеді. Бұл спортшылардың дені жасөспірімдер мен жас­тар буыны арасындағы жарыс­тарда олжаға кенеліп жүргенін жанкүйерлер жақсы біледі. Мәселен, Абылай былтыр Перу­дің астанасы – Лимада ұйым­дастырылған Әлем кубогында топ жарса, биыл ересектердің ел біріншілігінде бас жүлдені олжалады. Соңғы бәсекеде ол әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері, Азия чемпионы, Дүниежүзілік Универсиаданың қола жүлдегері Арли Чонтейдің өзін шаң қаптырып кетті. Бұл жарыстың екеуі де онлайн форматта өткенін естеріңізге сала кетейік.

Былтыр Перуде Рахат Әлем кубогының иегері атанып қана қоймай, әлемдік рекордты да жаңартты. 2019 жылы ол жасөспірімдердің әлем және Азия біріншіліктерінде алтын тұғырға көтерілді. Сол жарыстардың бірінде соған дейін Илья Ильин көрсеткен нәтижеден асып түскен қазақтың нар тұлғалы ұлы көпшіліктің қошеметіне бөленгені де есімізде. Үстіміздегі жылдың сәуір айында Ташкентте өткен ересектердің Азия чемпионатында да Рахат алдына жан салмады. Сол секілді түрлі байрақты бәсекелерде Алексей, Ақмолда, Сайхан және Гүлнұр мен Айсамал сынды ұл-қыздарымыздың да қол жеткізген табыстары қомақты.

– Мен ұлттық құраманың бас бапкері ретінде жастардың да әр қадамын жіті қадағалап отырамын. Өйткені келешекте сол сайыпқырандар қазіргі мықтылардың орнын басады. Сол себепті де әр кез олардың қарым-қабілетін байқап, шама-шарқын шамалап отыруым қажет. Бір айта кетерлігі, қазірдің өзінде кейбір жалынды жастар сақа спортшыларды сан соқтырып жүр. Мәселен, Ташкентке аттанғалы отырған ұл-қыздарымыздың біразы сәуірде өткен ел чемпио­натында мықтыларды жолдарынан ығыстырып, бас жүлдені еншіледі. Сондай сәттердің куәсі болғанымызда көңіліміз марқайып қалды.  Бізді кең-байтақ республикамыздың әр қиырында дарынды зілтеміршілердің қалың шоғыры өсіп келе жатқаны қуантты. Бұйыртса, шеберліктері шыңдала келе, осы өрендеріміз ересектер арасындағы әлемдік деңгейдегі додаларда да дараланатынына еш күмәнім жоқ, – дейді бұл күндері Қазақстанның ұлттық құрамасының тізгінін ұстап отырған кезіндегі танымал ауыр атлет Бақыт Ахметов. 

Жастар арасындағы әлем біріншілігіне Қазақстан құрамасы үзбей қатысып келеді. Бір айта кетерлігі, біздің команда әр кез санға емес, сапаға жүгінуде және де бұл тактика өз жемісін беріп келеді. Оған дәлел, әлемнің әр қиырында өтетін жарыстарға Қазақ елінен санаулы ғана зілтеміршілер аттанғанына қарамастан, солардың дені жеңіс тұғырына көтеріліп жүр. Нәтижесінде, жалпыкомандалық есепте жерлестеріміз үнемі үздіктер қатарынан түскен емес. Мәселен, 2019 жылы Фиджи аралында бес спортшымыз өнер көрсетіп, солардың үшеуі олжаға кенелді. Карина Құзғанбаева (81 кило) мен Дария Ахмерова (87 кило) алтыннан алқа тақса, Артем Антропов (97 кило) күміс медальды мойнына ілді. Тарқатып айтсақ, Құзғанбаева өзінің басты қарсыласы, Оңтүстік Кореяның өкілі Жанг Хиенжудан үш кило озса, Ахмерова ресейлік Дария Рязановадан тоғыз кило артық салмақты еңсерді. Сол секілді Евгений Ломанов (81 кило) пен Нұрғиса Әділетұлының да (89 кило) өнері жақсы әсер қалдырды. Олар жеңіс тұғырына көтеріле алмаса да, үздік бестіктің қатарынан көрінді.  

Фиджидегі әлем біріншілігінің жалпыкомандалық есебінде Қытай құрамасы көш бастады. Аспанасты елінің өкілдері бас жүлденің төртеуін олжалады. Қазақстанның өрендері екінші орынды иеленді. Біздің зілтеміршілердің қоржыны 2 алтын және 1 күміс медальмен толықты. Үшінші сатыға АҚШ-тың спортшылары табан тіреді. Америкалықтар 2 алтын мен 2 қола жүлдені иемденді. Сондай-ақ қос алтыннан еншілеген Мысыр мен Өзбекстан құрамалары озық бес команданың санатына қосылды.