Үкімет • 20 Мамыр, 2021

Халық өтінішін орындаудың тиімді жолы

156 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Президентінің көмекшісі – Президент Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі Тамара Дүйсенова Сыр өңіріне іссапары барысында Достық үйіне келіп, мазмұнды жиын өткізді. Жиынға жобаны іске асыруға жауапты мемлекеттік органдардың – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, Әділет министрліктерінің, Бас прокуратураның және басқа да мекемелердің өкілдері, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Халық өтінішін орындаудың тиімді жолы

Жиында Тамара Дүйсенова мемлекеттік органдар жұмысының жаңа жағдайдағы жұмыс ерекшеліктері және өтініш берушілермен жұмыс сапасын арттырудың жаңа мүмкіндіктері туралы айтты. Енді «е-Өтініш» біртұтас ақпараттық жүйесі арқылы өтініш беруші дәлелдер келтіру және оларды зерделеуге қатысу және түсініктеме беру, қажетті құжаттарды ұсыну құқығына ие болады. Сондай-ақ мемлекеттік органнан алған жауабына қанағаттанбаса, оның жоғары сатыда тұрған органға шағым келтіруге және талап-арызбен сотқа беруге құқығы бар. Сынықты сылтау қылып, болмашы себептермен талап-арыздарды кері қайтару тәжі­рибесін тоқтату үшін сот өтініш беру­шілерге талап-арызды дұрыс жазуға көмек­тесетін болады. Судья «белсенді» және «сөй­леуші» болады, арызданушыға мүддесін қор­ғауда көмектеседі. Бұндай өзгеріс Латвия, Грузия, Молдова, Әзербайжан және басқа да елдерде сәтті іске асырылуда.

«е-Өтініш» қандай өзгерістер әкеледі? Өтініштермен жұмыстың идеологиясы өзгереді, іс жүзінде азаматтардың кез келген өтініші, оның құқықтарын жүзеге асыруға байланысты сот талқылауының мәні болуы мүмкін, дәлелдемелерді жинау бойынша міндеттерді жауапкер органға толық жүктейді, жаңа әкімшілік соттар құрылуда және сот органдарының рөлі түбегейлі өзгеруде.

Бірінші шілдеден бастап кезең-кезеңмен «е-Өтінішке» өту басталады. Азаматтардың өтініштері мемлекеттік органдарға біртұтас ақпараттық жүйе арқылы түсетін болады. Арызданушы өз өтінішінің қаралу барысын көріп отырады. Қарау мерзімі 30-дан 15 күнге қысқартылады. Қазіргі таңда орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар 100% ақпараттық жүйеге қосылған, ел көлемінде қанатқақты қолдану басталды. Ендігі кезекте халықпен жұмыс істеу жергілікті билік органдарына тікелей байланысты болады.