Аймақтар • 18 Мамыр, 2021

Батыс Қазақстан облысында жаңа су қоймасы салынады

968 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл жөнінде Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтың Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында белгілі болды деп хабарлайды Egemen.kz.

Батыс Қазақстан облысында жаңа су қоймасы салынады

Батыс Қазақстан облысы соңғы бірнеше жылдан бері су тапшылығын көріп келеді. Әсіресе бастауын Ресей Федерациясы аумағынан алатын Қараөзен мен Сарыөзенге келетін су мөлшері күрт азайып, облыстың оңтүстік аудандарында тұратын шаруалар ерекше қиындық көруде. Жаңақала өңіріндегі Қамыс-Самар көлдер жүйесі түгелге жуық кеуіп, экологиялық апат деңгейіне жақындаған.

Ел Президентінің тапсырмасымен Батыс Қазақстан облысына арнайы келген Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев өңірдегі су арналарының жұмысын да әуеден тексеріп шықты.

Министр әуелі Варфоломей су қоймасының жағдайымен танысты. Өңірдегі сушылар ведомство басшысына егістіктерге судың жетіспеушілігі мәселесі мен су қоймаларының ахуалы туралы баяндадады.

Орал қаласынан 440, Қазталов ауданының орталығынан 70 шақырым қашықтықта, «Кішіөзен» өзенінде орналасқан қойма мемлекетаралық мәндегі су торабы болып есептеледі. Қойма Сарыөзен суын Ресейдің Саратов облысы мен Қазақстанның Батыс Қазақстан облысына бөлуге, екі облыстың көлтабандарына су өз ағысымен баруы үшін су тірегін құруға арналған. 

Ал Қараөзенге Ресей Федерациясынан келетін су көлеміне тәуелділікті азайту үшін қазір жаңа су қоймасын салу жоспарланып жатқаны белгілі болды. Су қоймасы Қараөзен бойында, Қазталов ауданының Жалпақтал ауылында орналасады. Сонымен қатар, өңірдің оңтүстік аудандарына Қараөзен мен Сарыөзен арқылы тұрақты су жетіп тұруы үшін Еділ өзенінен 135 млн метр куб су алу мәселесі қарастырылуда. Бұл мақсат үшін республикалық бюджетттен 3,5 млрд теңге бөлу керек.

«Ресейдің Еділ өзенінен алынған су Варфоломей қоймасы арқылы Батыс Қазақстан облысының Жәнібек, Қазталов, Жаңақала аудандарындағы 1637 гектар тұрақты суармалы егістікке, 44018 гектар көлтабандық суару алқабына және 324700 гектар жайылымға жіберіледі. Бұдан бөлек, Батыс Қазақстан облысының оңтүстік аудандарындағы экологиялық ахуалды реттеп отыру үшін Айдын, Сарыайдын, Қаңбақты және Қамыс-Самар көл айдындарын су жіберіліп отырады. Су қоймасының сыйымдылығы – 23 млн метр куб» деп хабарлады Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі.