Үндістанда коронавирус инфекциясының өршуіне байланысты плантацияның жүздеген жұмысшылары COVID-19 індетін жұқтырып, сырқаттанып қалған.
Індетпен қатар табиғи апаттар да зиян келтіріп тұр. Елдің басым бөлігінде қатты ыстық пен құрғақшылық үлкен мәселе тудырып отыр. Сарапшылар мұның бәрі егін жинауға кедергі келтіруі мүмкін екенін айтады. Осы бастан жұмыс өнімділігі азая бастаған секілді. Ал бұл өз кезегінде шай бағасының өсуіне әкелуі әбден мүмкін.
RG.ru келтірген деректерге сенсек, Үндістан әлемдегі ең ірі шай экспорттаушы мемлекет. Шикізат экспорты бойынша шай ел экономикасында екінші орын алады. Бұл елде өндірілетін өнімді негізінен импорттаушылар Иран, Ресей және АҚШ елдері.
Халықаралық сауда орталығының (ХСО) статистикалық порталындағы мәліметтерге үңілсек, ел 2019 жылы 813,8 миллион долларға шай экспорттаған. 2020 жылғы мәліметтер әлі жарияланбағанға ұқсайды.
Mintec аналитикалық фирмасы сәуір айында Калькутада өткен аукционда шай бағасы алдыңғы аймен салыстырғанда 40%-дан астам өсті деп есептеген.
Кейбір сарапшылар Үндістан шай экспортымен байланысты проблемаларға тап болса, басқа елдердің шай жеткізушілеріне мүмкіндіктер терезесі ашылады деп есептейді.