Аймақтар • 18 Мамыр, 2021

1500 отбасы баспаналы болады

420 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сыр өңірінде ілгері басқан салалардың бірі – тұрғын үй құрылысы. Жыл сайын облыс орталығымен қатар аудандарда да ұзақ жыл пәтер кезегін күткендер бас­­паналы болып жатыр. Биыл аймақта барлық қаржыландыру көздері есебінен 644,7 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Маман­дар бұл ретте «Нұрлы жер», «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламаларының себі көп тиіп отырғанын ай­тады.

 

1500 отбасы баспаналы болады

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында осы жылы Қызылорда қаласы мен Шиелі ауданында жалға берілетін үйлер бой көтереді. Жаңа пә­тер­ге қоныс­тана­т­ындардың дені әлеуметтік осал топтар мен аз қамтылған көпбалалы отбасылар. Осы жылы азаматтарды кре­диттік үймен қамтамасыз ету ба­ғыты бойынша облыс орта­лы­ғы мен аудандарда біраз бас­пана иесін табады.

Қала мен аудандардағы құ­ры­лыс бөлім­де­рінің міндеті – көп­қабатты тұрғын үй­лер мен әлеуметтік нысандар салудан бөлек, жаңа аумақтарға инфра­құ­ры­лым тарту. Осы мақсатта былтыр облыс орталығындағы жаңа аудан – сол жаға­лау­дағы үшін­ші және төртінші тұрғын үй орамдарына инженерлік желілер тарту үшін бюджеттен қаржы қаралып, 15 шақырымнан астам электр желісі, 3,4 шақырым газ, 4,6 шақырым жылу және 1,84 шақырым ауыз су мен кәріз желі­лері тартылды.

Жыл сайын тұрғындарының саны артып келе жатқан қаланың шет аймағындағылар еріген қар суы мен жаңбырдан көшелері ми батпаққа айналғанын айтып, әкімдікке жиі арызданып жататын. Әкімдердің ел алдын­да­ғы есебінде көп көтері­ле­тін мәселенің бірі де осы еді. Был­тыр бұл бағытта біраз шаруа ше­шімін тапты.

– Шет аймақтың осындай мәселе­лерін шешуге мемлекеттік бағдар­ламалардың тигізген сеп­тігі көп болды, – дейді қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Пакуадтин Шамұратов. – Осы­ның нәтижесінде былтыр Қызылжарма ауылында 15, әл-Фараби ауданында да осын­ша көшеге, Тасбөгетте 15, Ти­тов ауданында 16 көшеге мал­татас төселді. КБИ ауданы мен Талдыарал ауы­лы­ның әрқайсысында 15 көше осындай жол­мен жөнделді.

«Өңірлерді дамыту» бағ­дар­ламасы шеңберінде былтыр біткен істің бірі – ауыз су жинау қоймасын салу болды. Наурыз, Қарауылтөбе, Талсуат ауылдарында осындай құрылғылар салынса, Талдыарал елді ме­кеніне ауыз және кәріз су желілері тартылды. Бұл бастаманың игілігін Қараөзек стансасы тұрғындары да көріп отыр. Облыс орта­лығын­­дағы канализациялық сор­ғы стансаларын жаңғырту жо­басы бойынша 59 сорғының 23-і жаңар­тылып, пайдалануға берілді.

«Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде былтыр қаланың сол жағалауынан 14 қабат­ты үй­дің құрылысын бастауға 7 млрд 474,8 млн теңге бөлініп, биыл тағы жарты миллиардтан астам қаржы қаралды. Елбасы бас­тамашы болған бағдарлама бойын­ша биыл бұл маңнан 680 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға беріледі.

Қызылорда қаласының аз қам­тыл­ған көпбалалы отба­сы­ларға пәтер сатып алу мақ­са­тын­да мемлекеттік сатып алу қоры­тындысы анықталып, өнім берушіден 33 пәтер сатып алынды. Осылармен қатар СПМК-70 ауданынан құрылысы былтыр басталған 13 үй де биыл қолданысқа беріліп, қалада қо­ныс тойын тойлайтындар қа­тары артады.

– Жалпы, осы жылы қала бо­йынша 28 үй беріліп, 1500 отбасы жаңа пәтерлі бола­ды деп жоспарлап отырмыз. Жуырда 1 мамыр мерекесінде осы уақытқа дейін апатты үйді паналап келгендердің арасынан 20 отбасы жаңа баспана кілтін алды. Қазір қала бо­йынша 24 мың 810 азамат үй кезегінде тұрса, оның ішінде баспанасы апаттық жағдайда тұрған 234 отбасы бар. Биыл солардың 121-і, келер жылы 113 отбасы жаңа пәтерлі болады деген жоспарымыз бар. Одан бөлек, «Қызылордада неге 5 қабаттан биік үй салынбайды?» дегенді бәрі­міз де естіп жүрміз. Басқа өңір­лердегі құрылыстарды көр­ген­дер де осыны көп айтады. Бізде осы уақытқа дейін биік үйлер салған компаниялар бар. Құрылыс талабын сақтаса, бәрін салуға болады. Сондықтан биыл сол жағалаудан 9 қабатты 4, 12 қабатты 4 үйдің құрылысын бас­­тамақпыз. Қазір құрылыстың жобалық-сме­­та­лық құжаттамасы дайындалды. Жалпы, болашақта осы жаңа ауданға түрлі ны­сандар салып, абаттандыруға бел байлап отырмыз. Биыл онда көгалдағы хоккей алаңының да құрылысын бастаймыз, – дейді бөлім басшысы.

Сонымен қатар осы жылы облыс орта­лы­ғындағы СПМК-70 шағын ауданында 500 пәтерлі 10 тұрғын үйдің іргетасы қаланып, қала аумағындағы 24 көшеге мал­татас төселеді. Тасбөгет кен­тінде дене шынықтыру-сауық­тыру кешенінің құры­лы­сы жүр­гізіледі.

Өткен жылы жүзеге ас­қан жобалар қата­рын­да Бәй­терек ауданындағы көп бала­лы отба­­сы­ларға арнал­ған тұрғын үй­лердің инженер­лік комму­ни­кациялық инфақұры­лы­мын тар­ту, КБИ ауданын электрмен жаб­дықтау және Сабалақ, Арай аудан­дарына ауыз су желісін жет­кізу секілді жұмыстар бар.