Руханият • 19 Мамыр, 2021

Сана мен сапа

425 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстандық қоғамдық сана күрделі және шашыранды. Оған әлеуметтік-экономикалық саладағы түрлі келеңсіз үрдістердің теріс әсер ететіні сөзсіз. Сол үрдістердің бірі ретінде халықтың өз қажетін өтеуі үшін, негізінен, несие алуға тәуелділігін айтуға болады. Сондай-ақ нарық монополияланып, сыбайлас жемқорлық пен қылмыс бой бермей, басқару жүйесіндегі қабылданған шешімдерді іске асырудағы сапасыздық пен монополистердің сөз байласуы қалыпты жағдайға айналды.

Экономикалық тұрғыдағы дербестігінің жеткіліксіздігінен, кеш әлеуметтенуінен және жалпы азаматтық белсенділіктің төмендігінен қазақстандықтардың өз бола­шақтарына деген сенім деңгейі төмендей түскен секілді. Еңбек нарығындағы нақты ахуал­ға сәйкес келетін мамандар даярлай алмай отырмыз. Бұл өз кезегінде жұмыс­сыздықты көбейтті, бағаны тым асқақтатып, экономикалық дамудың сапасын нашарлатты. Еңбек ету дағдысы мен халыққа әлеуметтік қызмет көрсету сапасының деңгейі төмендеді.

Сайып келгенде, бәленің бәрі – әлеуметтік-экономикалық ахуалдың нашарлауынан, барлық салада істеліп жатқан жұмыстардың сапасыздығынан. Соның себебінен, жұмыс­сыздық, әлеуметтік түйткілдер тұрғындардың өмір деңгейі мен оның өзін-өзі сезіну мәсе­лесі мен көңіл-күйіне теріс әсер етуде. Жастар сапасыз білім алып, содан келіп жұмыс­сыздардың қатарын толтырып, қара­пайым жұмыстарды елемей, ауырдың үсті, жеңіл­дің астымен жүріп, тер төкпестен және жауап­кершілікті мойындарына артпастан, өз мамандықтарынан «жеріп», ақшасы мол қыз­метті іздеп, шетінен «бастық» болғы­лары келеді. Қазақстанның кез келген түкпірін­де шұрқ-тесік, ойқыш-ойқыш жолдар, қабыр­ғалары жарылып, есік-терезесі қисай­ған, шатыры ұшып, төбесінен су ағып, сылағы түскен, тіптен опырылып құлап жатқан жаңадан салынған үйлер кездес­еді. XXI ғасырда осындай тұрмыстық «ыңғай­сыз­дықтың» тауқыметін көріп, мал асырап, оны бағайын десе, өрісі тар ауылдар қаншама. Сапа тұрғысынан алғанда қалалардағы жағдай да мәз емес. Жаппай сапасыздық немқұрайдылыққа әкеліп, адамның пейілі бұзылып, жаны күйзеліске ұшырап, азаматтар саналы қадам жасаудан қалып барады.

Тұрғындарға көрсетілетін тұрмыстық қызметтердің сапасының көп жағдайда сын көтермеуі қоғамда әртүрлі теріс пікірлер тудырып, әлеуметтік желілерде жағымсыз ақпараттық кеңістік қалыптастыруда. Ол, өз кезегінде, қоғамдық ортаның әлеуметтік-мәдени негізіне көлеңке түсіріп, мемлекеттік басқару жүйесінің беделіне нұқсан келтіру­де. Өйткені адамдардың өздерін әлеумет­тік тұр­ғыда жақсы сезінуі олардың көңіл күйі­не, қазіргі және болашақтағы өмірлік жағдайларын субъективтік тұрғыда бағалау­ларына, материалдық жағдайы мен әлеуметтік мәртебесіне байланысты. Оның сыртында олардың кәсіби қызметі, құқықтық тұрғы­да қорғалуы және елдегі қоғамдық-саяси, этнос­ара­лық және дінаралық, одан қала берсе, эко­логиялық мәселелер тағы бар. Өз өмірі мен әлеу­меттік-қоғамдық үдерістерді сыни көзбен бағалау барысында қазақстандықтардың бо­йын оптимизм де, пессимизм де билейді. 

Осы көріністердің барлығының негізі, өкінішке қарай, барлық деңгей мен сала­дағы сапасыздықтың күнделікті өмірде, адам­дардың тұрмысында орын алып отырған­дығында жатыр. Бұл ақыр соңында елдегі әлеуметтік-психологиялық жағдайға теріс әсер етіп, түбінде әлеуметтік шиеленіс тудыруы мүмкін. Мұндай құбылыс мемлекеттілікке қауіп төндіретін, тіптен оған қарсы жұмыс істейтін өте жойқын және жымысқы күш болып есептеледі. Сапасыздық: қурап қалған ағаш пен тапталған көгал, шашылып жиналмай жатқан қоқыс, майысқан бағаналар мен қоршаулар, бір маусымға жарамсыз көшедегі жолақ сызықтар және тағысын тағылар. Бұлар көзге көрінетін сапасыздықтарды құра­са, қоғамдық өмірдің түрлі салаларында өз шешімдерін іске асырып, нақты нәтижеге қол жеткізе алмай жатқан мемлекеттік басқару органдарының қабілеттілігінің төмендеуін ұстап көруге болмайтын сапасыздық ретінде қарастыруға болады. Өйткені қолға алынған істің түпкі нәтижесі сапалық көрсеткіштер­мен емес, жалпы өндірілген өнім мен жалпы бөлінген қаржы және оның «толықтай игерілуімен» бағалануда. Ұлттық сана қалып­тастыру мәселесі ұзақ мерзімдік болған­дық­тан, уақыт ұттырмай, сапаны қолға алу ар­қылы Қазақстанды әлеуметтік жаңғырту барысында санаға сапамен біртіндеп әсер етіп, оны аздап демеп жіберген жөн болар.

Қалай дегенде де, бізге батыл да тиімді, мемлекетшіл қадамдар қажет-ақ. Бәлкім, сонда ғана заңның үстемдігі орнайтын күн туар.