Аймақтар • 19 Мамыр, 2021

Мемлекеттік орталық музейде «Музей түні» жобасы өтті

720 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыдағы Мемлекеттік орталық музейде «Халықарарлық музейлер күні» кәсіби мерекесіне орай «Музейлердің болашағы: қалпына келтіру және жаңғырту» ұранымен «Музей түні» онлайн-жобасы іске асырылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мемлекеттік орталық музейде «Музей түні» жобасы өтті

Аталған жоба музейдің қалпына келтіру ісі мен музейлік экспонаттарын көрсетуді, түнгі экскурсиялар мен дәрістер өткізуді қамтыды.

Қалыптасқан дәстүр бойынша бұл күні Орталық музей сағат 10.00-ден бастап 17.00-ге дейін Ашық есік күнін жариялады.

Мәдениет ошағы Алматы қаласындағы ЮНЕСКО Кластерлік бюросымен біріге отырып халықаралық аудиторияны қамтитын «Орталық Азия мен Әзейрбайжанның музейлері» атты халықаралық жоба ұйымдастырған болатын. Жоба аясында Орталық Азия музейлері мен Мемлекеттік орталық музейдің экспозициялық залдары мен бірегей коллекциялары көрсетілді.

Сондай-ақ биыл алғаш рет Орталық музейдің бастамасымен «Музей түні 2021» онлайн-жобасы аясында отандық музейлермен бірлесіп музейлік эстафета шымылдығы түрілгенін айта кеткен жөн.

Музей реставраторларының қатысуымен «Қалпына келтірудің құпиялары»  атты тренинг, сондай-ақ «Музейлік заттарды қалпына келтірудің негізгі қағидалары мен әдістері»  онлайн-дәрісі өнер сүйер қауым үшін таптырмас мүмкіндік тудырып отыр. Оның барысында музей реставраторлары өз кәсіби шеберліктерінің сырын ашып, кілем-киіз, зергерлік бұйымдар, қыш бұйымдары, мата мен кескіндеме сынды түрлі сипаттағы артефактілерді қалпына келтірудің қыр-сырын көрерменге паш етті.

Одан өзге, «Музей түні 2021» онлайн-жобасын іске асыру барысында музей қызметкерлері «Ғылым ордасындағы» Табиғат музейімен бірігіп «Палеонтологиялық экспонаттар мен  жануарлар тұлыбын қайта қалпына келтіру» онлайн-шеберлік сабағын өткізді. Реставраторлардың жұмысымен таныстырған жетекші ғылыми маман, б.ғ.к., Америкалық ғылым академиясының академигі П.А.Тілеубердина Қазақстан аумағын мекендеген жойылып кеткен ежелгі жануарлардың қаңқасымен таныстырды. Музейдің реставраторлары жануарлардың тұлыптарын қалпына келтіру мен палеонтологиялық артефактілердің муляждарын дайындау туралы айтып берді. 

"Музей түні 2021" онлайн-жобасы аясында «МАСАТЫДАЙ ҚҰЛПЫРҒАН…» көрмесінің негізінде кілем-тоқыма бұйымдарының дайындалу барысы көрсетілді (экспозицияға жан бітіру арқылы). Сонымен бірге  «б.з.д. ХІІІ-ІХғғ. Андронов мәдениеті дәуіріне саяхат» түнгі экскурсиясы көрермендер назарына онлайн форматта ұсынылды. Сондай-ақ Алматы қаласының сәндік-қолданбалы өнер шеберлері мен суретшілері, оның ішінде Күлән Жанғұтты, Тамара Волкова, Бердібек Шоқпаров, Рыскелді Мұсаев сынды белгілі мәдениет қайраткерлерінің қатысуымен «Шебермен сырласу» атты онлайн-кездесу өрбіді.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі дәстүрлі түрде ұйымдастыратын «Музей түні» жобасы онлайн кеңістіктегі көрермендерді мейлінше қамтыды.
«Музей түні» онлайн-жобасы Отандық жетекші арналар мен басылымдар арқылы ел аумағына тарады.