Қоғам • 20 Мамыр, 2021

Әлеуметтік баспаналар салынады

305 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бастапқы жарна мөлшерін өзгерту және көпбалалы отбасылар, жетім балалар мен ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға жеңілдетілген ипотека беру және өзге де өзекті мәселелер партиясы жанындағы Жұмыспен қамтуды және халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау жөніндегі жаңа республикалық қоғамдық кеңестің бірінші отырысында талқыланды.

Әлеуметтік баспаналар салынады

Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі жол картасы аясында биыл елімізде 17 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланса, оның 2,5 миллионы халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған. 2021 жылдың төрт айында 3,5 млн шаршы метр тұрғын үй немесе 28,9 мың пәтер пайдалануға берілді. Баспанаға мұқтаж адам­дар саны күн сайын өсуде. Бүгінде тұрғын үй кезегінде 562 мың отбасы тұр, оның 185 мыңының табысы отбасының бір мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен.

Индустрия және инфрақұры­лымдық даму министрінің бірінші орынбасары Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, оларды тұрғын үймен жедел қамтамасыз ету үшін жеке тұрғын үй қорындағы жалдау ақысының бір бөлігін Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары үшін 31 АЕК, өзге өңірлер үшін 21 АЕК және ауылдық жерлер үшін 15 АЕК мөл­шерінде субсидиялау ұсынылады. Соны­мен қатар вице-министр аз қам­тылған отбасыларға арналған баспана құрылысына жаңа көзқарас туралы айтып берді.

«Әлеуметтік осал отбасылар үшін тұрғын үйді пайдалануға бе­ру көлемі жылына шамамен 10 мың пәтерді құрайды, мұндай жағ­дай­да проблема тек 20 жылға жуық уа­қыт­тан кейін ғана шешіледі. Сон­дық­тан қаражатты әкімдіктер сала­тын үйлердің құрылысына емес, же­ке ин­вестицияларды тарту үшін ком­мер­циялық компанияларды субси­дия­лауға бағыттады. Жыл сайын 37 мың пәтер тапсырамыз және 5 жыл ішінде барлық аз қам­тыл­ған отбасыларды тұрғын үймен қамта­масыз етуге тырысамыз», деді Қ.Өскен­баев.

Тағы бір маңызды мәселе – ерекше қажеттіліктері бар адамдарға баспана беру. Бұл бағыттағы пәрменді тетіктердің бірі – ипотекалық несие беру.

«Отбасы банкі» басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, мүгедектігі бар 2 мыңға жуық тұлға мен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың банкте 19,6 млрд теңге сомасында несиелері бар. Мұндай отбасылардың жалпы сомасы 3,7 млрд теңгені құрайтын 10 мыңға жуық депозиті бар. «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында мүгедек балаларды тәрбие­леп отырған отбасыларға 13,8 млрд теңге сомасында 1,3 мың займ берілді. Биыл осы бағдарлама бойын­­ша халықтың әлеуметтік осал топ­тары 27 мыңнан астам өтініш жол­дады. Жартысынан көбі «толық емес отбасы» санатына жатады», деді Л.Ибрагимова.

Өз кезегінде Кеңес мүшесі Ирина Смирнова соңғы жылдары кезекте тұрғандардың саны артып, берілетін пәтерлер саны азайып бара жатқанын атап өтті. «Кезекте тұрғандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету баяу жүріп жатыр, сондықтан жыл өткен сайын кезек көбеймесе азаймай тұр. Мысалы, өткен жылы кезек 23%-ға ұлғайса, ал тұрғын үй алғандар саны 3%-ға азайды. Мұндай қарқынмен, кезектің соңында тұрғандар 80 жылдан кейін ғана баспана алады. Сондықтан мүгедектігі бар адамдар үшін тұрғын үй қорын ұлғайту қажет», деді И.Смирнова.

Еске сала кетейік, Nur Otan партия­сының сайлауалды бағдарламасы аясын­да 2025 жылға қарай 1 млн отбасы үшін 103 млн шаршы метр тұр­ғын үй беру міндеті тұр. Оның ішінде 284 мың көпбалалы және кедейлік шегіндегі отбасылар, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен жетім балалар бар.

Отырыс қорытындысы бойынша Nur Otan партиясы атынан кеңес мүшелері «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға бірқатар өзгеріс пен толықтыру енгізуді ұсынды. Олардың пікірінше, мүге­дек бала 18 жасқа толған кезде оның тұрғын үй алу кезегінің сақта­луын, әлеуметтік осал санаттар үшін тұрғын үй құрылысының көле­мін ұлғайтуды, «Нұрлы жер» мемле­кеттік бағдарламасында көзделген ең тө­менгі күнкөріс деңгейінің ше­гін көтеруді ескерген жөн. Бұдан бас­қа, әлеуметтік осал отбасыларға сатып алу құқығынсыз бұрын жалға бе­рілген тұрғын үйді олардың жекешелендіріп алуына мүмкіндік берілуі керек.