Аймақтар • 18 Мамыр, 2021

Ақтөбе облысы қайтадан «қызылға» кірді

246 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Коронавирус инфекциясының таралуы бойынша мамырдың басынан бері «сары аймақта» тұрған Ақтөбе облысы жексенбіден бастап қайтадан «қызылға» өтті.

 

Ақтөбе облысы қайтадан  «қызылға» кірді

16 мамырда өңір тұрғын­да­ры­ның арасында 70 адамның індетке шалдығуы жағдайды күрт өзгертті. Әзірге облыстың бас санитарлық дәрігерінің эпи­демиологиялық жағдайдың күрт өзгеруіне байланысты жаңа қау­лысы шыққан жоқ. Деген­мен, мектеп оқушылары мен олар­дың ата-аналары соңғы оқу аптасының қалай өтетініне ерекше алаңдаулы. Өйткені 11 мамырдан бері Ақтөбе қаласы мен аудан орталықтарындағы барлық орта мектептер есіктері қайта ашылып, дәстүрлі оқуға көшкен еді.

Мамыр айының басынан коронавирус індетіне шал­дық­қандар саны айтар­лық­тай азайғандықтан, сенбі және жексенбі күндері облыс орталығындағы барлық ба­зарлар мен жабық сауда орындары, моншалар мен сауналар ашылып, дәмханалар мен мейрамханалардың 50 адамға дейін қызмет көрсетулеріне рұқсат етілген болатын. Мұ­ны­мен бір кезде жоғары оқу орындары мен колледж студенттері де дәстүрлі оқу форматына қайта оралып, коронавирус індеті қаупінің азайғандығына тұрғындар сенімді бола бастаған. Кешелі бері облыс аумағында күн қатты ысып, тұрғындар жаздың ерте басталғанын сезінгендей болды. Алайда бір күннің ішінде эпидемиологиялық жағдайдың күрт өзгеруі сақтық шараларын сақтамасақ, жұқпалы індеттің қайта асқынатындығын білдірді.

Айта кету керек, 16 мамыр­дағы жағдай бойынша, «қызыл аймақта» Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Ақмола, Батыс Қа­зақ­стан, Қарағанды, Павлодар, Ақтөбе, Алматы облыстары тұр.

 

Ақтөбе облысы