Әлем • 18 Мамыр, 2021

Норвегиялық «жасыл алпауытты» қалай оятамыз?

458 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Лондон. Климаттың жылынуына қарсы әрекет жасау кез келгенге, әсіресе экономикалық тұрғыдан мұнай өндіруге немесе оны сатуға тәуелді елдерге қиынға соғады. Декарбонизация көптеген елге жасыл индустриялық революция жасауға мүмкіндік берді. Десек те болашақтың осынау өркендеу жолына түскен елдер көбейген сайын, қазба отын активтерінің, технологиялардың, оның мүмкіндіктерінің құны жоғала бастайды.

Норвегиялық «жасыл алпауытты» қалай оятамыз?

Жұмыс орындары қысқарып, экспорттық кірістер азайып, мұнайға арқа сүйеген мемлекеттердегі индустриялық инновацияларға қауіп төнеді.  

Солардың арасынан табиғи газды экспорттау жөнінен әлем­де үшінші орын алатын Нор­вегия ерекше қиындыққа кезікті. Нор­вегияның өнеркәсіптік құры­лымы мен инвестициялары көмір­тегі негізіндегі өнеркәсіптер мен қыз­меттерге байланысты. 2019 жылы көмірсутектер жалпы экспорттың 36 пайызын құрады. Соған қара­мастан, елдің ішкі энергети­касы толығымен жаңғырмалы ресурс­тардан (гидроэнергетика) алынады. Яғни Норвегия экономикасы «жасыл индустрия­ға» көшуге да­йын. Тек мұнайға әлемдік сұра­ныс­тың төмендеуі салдарынан ел дамуының негізгі кілтіне кедергі келіп тұр.

Норвегиядағы «көміртегі бұ­ғауы» деп аталатын бұл жағ­дай «голландиялық «дерттің» симп­­томы. Экономиканың бір саласының өсіп-өркендеуі басқа сек­торлардың көпшілігіне бай­ланысты. Көмірсутектерге салы­­натын инвестиция басқа сала­ларға қарағанда әлдеқайда көп бол­ған­дықтан, нағыз білікті маман­дар осы салаға баруға тырыса­ды. Сонымен қатар мұнай-газ сек­торынан түсетін кірістің көпті­гі экономиканың қалған бөлі­гінде қымбатшылық пен жалақы­ның өсуіне әкеледі. Басқа экспорт­тау­шыларға қиындық туғызады.

Соның салдарынан Норвегия ЭЫДҰ-ға мүше мемлекеттер арасында 1990 жылдардың соңы­нан бастап шикізаттық емес экспорт бойынша халықаралық нарықта үлкен үлесін жоғалтқан елдердің біріне айналды. Кейінгі онжылдықта шикізаттық емес сау­да тапшылығы тұрақты түр­де өсті. Ал экономикадағы өнді­ріс­тік сектордың үлесі басқа скан­дина­виялық елдермен са­лыс­­тыр­ғанда жартысына дейін қысқарды.

«Жығылғанға жұдырық» демекші, Норвегия статистика басқармасының мәліметіне сүйенсек, елдегі энергетика секторына салынатын инвестициялар алдағы онжылдықта азаяды. Кейінгі онжылдықта осы салаға жыл сайын орта есеппен 170 миллиард норвегиялық крона (шамамен 20 миллиард доллар) инвестиция құйылса, 2025 және 2034 жылдар аралығында бұл көрсеткіш 60 миллиард норвегиялық кронаға дейін төмендейтіні күтіледі. Тіпті мұнайға қатысты шектеу саясаты болмаған күннің өзінде жағдай осылай өрбуі мүмкін.

Норвегияға жаңа индуст­рия­лық стратегия қажет екені анық. Таяуда жарияланған зерттеуде Норвегия мұнай секторындағы техникалық және қаржылық ресурстарды пайдаланып, «жасыл алпауытқа» қалай айналатынын ашып көрсеткен едік. Бірақ мұнай өндіруді тоқтатып, жасыл энергетикаға көшу өздігі­нен орындалмайды. Ең қиы­ны, мемлекеттік секторда батыл, бірақ мұқият әрекет ету қажет. Билік үдерісті төменгі деңгейде басқара алмайды. Өйткені бұл инновацияның жолын кеседі. Бірақ жұмысты толығымен нарық еншісіне қалдыруға болмайды.

Керісінше, билік нақты бағыт бел­гілеуі керек. Яғни кейіні­рек жеке ойыншыларды қызық­ты­ра­тын тәуекелі мол инвести­ция­лар­дың алғашқы кезеңдерінде инвести­ция мен жаңалық ашуға да­йын адамдарды марапаттауы тиіс. Норвегияның жағдайында, «жасыл индустриялық» страте­гия аясында елдің маңызды мем­ле­кеттік қаржылық ресурс­тары «жасыл энергетикалық» техно­ло­гияларға негізделген жаңа отан­дық индус­т­риялық базаға инвес­тиция салуға бағытталуы қажет.

Біріншіден, Норвегия әлем­дегі ең ірі әл-ауқат қорының қар­жы­­сын ішкі немесе жаһандық дең­­­гей­­де жасыл энергетикаға кө­шу­­­ге бағыттауы керек. Бір қы­зы­­­ғы, Нор­вегияның Statens Pensjon­s­fond Utland (SPU) қоры қа­­зір­гі таң­да жоспарлаған не жү­зе­­ге асып жатқан әлемдегі алпауыт қазба отын жобаларына ең көп ин­­­вес­ти­ция салған. Жақында жа­­рия­­лан­ған зерттеуге сүйенсек, осы жо­­­ба­лардың 12-сіне әлемдегі кө­­мір­­­­тегі бюджетінің төрттен үш бө­­­­лігі жұмсалатынын ескерсек, ж­­а­һан­­­­дық жылынуды 1,5 Цель­сий гра­­­дус­қа жеткізбеу қиынға соғады.

Бүгінде SPU мұнайдан түскен кірісті мұнай қорына аударып, шетелге инвестициялауды мін­деттейтін фискалдық ережелер бойынша жұмыс істейді. Кірістер кейіннен ішкі экономикаға кезең-кезеңімен қордағы акциялардың 3 пайыз жылдық орташа ставкасы бойынша жіберіледі. Қордың жылдық кірісі 3 пайыз екенін ескерсек, оны осы қарқынмен шексіз қолдана беруге болады.

Бұл саяси жаңашылдық үкі­метке қосымша табыс көзін ұсы­нып, мұнай өндіруден келетін инфля­ц­иялық қысымды шектеп, тиім­ділігін көрсетті. Бірақ қазір Нор­вегияға экономиканы әрта­рап­тандыру үшін ұзақ мерзімді қаржы қажет. Қазіргі бюджеттік-салықтық негіз мемлекеттік бюд­­­жеттен тыс ірі мемлекеттік ин­­вес­­тицияларды сақтауға мүм­­­кіндік береді. Сондықтан мұ­найға тәуелділік артып, елдің гол­лан­диялық ауруын күшейтеді.

Бұлай болмауы керек. SPU-ды отан­дық және жаһандық деңгейге шы­ғатын қуатты инвесторға ай­нал­­дыруға болады. Мұнайдан түс­­кен кірістерді мұнай қорына қай­­та капитал құю үшін пайда­лан­ғаннан гөрі, бұл қаражат жаңа­дан құрылатын мемлекеттік «Жа­сыл инвестициялық» банкке бағыт­талуы мүмкін. Оның жұ­мы­сы басқа мемлекеттік қор­лар­мен және «жасыл энергетикаға» ауы­су бойынша жұмыс істейтін агент­тік­термен үйлестірілуі мүмкін.

Норвегияның ұлттық инно­вациялық жүйесінің едәуір бөлігі қоғамдық меншікке тиесілі. Атап айтсақ, Норвегия мемлекеті ел­дегі мұнай өнеркәсібінің басты ком­паниясы Equinor-дің (бұ­рын­­ғы Statoil) 67 пайызына ие­лік етеді. Норвегияның мем­ле­кет­тік ком­па­ниялары бір кез­дері мұнай өн­ді­рісінің өнер­кәсіп­тік эко­жү­йесін құруда ше­шу­ші рөл ат­қар­ғанымен, олар «жа­сыл энер­гетикаға» көшуде жетек­шілік еткен жоқ. Табысын жаңғырмалы энергияға инвести­ция ретінде салудың орнына, Equinor 2019 жылы 2022 жылға қарай өз ак­цияларын сатып алуға 5 мил­лиар­д доллар жұмсайтынын мәлімдеді.

Коронавирус дағдарысы құ­был­малы энергетикалық на­рық­қа тәуелділіктің қиын­дығын көр­сетті. Даниялық энер­гети­ка­лық алпауыт Ørsted пандемияға қара­мастан, он жылдан бері жаңғырмалы энергетика көздеріне көшуді жалғастырып жатқанда, Equinor кірістер азайған тұста акцио­нерлер алдындағы міндет­темесін сақтау үшін дивиденд­терін азайтуға, көп қарыз алуға мәжбүр болды.

Даниядағы әріптесі секілді, Equinor мақсаты бар энер­гети­ка­­лық алпауытқа айналуы керек. Осы­­­­лай­ша, акционерлерге табыс­ты бө­ліп беретін компаниядан ел­­­дің эко­­но­микалық болашағына алаң­­­­дай­­­тын корпорацияға айналады.

 

Мариана МАЗЗУКАТО,

University College London университетінің инновациялар және қоғамдық құндылықтар жөніндегі профессоры, UCL Инновациялар және қоғамдық мақсат институтының негізін қалаушы директоры,

Райнер КАТТЕЛЬ,

UCL Инновациялар және қоғамдық мақсат институты инновациялар және мемлекеттік басқару кафедрасының профессоры және директордың орынбасары